Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42-қадамын және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау үшін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. «Жеке тұлғалар бірінші жылы активтер мен міндеттемелер туралы кіріс декларациясын тапсырады, кейін негіздеме болса, жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынады. Алдымен мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мен жұбайлары декларация тапсырды, себебі бұл қызметкерлер оған дайын болды» дейді ол.
Мемлекеттік қызметкерлерден кейін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы кіріс декларациясын ұсынады. Одан кейін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бизнес өкілдері, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары жұбайларымен тапсырады. Соңғысы – 2025 жылдың 1 қаңтарында өтеді. Онда басында баспанасы, мүлкі бар барлық азамат декларациялаудан өтеді. Сөйтіп, бас-аяғы 13 миллион адам декларациялау жүйесіне қатысады.
Декларацияда азаматтар мынадай мәліметтерді көрсетуі тиіс: шет мемлекетте тіркелген не тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, көлік құралдары; шетелдік банк шоттарындағы айлық есептік көрсеткіштен 1000 есе асатын қаражат; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша сомалар; Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары; инвестициялық алтын; зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері; 10 000 айлық есептік көрсеткіш шегіндегі сомада көрсетілетін қолма-қол ақша;
Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тұрғылықты жері бойынша, яғни жеке тұлға тіркелген салық органына ұсынылады.
Декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті Cabinet.salyk.kz, «Электронды үкімет» порталы egov.kz арқылы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.
Табыс ету мерзімінің аяқталуына қарай, яғни 2021 жылғы 15 қыркүйекке қоса алғанда, декларацияны 497 мың адам тапсырған.
Қабылданған 512 мың декларацияның ішінде ең көп таралған өтінім беру тәсілі болып e-Salyq Azamat мобильдік қосымшасы анықталған, оның көмегімен декларациялардың 54%-ы ұсынылған. «Салық төлеушінің кабинеті» және СОНО арқылы – 40%, «Электронды үкімет» порталы арқылы – 5%.
Декларацияны қағаз түрінде ұсынғандар жалпы декларация тапсырушылардың 0,1%-ын құраған.
Жалпыға бірдей декларациялау кезінде мемлекеттік қызметкерлердің шетелде қанша банктік шоттары, жылжымайтын мүліктері мен көліктері бары есептелген. Ж.Іңкәрбаевтың мәлімдеуінше, декларацияны ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440-ында шетелдік банктерде жеке шоты бар. Цифрларға сенсек, қазақстандық шенеуніктер ақшасын Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Швейцария банктерінде сақтағанды тәуір көреді.
Сондай-ақ 494 жеке тұлға 26 елдегі 666 жылжымайтын мүлік объектісін декларациялаған, оның ішінде 436 объекті – Ресейде, 44-і – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 38-і Түркияда және т.б
1 030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1 198 көлік құралын құжатта көрсеткен. Ол көліктердің 292-сі – Ресейде, 235-і – Арменияда, 221-і – Жапонияда, 162-сі – Германияда болып шықты. Басқа да елдерде тіркелген көліктер бар. Бірақ ең көп көлік тіркелген елдер осы аталғандар.
Декларация тапсырған 47 азаматтың біздің елден тыс 57 заңды тұлғаға қатысу үлесі бар. Бұл Ресей, Кипр, Араб Әмірліктері сынды елдердегі кәсіпорындардың, мекемелердің акционері, құрылтайшылардың бірі деген сөз.
1585 жеке тұлға 11 елде 1 603 жылжымайтын мүлік объектісінің құрылысына қатысу үлесінің бар екенін көрсетті. Бұған қоса, 116 адам инвестициялық алтынды жариялады; 25 елде 918 адам бағалы қағаздары барын ұсынды; 635 инвестициялық пай қорларында 608 адамның пайы бар; 212 адамның 218 зияткерлік меншік, авторлық құқық объектісі бар; 355 адамның дебиторлық, 578 адамның кредиторлық берешегі бар. 1 704 жеке тұлға 2 327 нысанды сенімді басқаруға берген.
Бүгінде жалпыға бірдей декларациялау ережелерін түсіндіру үшін бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған. Жалпы жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға қатысты толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтының Kgd.gov.kz «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен алуға болады. Апта сайын сәрсенбі күндері Мемлекеттік кірістер департаменттері Zoom арқылы «сұрақ-жауап» форматында түсіндіру жүргізілетінін де естеріңізге саламыз.