Қоғам • 03 Қазан, 2021

Нан көтерілісі

597 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Большевиктер саясатына қарсы бағытталған Батыс Сібір шаруаларының көтерілісі туралы бүгінде сирек айтылады. Осыдан 100 жыл бұрын – 1921 жылы  Сібір өңірінде тонау, зәбір көрсету шектен шығып кеткені соншалық, бейбіт тұрғындар қолдарына қару алып, коммунистерге қарсы тұруға мәжбүр болды.

Нан  көтерілісі

Нан монополиясы

Революция тұсында «Жер – ша­руаларға!» деген ұранды кө­теріп шыққан большевиктерге қол­дау көрсетіп, олардың жеңіске жетуін қамтамасыз еткен бұқара халық кейін тап солардың өздері­не жем болды. Азамат­тық соғыс басталысымен, Оңтүстік Еділ бо­йының құнарлы жерлері «ақ­тар­дың» бақылауында қалды. Қой­малардағы азық-түлік қоры тез ортайып, елге аштық қаупі төн­ді. Осыдан кейін Кеңес өкіметі азық-түлік диктатурасын орнат­ты. Азық-түлік өндірушілерге егін­ді жинап, артығын сатуға тыйым салын­ды. Нанға мемлекеттік монополия қай­та орнатылды. Азық-түлік комис­сарлары ерекше құқықтарға ие болды, олар ауыл-ауылдарды аралап, тексеру жүргізді. Сонымен қатар жер-жерлерде кедейшілікпен кү­рес комитеттері құрылды. Олар азық-түлік отрядтарына көмекте­су мақсатында «кулактардың» жа­сырған азық-түлік қорларын із­­дес­тіріп, тәркіленген астықты, мал мен еңбек құралдарын қайта бөліп беруге тиіс болды. Қызыл гвар­дияшылардың қолдауымен ке­дейшілікпен күрес комитеттері шаруалардың қолдағы бар азық-түліктерін зорлықпен тартып алды. Бұл зорлық, әсіресе, «ку­лак­тарға» ауыр тиді. Олардан бір ғана астық емес, алдарындағы жылқыларын, ірі қара малдарын, аяқ киімдерін, жылы киімдерін, тіпті көрпе-жас­тық­тарын да сыпырып алды. Ша­руаларға араша түсетін ешкім бол­мады.

Астық заңы

Пролетариат көсемі В.И.Ле­нин 1920 жылы 20 шілдеде әс­кери коммунизм саясатының рухына сүйе­не отырып, Халық Комиссар­ла­ры Кеңесінің «Сібір аймағын­да­ғы ар­тық астықты жинау тура­­лы» қаулыға қол қойды. Жарлық­қа сәй­кес 1921 жылдың 1 наурызына дейін алты губерния – Үркіт, Омбы, Енисей, Семей, Алтай және Томбы аймақтары мемлекетке 110 миллион пұт астық тапсыруға мін­деттелді. Түмен губерниясы – 8,1 миллион пұт астық тапсыру қажет болды. Оның негізгі бөлігі – Есіл ауданына тиесілі болды.

Бұл жоспар тек нанға ғана емес, сонымен қатар ет, көкөніс, май, жұмыртқа, тауық, картоп, те­мекі, былғары, жүн, мүйіз, тұяқ, зығыр, кендір, жемшөп және киіз етікке дейінгі заттарға қатысты лимит енгізілді. Олар­дың барлығы 37 заттық тізімді құрады.

Бұл бір шаруа басына түскен ауыр жылдар еді. Билік халық тарапынан болатын наразылықтар­ды болжап, Сібір аймағына 11 мың адамдық әскерді шоғырла­дыр­ды. Жүйенің белгілеген тәр­тібі­не мойынсұнбағандар­ды және азық-түлік тапсыру мен мүлкін тәр­кілеуге қарсы шыққандарды конц­лагерьлерге айдап, оларды «Жұ­мысшы-шаруа рево­лю­ция­сының ісіне қарсы шыққан сат­қындар ре­тінде» жазалауды қолға алды.

Бірақ қолайсыз ауа райы боль­­­шевиктердің жоспарына тү­­зету енгізді. 1920 жылдың жазы Сібір өл­­кесінде жаңбырлы болып, күн­­­нің қызуы көтерілмеді. Бұл егін­нің ­бас алуына кедергі келтірді.

