Руханият • 03 Қазан, 2021

Орта Азияның тұңғыш саяси эмигранты

1688 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мұстафа Шоқай (Чокай, Чокаев, Чокай-оглы) – Ресейдегі және өзінің туған жері Қазақстандағы ең танымал тұлға, ғұмыры қысқа болған Түркістан автономиясының көшбасшысы. Қазақтың ақсүйек әулетінен шыққан Мұстафа Шоқай 1918 жылы жаңа билікті қабылдай алмай, 1921 жылдан 1941 жылға дейін Францияға қоныс аударып, сонда орнығады. Кеңес кезеңінде, 1930 жыл­дар мен 1940 жылдардың басында оған Германиядағы нацистік режіммен байланысып, ынтымақтастық орнатты деген айып тағылды.

Орта Азияның тұңғыш саяси эмигранты

Ал соңғы жылдары тарихшылар Қазақстан мен Тәжікстанда жүргізген зерттеулерінде Мұстафа Шоқайдың есі­мі тағылған айып пен кінәдан ада екенін дәлелдеп келеді. Қазақстан мен Францияда оған арнап орнатылған ес­керт­кіштер – кейінгі ұрпақ тағзымға ла­йық азаматтың өмірі мен қызметіне бер­ген заңды қорытынды мен жоғары баға.

 

Өнегелі өмір беттері

1917-1921 жылдардағы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Түркіс­тан Ұлттық Кеңесінің болашақ көшбас­шысы Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 жел­тоқсанда Сырдария өзеніндегі Әулие-Та­раң­ғыл ауылында, Қазақстанның қа­зір­гі Қызылорда облысының жерінде, көзі ашық ақсүйек отбасында дүниеге келген. Орыс мектебінде бастауыш бі­лім алып, 12 жасында Ташкент гимназия­сында оқуын жалғастырып, оны алтын медальмен бітірген Мұстафа 1910 жы­лы Санкт-Петербург Императорлық уни­вер­ситетінің заң факультетіне оқуға түседі.

Университет дипломын алғаннан ке­йін Мұстафа Шоқай 2 жыл Ресей Мем­лекеттік Думасының мұсылман фрак­циясының хатшысы болып қызмет атқа­рады. Жас саясаткердің ең маңызды же­тістігі Ташкенттегі Мемлекеттік Дума ко­­миссиясының жұмысына қатысуы бол­ды, нәтижесінде Комиссия басшысы Александр Керенский (Уақытша үкі­мет­тің болашақ басшысы) патшалық Ре­сейде үлкен сұрақ тудырған Түркістан хал­қының жағдайы және адамдардың нара­зылығының себептері туралы баяндама жасады. Бұл құжатты дайындауда жас заңгер Мұстафа Шоқайдың да үлесі бар еді.

1917 жылы Ресей империясында революция болып, өзгерістер басталды. Боль­шевиктер билікті басып алғаннан кейін Мұстафа Шоқай Түркістан авто­номиясы құрылған Қоқанға қоныс­тан­­ды, онда ол алдымен сыртқы істер де­пар­таментінің басшысы лауазымын ат­қарып, кейіннен автономияны бас­­қарды. Түркістан автономиясының Ке­­ңес­тік Ресей құрамына кіруін жақ­та­ған Мұстафа Шоқай «қызылдар» ұйым­дас­тырған қанқұйлы қырғын бас­тал­ған­нан кейін большевиктік режім­мен ын­тымақтастықтан бас тартып, Таш­кентте жасырынады. Онда ол болашақ жары – Пе­тербургтен шыққан ақсүйек Мария Горинамен танысады.

Большевиктердің қудалауынан жасырынып, 1919 жылдың көктемінен 1921 жылдың ақпанына дейін Мұстафа Шоқай Тифлисте тұрып, публицистикалық қыз­метпен айналысқан. Алайда большевиктер Закавказье демократиялық республикаларын құлатқаннан кейін, саясаткер үшін ең дұрыс шешім эмиграция екені анық болады.

 

Асыл азаматқа жала жұқпайды

Мұстафа Шоқайдың Франциядағы эмиграцияда өткізген жиырма жылы жарқын болғаны соншалық, оның БАҚ-тағы бейнесіне күйе жаққысы келгендер ол қатысқан талай іс-шара мен оқи­ғаның өңін айналдырып көрсетіп жатты. Олар, әсіресе, Мұстафа Шоқайдың 30-жылдардың аяғы мен 40-жылдардың басындағы әрекеттерін бұрмалап, толы­ғымен түрлендіруге тырысты. Жал­ған зерттеушілер оған тіпті Вермахт күш­терінің құрамында Түркістан легионын құру мен оны іс жүзінде жүзеге асыру идеясын таңған.

Дегенмен саяси эмигрантқа қастық ойлаушылардың шабуылдарын келесі құжаттарға сүйене отырып, оңай теріске шығаруға болады: Түркістан легионын құру туралы бұйрықты Гитлер 1941 жыл­­ғы 22 желтоқсанда шығарды, ал фа­шис­­термен ынтымақтасудан бас тарт­қан Мұстафа Шоқай 1941 жылғы 27 жел­тоқсанда қайтыс болды (кей мәліметтер бойынша ол уланған).

