08 Ақпан, 2014

Жарқын болашақ бастауы

401 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше ғана табалдырығымызды аттап, төрге озған, қойны-қонышы құтқа толы Жылқы жылының ең басты жақсы жаңалығы, айтулы оқиғасы, тарту-таралғысы – Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы болды. Бұл Жолдау бұрынғы жолдаулардан өзгерек. Біріншіден, «Қазақстан-2050» Стра­тегиясының басым бағыттарын барынша нақтылап және бір сүзгіден өткізіп, миллиондаған жүректерге сенім ұялатып, тың серпін берді. Келешегіміздің кемел, болашағымыздың баянды болуын қамтамасыз ететін тарихи құжаттың күш-қуатын бүкіл әлемге паш етті. Екіншіден, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жария етілді. Айтыңызшы, Мәң­гілік Ел болуды армандамайтын ел бар ма, өзі. Ендеше, үміті үкілі, пейілі ақ, ниеті таза, арманы асыл, қиялы асқақ Қа­зақ Елі –  Мәңгілік Ел болуға әбден лай­­ық. Сонымен бірге, көптің көңі­лін күпті етіп жүрген осы бір күр­де­лі мә­се­ле­нің түйіні тарқатылып, тарих парағы­ның жаңа  беттері ашылды. Ен­ді Қазақ елі осы идеяның төңірегіне  жұды­рықтай жұ­мы­лып, ынтымақ пен бірлік туын биік ұста­нып, әлемдік бәйгеде ат оздыратын болды. Жолдауда ел тағдырына, ұлт бо­ла­шағына, мемлекет мерейіне қатысты толыққанды таразыланған тың ойлардың тізбегі тәптіштеліп айтылған. Көзден таса, көңілден тыс, ойдан жырақ бір­де-бір мәселе қалмаған, бәрі-бәрі тап-тұйнақтай қамтылған. Әсіресе, ел дамуының локомотиві – инновациялық-индустриялық жобалардың іске асырылуы, білім мен  ғылым, медицина мен әлеуметтік саланың әлеуеті, ауыл­шаруашылығы мен өнеркәсіптің өркен жаюы және де өмірлік маңызы бар басқа да мәселелердің бағыт-бағдары нақты  айқындалған. Мен өзім кәсіпкер болғандықтан, Жолдауда айтылған кәсіпкерлер туралы тағылымды ойларға, салиқалы сөздерге  аса мән бердім. Елімізде 800 мыңдай шағын және орта бизнес  ошақтары  2,5 млн. адамды жұмыспен қамтып, ел экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Елбасы өз Жол­дауында: «Мемлекеттің ең басты тетігі – қазақстандық шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай туғызу керек», деп және бір рет қадап айтты. Айтса айтқандай-ақ, Елбасы бизнестің алғашқы аяқ алысынан бастап осы күнге дейінгі қадамдарын бір сәт те көзден таса, ойдан жырақ қалдырып көрген емес. Біз, кәсіпкерлер Президенттің қамқор пейіліне дән ризамыз һәм қарыздармыз. Бизнестің өркендеуі – елдің көркейіп, өркендеуі деп білеміз. Өткен жылдың желтоқсан айында әсем Астананың Тәуелсіздік сарайында өткен «Индустрияландыру күні» форумына қатысып, Президентті көзбен көріп, айтқан сөздерін өз құлағыммен тыңдаған едім. Елбасы сөзіне елітіп, бойымды мақтаныш сезімі кернегенін қалай жасырайын. Сол жиында ел Президенті: «Шағын және орта бизнес иелерінің қалтасына қол сұққан шенеунік  жемқор ғана емес, ол ел болашағының ең қауіпті жауы», деп атап көрсеткен болатын. Иә,  өкінішке қарай, кәсіпкерлерге ке­дер­гі келтірушілер әлі күнге жоқ емес. Дегенмен, Президенттің бизнес өкілде­рі­не деген шынайы қамқорлығы мен ықыла­сының арқасында бизнестің бағы жана­тынына, өмірде өз орнын ойып тұрып алатынына кәміл сенемін. Елбасының Қазақстан халқына Жол­дауы – ұлы мұраттарды арқалап, ұлт­тық сананы серпілтіп, таңбалы тарихы­мыздың төрінен орын алды. Биылғы Жолдау – ХХІ ғасырдың бірінші жарты­сында Қазақ елінің жүріп өтетін қиын да сындарлы жолын, бағыт-бағдарын ай­қын­дап берді. Биылғы Жолдау – елі сүй­ген, елін сүйген Елбасының көре­ген­ді­гін, сарабдал саясат иесі екенін көрсетті. Ең бастысы, биылғы Жолдау әрбір азаматтың ел мен жер тағдырына бей-жай қарамай,  Қазақстанның болашағына аянбай еңбек етуге шақырды. Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ, кәсіпкер, «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы
Соңғы жаңалықтар