Спорт • 01 Қазан, 2021

Дзюдошыларымыз Сардинияға сапар шегеді

469 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

6-10 желтоқсан аралығында Италияның Сардиния аралында орналасқан Ольбия қаласында дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дзюдошыларымыз Сардинияға сапар шегеді

Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Азамат Мұқанов айтулы жарыста Шерзод Давлатов (60 кило), Мерей Марханбетов (60 кило), Әділ Марлен (66 кило), Нұрсұлтан Зайзағалиев (66 кило), Данияр Шамшаев (73 кило), Естай Серікболсын (73 кило), Аян Байазы (81 кило), Ермахан Әнуарбеков (90 кило), Бекарыс Сәдуақас (100 кило) және Аслан Мұхамеджанов (+100 кило) сынды шәкірттеріне сенім артып отыр.

Осы балуандар арасында ең танымалы ауыр салмақта күресіп жүрген 20 жастағы Бекарыс Сәдуақас. Ол Алматы облысы Кербұлақ ауданының тумасы, кадеттер арасында Азияның екі дүркін чемпионы, Азия мен Еуропа кубогы жолындағы жарыстарда бірнеше рет топ жарды. 2018 жылы Буэнос-Айресте алауы тұтанған жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының жеңімпазы. Жастар арасында да талай дүбірлі додаларда топ жарды. Міне, дәл осы сайыпқыранға Апеннин түбегінде өтетін жарыста үлкен үміт артылып отыр.