 

Нан жинау болжамы іске аспады

Жоспарлы азық-түлік жинау болжамы іске аспады. 1920 жыл­дың қараша-желтоқсан айында оның негізсіз екенінің беті ашыл­ды. Комиссарлар өз ба­ғы­ныш­тыларынан жоспарды кез кел­ген жағдайда орындау­ды та­лап етті. Жергілікті басшы­лар оны орын­дауға барын салды. Кейбір кіші бас­шылар үркі­ту, зәбірлеу амалдарын да қол­данды. Осы қылықтары үшін олар­дың кейбі­рі өмірімен де қоштасып жатты. Мәселен, Түмен губерниялық азық-түлік комиссары Григорий Са­мойло­вич Инденбаум округ орта­лығына циркуляр мәлімдеме жол­дайды. Онда: «Құрметті жол­дастар! Ке­ңес республика­сы үшін әдеттен ­тыс қиын сәтте мен Түмен губер­ния­сында азық-тү­лік жүйесі­нің бас­тауында тұ­руға мәжбүр бол­дым... Ауыл­дық жер­лердегі меншік жүйесін иге­руге қатысты бір сәт те тар­тын­­бадық. Жұмысшылар мен ша­руалар билігінің берік қолы сіз­дер арқылы жүзеге асуы тиіс... Мен осы тапсырылған бұй­рық­тарды бұзуға тырысқан жұ­мыс­шыларға қатаңдық танытып, аяу­­сыз шара қолданатын боламын». Мемлекеттік азық-түлік жи­нау жүйесінің аз болмағаны­на қа­ра­мастан, Инденбаум азық-түлік бө­лу­дің ішкі норма­сын да енгізді. Оған сәйкес азық-тү­лік түсімдерін тек кулактардан ғана емес, сонымен қатар орта шаруалар мен кедей-кеп­шік­терден де жинау тәртібі ен­гі­зілді. Инденбаум сонымен бірге бұл қатаң шараны бел­гілі бір аулаға, фермаға немесе жекелеген адамдарға емес, бү­кіл ауылға енгізу идеясын ұс­тан­ды. Комиссар осыған байла­ныс­т­ы өз ойын үнемі жеделхат­тар­­мен толықтырып, жер­гілікті жер­лер­ге жіберіп отырды. Он­да: «Қаты­гез және мейірімсіз болың­дар. Темірдей тәртіп орнатып, оны қуатты қолдарыңмен аяусыз жаныштап, барлық қарсы тежегіштерді жойыңдар...» деген.

Сонымен қатар Инденбаум­ға жергілікті жерлерден түрлі ма­­­ғы­надағы арыз-шағымдар да тү­­­­сіп отырған. Олардың бірі екін-­
­­­­шісінен үрейлі болған. Абат ауы­­­лының милиция бастығы бы­­­лай деп жазады: «...Уәкілетті азық-
түлік ор­гандары барлық ас­­­­тық­ты 1921 жылдың тұ­қы­мы ре­­тін­де және азық-түлік ре­тін­де де шы­ғаруға бұй­рық беріп отыр. Аза­мат­тар мұның ­салдары аш­­тық­қа әке­ліп соғатынына қат­ты алаң­­­дай­ды. Аудан халқының кө­­­ңіл күйі бұ­зылған. Азаматтар тол­­­­қу үс­тін­де, мұн­дайда көтеріліс­тің орын алу мүм­кіндігі болжа­нып отыр.

Инденбаум жағымсыз ақпа­ратты шыбын құрлы көрмеген. Ол азық-түлік жинау жүйесіне та­­бысты жоба енгізгені туралы Мәс­кеуге жеке Лениннің өзіне тура жеделхат жолдайды. Түмен губер­­ниясындағы жоспардың 102%-ға орындалғаны баяндалады. Бірақ оның қандай шығынмен орын­­далғаны туралы бір ауыз сөз ай­тыл­майды. Азық-түлік отряд­та­ры адамдардың аузынан соң­ғы бір үзім нандарын тартып алып, әйелдер мен қарттарды вин­­тов­­каның дүмімен ұрып, ауыр қам­­шымен соғып, жеңіл киім­де­рі­мен суық қоралар мен жертөле­лер­­ге қамап, сотсыз атып тастап отыр­ған.