Шоқайдың нацистермен бірігіп, Түр­­кістан легионын құрғаны туралы тара­ған дақпырт сөзді 2000-жыл­­дар­дың басында Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ақтау мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның басшысы, КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Әмірхан Бәкіров жоққа шығарды.

Ол 2004 жылғы 28 сәуірде «АиФ-Қазақстан» басылымында былай деп атап өтті: «Мұстафа Шоқай туралы ашық баспасөздегі барлық материалдан бас­қа, мен Қазақстан Республикасы ҰҚК мұ­рағатындағы 40 томдық қылмыстық істі де талдап шықтым, онда оны «Отанға опасыздық жасады және фашистерге көмектесті» деп айыптайды. Бұл айып Түркістан легионы ұйымына негізделген. Менің ойымша, қасіретпен танылған Түркістан ұлттық комитеті мен Түркістан легионын ол құрмаған, оларды Қызыл Армиямен күресуге де ол жіберген жоқ. Ол туралы не айтылса да, 1941-1944 жыл­дардағы Түркістан легионы мен ко­митетіне Шоқайдың ешқандай қатысы жоқ еді».

Мұстафа Шоқай мен Ресей Федерациясы

Шоқайдың кеңес дәуірінің тарихшылары баяндаған өмірі мен қызметі ұлы тұлғаға арнайы тапсырыспен күйе жағуға тырысқандардың әрекетіне ұқсайды. Кеңінен таралған жалған ақпараттарды бірнеше «автор» біреуді қаралаудың барлық ережесіне сай өңдеп отырғандай, яғни олар мұрағаттан бір деректі алып, шындықты бұрмалап, оны өтірікпен шебер көркемдеп жеткізген.

Шоқай бірде-бір мұрағат құжатында фашистердің Кеңес Одағын талқандауына шақырған емес. Санкт-Петербургте білім алып, орыс және Еуропаның бірнеше тілін жетік меңгерген Мұстафа Шоқай Қазақстанның болашағын көршілес Ресей мемлекетімен байланыстырған.

Соңғы жылдары Мұстафа Шоқайдың қызметін зерттеген тәуелсіз Қазақстан­ның тарихшылары анықтағандай, 1917 жылы 27 қарашада Түркістан автономиясы жарияланған Қоқанда өткен IV Өлке мұсылмандарының төтенше құрылтайында сөйлеген сөзінде Мұстафа Шоқай: «Қазіргі жағдайда толыққанды мемлекет құру оңай емес. Оған лайық кадр да, тәжірибе де, келешек автоно­мия­ны қорғайтын қарулы күш те жоқ. Ресей қа­зір қаншалықты әлсіз болғанымен, ол бізден әлдеқайда қуатты. Біз Ресеймен достықта, бейбіт өмір сүруіміз керек. Осы­ған географиялық жағдайдың өзі ерік­­сіз итермелейді».

Кейінгі жылдар көрсеткендей, оның ішінде КСРО ыдырағаннан кейінгі ке­зеңде де Қазақстанның Ресеймен одағы мен достығы мызғымастай берік болып қала берді.

 

Қорытынды орнына

2020 жылдың қазан айында Өзбек­станда кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін құрбандарының өмірі мен жағдайла­рын зерттеу мен олардың есімдерін мәңгі есте сақтау үшін республикалық жұмыс тобы құрылды. Комиссияның жұмы­сы жарты жылдан астам уақытқа созылды және 2021 жылдың тамыз айының соңында Өзбекстанның Жоғарғы Соты ашық отырыста Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының жетекшісі құрбашы Ибрагимбекті ақтау туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Тәуелсіз Өзбекстанның Жоғарғы Соты­ның осы шешіміне дейін кеңес дәуірінде Тәжікстан, Өзбекстан және Ауғанстан аумағындағы басмашылар қозғалысының жетекшісінің есімі кеңес өкіметінің жауларымен теңестірілген.

«Бұл тұлғаның тағдырында Орта­лық Азия халықтарының күрделі де қа­рама-қай­шы тарихы 

көрініс тапқан. Тә­жікстанда, Өзбекстанда, Ауғанстанда Ибрагимбек біреу үшін жеккөрінішті ­баскесер, қаты­гез әрі сауатсыз жауыз адам. Ал басқалары оны ұлттық батыр ретінде мақтан тұтып, есімін үлкен мақтанышпен айтады», деп жазды тарихшы Камолудин Абдуллаев.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақ­тау процесі қазір Қазақстанда да жү­ріп жатыр. Камолудин Абдуллаевтың түйіндеуінше, Қазақстанның ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Мұстафа Шо­қай­ды Орта Азияның алғашқы саяси эмиг­­ранты деп атауға болады. Тәуелсіз Қазақ­станда басып шығарылған болашақ та­рих оқулықтарында оны дәл осылай атай­тынына еш күмән жоқ.

 

Андрей ЗАХВАТОВ, саясаттанушы, публицист

(Ресей)