Қазақстан • 04 Қазан, 2021

Әскерге шақыру ережелеріне өзгерістер енгізіледі

5479 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскерге шақыру ережелеріне өзгерістер енгізіледі

Мәселен, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы азаматтарға әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруды және одан босатуды берудің, оның ішінде бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды және әскери есептен шығара отырып, әскери қызметке жарамсыз деп танылған әскерге шақырылушылардың барлық жеке істеріне тексеру жүргізудің дұрыстығын тексереді деп айтылады.

Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы құжаттар мен шақыру комиссиясының қорытындысын тексеру нәтижелері бойынша әскерге шақырылушының есепке алу картасында әскерге шақыру комиссиясының шешімін бекіту туралы (Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің елтаңбалы мөрімен) немесе азаматты қайта куәландыруға жіберу туралы белгі жасалады.

Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруды немесе одан босатуды ұсыну тәртібі «әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну» мемлекеттік қызмет көрсету Ережесіне және «азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызмет көрсету Ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

«Әскерге шақырылушылардың шақыру комиссиясына дәлелсіз себептермен келмей қалған, сондай-ақ шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған барлық жағдайлар туралы қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың (бөлімдердің) бастықтары оларды іздестіру және шақыру пунктіне келуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына хабарлайды», - делінген құжатта.

Мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарған және әскерге шақыру кезеңінде әскерге шақыру медициналық комиссияларына болып табылмайтын әскерге шақырылушыларды іздестіруді ұйымдастыру және жүргізу үшін қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен ішкі істер органдары әскери міндетті атқарудан жалтарған азаматтарды іздестіру және олардың әскери есепке қою немесе әскери қызметке шақырылуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен қызмет жоспарларын әзірлейді, тұрақты жұмыс істейтін бірлескен топтар құрады.

Сондай-ақ, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандардан басқа, әскерге шақырудан босатуға құқығы бар әскерге шақырылушылар одан және мүдделі адамдардан тиісті нотариалды куәландырылған өтініштер ұсынылған кезде өздерінің қалауы бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылуы мүмкін екендігі айтылады.

27 жасқа толғаннан кейін әртүрлі себептер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған қазақстандықтар қорғаныс істері жөніндегі басқарма комиссиясының актісіне сәйкес медициналық куәландырудан өтпей-ақ запасқа беріледі.

Бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды деп танылған, сондай-ақ әскери есептен шығара отырып, әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдарға электрондық құжат нысанында мерзімді әскери қызметке шақырудан босату туралы қорытынды шығарылады.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке кейінге қалдырылған немесе одан босатылған барлық азаматтардың жеке істері зерделеу үшін шақыру комиссиясына жіберіледі.

Құжаттарды тексеру нәтижелері бойынша шақыру комиссиясы әскерге шақырылушының есепке алу картасында әскерге шақыру комиссиясының шешімін бекіту туралы немесе азаматты қайта куәландыруға жіберу туралы белгі жасайды.

Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамдылық санаты туралы шақыру комиссиясының шешімімен келіспейтінін мәлімдеген азаматтар да қайта куәландыруға жатады. Шақыру комиссиясының шешімі бекітілгеннен кейін запас бойынша есепке алу-әскери құжаттар ресімделеді.

Түзетулердің толық мәтінін «Ашық НҚА» сайтынан көруге болады, онда құжат 18 қазанға дейін жария талқылау үшін орналастырылған.