08 Ақпан, 2014

«Мәңгілік Ел» идеясы білімнің арқасында жүзеге асады

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының

оқытушылары мен студенттері осындай ортақ пікірге тоқтады

01 (2)Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында ұстаздар мен студенттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауын талқылауға жиналды. Институт ректоры Қуат Баймырзаев Жолдаудың және «Мәңгілік Ел» идеясының маңызына тоқталды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың аяғында Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты тарихи Жолдауын жолдаған болатын. Биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биыл­ғы Жолдауында 2050 жылға дейінгі стра­те­гиялық мақсаттарды іске асыру, оның орындалу жолдарын көрсетті. Биылғы Жолдау да тарихи маңызға ие. Өйткені, осы құжатта Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын алға тартты. Болашақта әлемдегі озық 30 елдің қатарынан көрінуімізді мақсат етіп қойды. Ол үшін елде өте көп жұмыстар атқарылатын болады. Оны атқаратын бү­гін­гі жас ұрпақ, студенттер, ертеңгі мамандар, сіздер боласыздар, – деді Қуат Маратұлы. Мұнан кейін білім ордасының оқы­ту­шылары мен студенттері сөз алып, Жол­дау­ды талқылады, өз пікірлерін ортаға салды. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық Жолдауларында мемлекеттің мықты болуы білім мен ғылымды дамытуға байланысты екенін айтып келеді. Осы жолы да: «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Біріншіден, барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр» дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы атқарылар жұмыстарды саралап берді. «Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылғы 1 қаңтардан бас­тап стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын» деген сөзі бізге қанат бітіргендей болды. Бұл білім қуған студент жастар үшін әкелік қамқорлық емес пе? – деді таза қазақ тілінде сөйлеген шет тілдері факультетінің 4-курс студенті Алла Гаврина. Мұнан кейін ол Қостанай педагогика институтындағы студенттерге арналған әлеуметтік көмекке де тоқталып өтті. Көпбалалы отбасында өскен Алланың өзі де қазір жатақханамен қамтамасыз етілді, институт грантымен білім алуда. Мұнан кейін институттың оқу және әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Мұхтар Төлеген, тарих және өнер факультетінің 4-курс студенті Қазман Рәтбек, ғылым және шетелдермен байланыс жөніндегі проректор Еркін Әбіл, білім ордасының жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы Олжас Дүйсеков және басқалар Жолдауда айтылған маңызды мәселелерге өз пікірлерін қосты. Олардың барлығы да Қазақстанның дамып, 30 елдің қатарынан көрінуі үшін Елбасы тапсырған ғылыми қамтымды экономиканы дамыту, ғылымға білікті ғалымдар келу керектігіне тоқталды. Ал ғылым инемен құдық қазғандай білімнің арқасында ғана жалынан сипатады. Сондықтан Жолдауда Елбасы алға қойған мақсаттар үдесінен шығу үшін әр студенттің талмай ізденіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, жобаларды жүзеге асыруға белсене кірісу керектігі айтылды. Жас ұрпақ бойында білім негізін қалайтын болашақ ұстаз болғандықтан, педагогика институтындағы әр студент білімге деген құштарлығын да, еңбегін де еселеу керектігі туралы ортақ тоқтамға ұйыды. «Мәңгілік Ел» идеясы білімнің арқасында мүмкін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.