 

Комиссардың ит өлімі

Қаны қарайған адам не істе­­мейді? Ондай жандар түн қа­тып, жемтігін аңдиды. 1921 жыл­дың ақ­пан айының басында бел­гісіз бі­реулер губерния бойын­ша тексеру сапарына шыққан Инден­баумды Тобыл тас жолында тоқ­тата­ды. Олар ат айдаушыны сол жер­де атып тастап, комиссар­ды арбадан сүйрей жөнеледі, жала­ңаштап, тірілей жон терісін сыпы­рып тас­тайды. Содан кейін қар­нын жарып, оған астық толты­рады. Ақыр соңында ашуға булыққан жандар қайың ағашын екіге жарып, арасына жар­тылай өлі Инденбаумды мыж­ғылап тығады.

Бұл қылмыс бойынша тергеу жүргізілмейді. Себебі Есіл ауданы билігінің оған мұршасы болмады. Шарасыздыққа ұшыраған шаруалар көтеріліске шығып, оның өрті Батыс Сібір өлкесін тез шарпиды. Округтер бірінен соң бірі көтерілісшілерге қосылады. Көтерілісшілер «Аштықтан өл­ген­­ше, оқтан өлген жақсы» де­ген ұранды көтеріп шығады.

Көтерілісшілер ауылдық жерлерде Кеңес өкіметін құлатып, тіз­гінді өз қолдарына алады. Ком­­­мунистер барлық қиыншы­лық­­тың себепкерлері болып са­на­лады. Олар­ға нағыз аңшы­лық жа­салады. Инденбаум сияқты, олар­дың қарындарына астық толтырылып, кеуделеріне «Азық-түлік жинау науқаны толық аяқталды!» деген сөздер ілініп қойылады. Олардың отбасы мүшелеріне де қиянат жасалады. Ашулы жұрт тіпті жүкті әйелдерге де аяныш білдірмейді. Халық «Ком­мунистерсіз кеңестер үшін!» ұра­ны аясында түрлі жиналыстар өткізіп, сөз бостандығын талап етіп шығады. Ең бастысы, олар ас­тық монополиясын жоюды және ша­руа­лардың өз еңбегінің жемісін өз­дері көріп, адал еңбегінің иесі болу құқығын қайтаруды талап етеді.

Көтеріліс үлкен аумақты қам­ти­ды. Алғашқы шеруге 100 мың адам қатысады. Көтерілісшілер Сі­бірдің ірі қалаларын басып ала­­ды. Шеру Тобыл, Көкшетау, Пет­­ропавл, Сургут, Қарқаралы өңір­­лерін қамтиды. Олар тіпті өздерінің штабтарын да құрады. Бірақ оларға ұйымшылдық пен 

жауынгерлік тәжірибе жетіспей­ді. Оларға қар­сы екі атқыштар дивизиясы, бірне­ше атты полк әскері, екі пулемет бата­льоны, төрт брон­ды пойыз жә­не мили­ция жіберіліп, олардың тағ­дыры ал­дын ала шешіледі.

Көтерілісшілердің негізгі күш­­тері 1922 жылдың басында же­ңі­ліске ұшырайды. Бірақ жеке пар­тизан отрядтары құрылып, ұзақ уақыт бойы ормандарда жа­сырына­ды. Олар кейін ұсталып, тергеу-тек­серіссіз көздері жойы­лып отыры­лады. Көтерілісті бас­қаннан кейін, би­лік бұрынғы ескі сүрлеуге түс­пей, азық-түлікті мен­шіктеу жүйе­сінен бас тартып, оны жаңа эконо­ми­калық сая­саттың басталуын біл­діретін заттай салықпен алмас­тырады.

Ол барлық зардаптарымен ха­­лықты божыратып жіберді. Егін шығыны да мардымсыз болды, ша­руалар күдікпен астықты өз­де­рінде ұстай бастады. Бұған жа­уап ретінде мемлекет адамдар­ды ар­тық астықтарын арзан бағамен са­туға мәжбүрлей бас­тады. Ақша құн­сызданып кетті. Шаруалар мұ­ның артын бағып, артық астық­та­рын сатуға пейілділік танытпады. Содан кейін билік астық мо­но­полиясын құрып, шаруалар қолын­дағы астықты күшпен тартып алуға көшті. Азық-түлік пен егіс­тік тұқымдыққа өте аз астық қал­дырды. Ол кезекті аштыққа ұласты.

 Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