Қазақстан • 04 Қазан, 2021

Мәдени байланыс нығайды

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазан айы Қазақстанда Беларусь Респуб­ликасының мәдениет күндері аясында елорда жұртшылығы «Керуен» ойын-сауық және сауда орталығындағы кинотеатрдан 10-нан астам беларусь фильмін тегін тамашалады.

Мәдени байланыс нығайды

Кино күндерінің шымылдығы режиссер Дмитрий Астраханның «Диверсанттың тағдыры» фильмімен ашылды.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қа­ты­настың іргесі берік. Соның ішінде мәдени қа­рым-қатынас та бар. Қазақстан Беларусьте өтетін ірі мә­дени-ағарту іс-шараларына белсене қатысып келеді. Одан бөлек, бізде мемлекет бюджетінен Бела­­русь елімен бірлесіп фильм түсіруге қаржы қарас­ты­рылған», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұр­ғиса Дәуешов.

Қазақстандағы Беларусь Республикасының Тө­тен­ше және өкілетті елшісі Павел Утюпин сол ел­де алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның мәде­ниет күндері аталып өтілгенін айтты. «Нұр-Сұл­тан қа­ла­сындағы мәдениет күндерін отандық фильм­дері­мізді ұсынудан бастаймыз. Қазақстандық кө­рер­мендерге тарихи, көркем және анимациялық фильм­дер көрсетілетін болады. Кинотуындылар қазақстандықтардың көңілінен шығады деп ойлаймыз. Сол сияқты фильмдерді тамашалау арқылы беларусь халқын жақынырақ тани аласыздар деген үміттемін», деді ол.

Сондай-ақ елшінің айтуынша, «Қазақфильм» мен «Беларусьфильм» бірлесіп «1941 жылдың жазы» атты тарихи фильм түсірген.

«Екінші дүниежүзілік соғыс – Беларусь пен Қазақ­станға ортақ қасірет. Тиісінше Жеңіс те – бүкіл КСРО ел­деріне ортақ. Өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысына атт­анған әрбір үшінші беларусь оралмады. Соғыс кезінде Бел­арусь аумағын азат ету жолында күрескен 80-нен астам қазақ­стандық түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды. Ұлы Отан соғысы тақырыбы ортақ болғандықтан Беларусь пен Қазақстан бірлескен жобаларды қолға алып жатыр. Соның бірі – биыл жазда «Қазақфильм» мен «Беларусьфильм» бірлесіп «1941 жылдың жазы» атты фильм түсірді. Жуырда тұсау­кесері өтеді деп жоспарланып отыр», деді Павел Утюпин. Аталған фильм қазақстандық партизан Әди Шәріпов туралы болмақ.

Бұдан бөлек, Беларусь мәдениеті күндері аясында Ұлттық музейде Беларусь жас суретшілерінің көрмесі ашылды. Көрмеге қазіргі Беларусьті бейнелейтін туындылар қойылған. Сонымен қатар Беларусь эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті.