08 Ақпан, 2014

Ауадай қажетті құбылыс

281 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялағалы бері түрлі интеграциялық бір­лес­тік­тер мен әлемдік дең­гейдегі форумдардың орта­­лы­ғына айналуда. Еліміз­­­­­­дің сыртқы саясатындағы бұл құбылысты қалай бағалауға болады? Бұл сұраққа жауап беру үшін Қазақстанның соңғы жылдары жүріп өткен жолын әлемдік тәжірибемен салыстырып, саралап көру қажет. ин 6 Сонымен, 1990-жылдары Ке­ңестер Одағында ыдырау үрдіс­тері кеңінен қанат жайды. Балтық жағалауы елдері өздерінің іргелерін аулақ салып, Еуропа мәдениетінің бір бөлігі ретінде өмір сүре бастаса, елдің басқа бөлігінде түрлі этностық қақтығыстар мен дүмпулер орын алды. Бұл күрделі саяси жағдай кең ауқымды экономикалық дағдарыспен тұспа-тұс келді. Әрине, Кеңестер Одағының ыдыраудан басқа амалы қалмады. Өзін саяси-экономикалық тұрғыдан нашар менеджер ретінде көрсеткен бюрократиялық аппарат өзінен іскер, беделді әрі жас топтарға жол беруге мәжбүр болды. Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреуі осылайша 1991 жылы ТМД секілді құрылымды дүниеге алып келді. ТМД – Қазақстан ұсынған ал­ғаш­­қы интеграциялық жоба болатын. Кеңес­тер Одағының экономикалық жүйе­сі бір-біріне тәуелді, бірін-бірі толық­тырып отыратын, ыдыраған жағдайда көптеген қиындық тудыратын жүйе еді. Тәуелсіздік ала салып, ескі байланыстардан бас тарту Қазақстан үшін қиындыққа соғатын болды. Уа­­­­­қыт өте келе шикізат өндірісіне арқа сүйеген ел экономикасы біртіндеп дағ­­дарыстан шыға бастады. Алайда, Қазақ­станның интеграциялық бастама­лары көбеймесе, азайған жоқ. Неліктен? Елдің географиялық орналасуы – әр­қа­шанда интеграция немесе дер­­­­бес­тікке жетелейтін жол. Еуро­­­па мем­лекеттері екі бәсекелес топқа бөлініп, жаңа әлемді игеруге жол ашып, осы жаңа әлем үшін кең дәрежелі қақтығыс бастауға дайындалып жатқан ХХ ғасыр­­­дың басында Ұлыбритания өзі­нің гео­графиялық орналасуын тиім­ді пай­даланудың арқасында «тамаша оқшаулану» саясатын ұстануға мүм­кін­дік алды. Қазақстанның жағдайы, кері­­сінше, әлемдік мұхитпен байланысы жоқ мемлекет үшін көліктік инфра­құ­ры­лым әлеуеті өте шектеулі болып келеді. Шын мәнінде, көлікті инфра­құры­лым мағынасында да, эконо­микалық байланыстардың тиімділігі тұрғысынан да Қазақстан үшін ең жақын әріптес Ресей болып табылады. Әсілі, халқының саны аз, әл-ауқаты айтарлықтай жоғары емес мемлекеттердің даму қарқыны көп жағдайда өзге нарықтарға бизнестің икемделу мүмкіндігі мен жағдай жасау арқылы ерекшеленеді. Еуропалық Одақ секілді эконо­мика­­лық мағынада өте тиімді одақ құру үшін мемлекеттердің сыртқы эконо­ми­калық байланысында өзара айналым сауданың кем дегенде 60 пайызын құрағаны абзал. Әрине, Қазақстан үшін бұл жүзе­ге асуы мүмкін сценарий. Өйт­кені, бү­гінгі күні Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық әріптесі Ресей екен­дігі баршамызға мәлім. Ресей секіл­ді үлкен мемлекет Қазақстанның сырт­қы сауда айналымының 60 пайызын құра­мағанымен, ондай мүмкіндікке ие бола алады. Ал Беларусь болса, шикізатқа кедей ел болғандықтан, Қазақстан мен Ресейдің шикізатын тұтынуға мәжбүр. Интеграциялық үдерістер кең­ қанат жаюы үшін, жоғарыда атал­ған­дай, интеграциялық үдеріс­тердің тек тереңдеуі ғана емес, со­нымен бірге, кеңеюі де керек. Қазақстан жағ­да­йын­да бұл ин­теграциялық бірлес­тік­­тердің тиімділігі артып, өзара сауда айналымының өсу қарқыны жоға­рылауы үшін Кеден одағына жаңа мүшелердің қабылдануын қамта­масыз ету қажет. Бұл елдердің қата­рына Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Өзбек­стан қосыл­са ұтымды болмақ. Неліктен? Бі­рін­шіден, бұл мемлекеттер геогра­фия­­лық тұрғыдан Қазақстан секілді құр­лық­тық аймақта орналасқан. Яғни көлік­тік инфрақұрылымдардың дамуына кеңінен жол ашылады. Екіншіден, мемлекеттердің өзара сауда қар­қынын көтеру арқылы Кеден одағы өз ішіндегі тауар айналымын одан әрі кеңейтуге тырысады. Үшіншіден, Кеден одағының сыртқы шекараларының кеңеюі заңсыз еңбек миграциясын тоқтатып, ортақ еңбек нарығын қалыптастыруға тікелей ықпал ететіндігі сөзсіз. Бұл, әсіресе, еңбек ресурстарын экспорттаумен айналысатын аталған үш мемлекетке тиімді болмақ. Сонымен қатар, осы мигранттардың есебінен бюджетін толтырып, елін асырап отырған Тәжік­­­стан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттің азаматтарына Кеден одағы аумағында қауіпсіз әрекет ету мүмкіндігі туады. Ал білім беру жүйесінің ортақ стандарттарының айқындалуы мен өзара мойындалуы бүкіл кеңістікте еркін жүріп-тұруға жағдай жасары анық. Дегенмен, мұнда да бірқатар шешіл­меген мәселелер бар. Бірін­шіден, Қыр­ғызстан Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­на мүше мемлекет болып табыла­ды. Қыр­ғызстан – атал­ған Ұйымға кірер кезде осы Ұйым мүшелері тарапынан бел­гіленген төмен тарифтерді орнату арқылы өзінің өндірушілерін қорғау мүмкіндігінен айырылған мемлекет. Кеден одағы заңнамасына сәйкес ДСҰ шарттары Кеден одағы заңнамасынан жоғары тұра­ды және тікелей қолданылады. Қара­пайым тілмен айтқанда, Кеден одағы мемлекеттері ДСҰ-ға мүше бол­ғанда, олардың қабылдаған шарттары автоматты түрде Кеден одағының бас­қа мүшелеріне де қолданылады. Яғни Қыр­ғызстан төмен тарифтік саясат ұстанып, өз нарығын қорғамастан, сыртқы саудаға ашық деп мойындаса, Қырғызстанның Кеден одағына мүше болуы бұл режімді өзге мемлекеттерге де жаяды. Осылайша Қа­зақстан өз өндірушілерін қол­дау мүмкіндігін шектейді. Бұл мәселені шешудің негізгі жолы Қырғызстанның ДСҰ шарттарынан бас тартып, аталған ұйымнан шығуы болып табылады. Бұл жағдайда, әрине, Қырғызстан ДСҰ-ның өзге мүшелерімен тең дәрежеде сауда жасау мүмкіндігінен айырылады. Бірақ, ұтатыны да бар. Бірін­шіден, қырғыз экспортының негізгі бөлігі Кеден одағы елдерінің үлесіне тиесілі. Ал бұл елдердің өзара сауда режімдері Кеден одағы шеңберінде қабылданатын біртұтас нарық қағидаларына арқа сүйейді. Яғни, сауда мағынасында өзінің негізгі әріптестерінен Қырғызстан қосымша жеңілдік алу мүмкіндігіне ие болады. Екіншіден, Қырғызстандағы ауыр әлеуметтік шиеленістің салдарынан шетелге жұмыс іздеп шыққан мигранттардың негізгі бөлігі Кеден одағы елдерінде жұмыс табуда. Оларға байланысты ортақ саясат ұстану елге шетел валютасы мен белгілі бір дәрежедегі қаржының ағылуына жол ашады. Бүгінгі күні 2 миллионға жуық тә­жік азаматы, 5 миллионға жуық Өзбек­стан азаматы шетелдерде жұмыс істеу­ге мәжбүр. Үшіншіден, бұл одақ өз шең­берінде белгілі дәрежедегі мәдени және этностық теңдікті ұстауға ықпал етеді. Яғни өзге мемлекеттер тарапынан мәдени экспансияға ұшырау мүмкіндігін азайтып, шет елдерде де, өз отандарында да түрлі этностық топ­­­­­­тардың мәдени автономиясын сақта­уына және қалыпты дамуына жағдай жа­сайды. Өзбекстан, Тәжікстан секіл­ді шикізат экспортымен айналысатын мем­­лекеттер үшін бұл – транзит еркіндігі. Ал бұл одаққа Әзербайжан мен Түркіменстан қосылса, одақ­тастар әлемнің шикізат нарығын анықтайтын қуатты геосаяси бірлес­тікке айналуы ғажап емес. Яғни бөлек жүріп бәсекелес болғанша, ортақ сауда саясатын ұстану арқылы одақтас болудың тиімділігі айқын. Әрине, одақ деңгейінде емес, бірақ, әріптестік деңгейінде мұндай саясатты тиімді жүзеге асыра алған ұйымдардың қатарында Мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымын (ОПЕК) атауға болады. Бұл ұйым көп жылдар бойы әлемнің энергетикалық саясатын айқындады. Бірақ, осындай деңгейдегі одаққа айналу үшін аймақтың барлық мемлекеттері амбицияларын ысырып тастап, ортақ мүддеге тең дәре­жеде қызмет етуге атсалысуы керек. Тиімді, тең дәрежелі интеграция – эко­номиканың толыққанды ты­­­ныс алуына жағдай жасайтын біз­­­­­дің заманымыздағы ауадай қажетті құбылыс. Шыңғыс ЕРГӨБЕК, Абылай хан атындағы халықара­­­лық  қатынастар және әлем тілдері  университетінің проректоры.