Әлем • 01 Қазан, 2021

Грузияға оралған Саакашвили қамауға алынды

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Грузияның бұрынғы басшысы Михаил Саакашвили ұсталды, бұл туралы ел премьер-министрі Ираклий Гарибашвили мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.

Грузияға оралған Саакашвили қамауға алынды

«Грузияның үшінші президенті Михаил Саакашвили ұсталды, ол пенитенциарлық мекемеге ауыстырылды», деді Ираклий Гарибашвили.

Ол экс-президентті ұстау операциясы кезінде тәртіп сақшылары «жоғары деңгейде» жұмыс істегенін атап өтті. Гарибашвилидің айтуынша, Саакашвилидің әрекеттері «Украинадан Грузияға дейін» бақыланып отырған.

 

Бұған дейін Саакашвили әлеуметтік желілердегі парақшаларына бейнехабарлама жариялап, Батумиге келгенін мәлімдеді. Грузияда оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланды. Елдің ішкі істер министрлігі Саакашвилидің мемлекеттік шекарадан өтпегенін хабарлады.

Михаил Саакашвили 2013 жылы елден кетіп, содан бері еліне оралмады.

Саакашвили Грузияға 2 қазанда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау басталған кезде келуді жоспарлап отырғанын айтқан.