08 Ақпан, 2014

Бауырластыққа берікпіз

260 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
(Беларусьтен келген хат) Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңестен кейінгі кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің басты қозғаушысы екендігі ТМД аумағында ғана емес, бүкіл әлемде де жақсы мәлім. Бұл ойымыздың тағы бір дәлелі – Беларусь Республикасынан келген мына хат. Онда өлкетанушы Константин КОРНЕЛЮК екі елдің арасындағы ықпалдастықтың қандайлық нақты нәтижелерге жеткізіп отырғанын разылықпен сөз етеді. Мені, Беларусь Республикасының азаматы ретінде, Беларусь пен Қазақстан арасында қалыптасқан белсенді үнқатысу үдерістері қуантады: тұрақты негізде ең жоғары деңгейде сапарлар алмасу жүзеге асырылып, Беларусь пен Қазақ­­станның президенттері мен премьер-министрлерінің кездесулері өткізі­ліп тұрады. Мұндай кездесулер ТМД, ЕурАзЭҚ және ҰҚШҰ шеңбер­лерінде де әркез ұйымдастырылып жүр. Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Назарбаевтың 2012 жылдың ма­мырындағы Минскіге ресми сапары мен Беларусь Республикасының Премь­ер-министрі М.Мясниковичтің сол жыл­дың қарашасында Астанаға ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың стра­тегиялық сипаттарын қуаттап берді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қа­рым-қатынас сонау 1992 жылдың  16 қыр­­­­күйегінде орнағанын атап өткім келе­ді. 1997 жылы Қазақстанда Беларусь­тің елшілігі ашылса, 2002 жылдың шіл­­­де­сінен бері Алматыда елшілігіміздің бөлім­шесі жұмыс істейді. Ал Қазақ­станның біздің еліміздегі елшілігі 1995 жылы ашылды. Қазіргі таңда екіжақты ынтымақтастыққа келісімшарттық-құқық­тық негіз қалайтын жүзге жуық шамасын­дағы халықаралық келісімдер мен құжат­­тар­ға қол қойылған. Қазақстанның Беларусь­пен сыртқы сауда көлемі ТМД елдері арасында үшінші орын алатынын да ерекше атап көрсеткен жөн. Алғашқы екі орында Беларусьтің жақын көршілері Ресей мен Украина тұрғаны түсінікті болса керек. Соңғы жылдары Қазақстан аумағында Беларусь техникаларын шығаратын 13 құрастыру кәсіпорны құрылған. Оларда карьерлік және шахталық техникалар, тракторлар, комбайндар, қозғалтқыштар, лиф­­­­тілер, ауыл шаруашылығы техникаларына арналған тіркемелердің бірнеше түрі құрастырылады. 2011 жылдан бері «Бе­ларусь-3022ДЦ.1» тракторы мен ком­байн­дардың жаңа үлгілері шығарыла бастаса, олардың қосалқы бөлшектерін жасау бойынша да жоба жолға қойылып үлгерген. Қазіргі кезде екі ел арасындағы тауар айналымы мен қызмет көрсетулер көлемі 1 млрд. доллардан асып жығылады. Беларусь экспортының негізін көлік құралдары, ауылшаруашылық техникалары, сүт өнімдері, шиналар, жиһаз, қант, сондай-ақ, ағаштан жасалған бұйымдар, мұздатылған сиыр еті, пластиктен жасалған өнімдер, вагондар құрайды. Ал Қазақстаннан бізге болат прокаттары, өңделмеген алюминий, бидай, мыс ломдары, минералды аралас тыңайтқыштар, жүк көліктері, конвейерлік ленталар, мақта талшығы, фосфор қышқылының тұзы, подшипниктер импортталады. Өткен жылы екіжақты экономикалық қатынастарды белсенділендіре түсуге оң ықпал еткен бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарына Қазақстан іскер топтары өкілдері делегациясының сапарын жатқызуға болады. Оның алдында Астанада Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Беларусь-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының мәжілісі өтті. Екі ел Үкімет басшыларының қатысуымен Беларусь-Қазақстан Іскерлер форумы, Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы ынтымақтастыққа серпін қосқан Ынтымақтастық жөніндегі іскерлер кеңесі, т.б. шаралар ұйымдастырылды. Сөз ретінде, бұрнағы жылы Беларусь ұлттық техникалық университетінде Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы ресми түрде ашылғанын, артын­­­­­­ша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде Белорус тілі мен мәде­­ние­тінің орталығы ашылғанын айта кетейін. Әрине, Қазақстан мен Беларусь жас егемен елдер және түрлі бағыттарда қиындықтар жолды кес-кестейтіні де жасырын емес. Бірақ, белорустардың да, қазақтардың да еңбексүйгіш ұлт екенін ерекше атап көрсеткім келеді. Сондықтан біздің елдерімізді алда тек жақсылықтар күтетініне сенімдімін. Және де екі ел арасындағы тамыры тереңде жатқан достыққа ешкімнің ешқашан сына қаға алмайтыны тағы анық. Беларусь пен Қазақстанның тарихында ортақ тұстар көп, мәдени-рухани тамырлары да тереңде жатыр. Және біздің ХХІ ғасырдағы өмірлеріміз бақытты да бақуатты, интернационалдық тұрғыдан шын мәнінде берік болуы тиіс. Біздің болашағымыздың қандай болатыны әрқайсымыздың осы бағытта қаншалықты күш-жігер жұмсайтынымызға да тікелей байланысты болады деп санаймын. Беларусьте достыққа берік, ізгі ниетті адамдар тұрады. Біздің халқымыз қонақтарын қашанда құшақ жая қарсы алуға дайын әрі мәдениетімізбен, дәстүрлерімізбен жақын танысқанды қалайды. Беларусь Еуропаның кіндігінде орналасқандықтан, бес мемлекетпен – Ресеймен, Украинамен, Польшамен, Литвамен және Латвиямен шектеседі. Өзінің ыңғайлы географиялық орна­ла­суының арқасында Беларусь Еуропа мен ТМД елдері арасында маңызды сауда және көлік дәлізі болып табылады. Витебск облысы – Беларусьтегі 6 облыс­­­­­­тың бірі, елдің солтүстік-шығы­сын­да орна­­­лас­қан. Облысымыз әлем туристері үлкен қанағат сезімімен келетін «Көлді өлке» Еуроөңіріне кіреді. Облысымызда 2800-ден астам көл, 500-ден астам өзен бар. Брас­лав көлдері деп аталатын ұлттық парк құрылған. Витебскінің мәдени мұрасы да өте бай. 3 мыңнан астам археологиялық, та­рихи, мәдени және архитектуралық ескерткіштер бар. 3 София  соборының бірі осы Витебскіде орын тепкен. Бұл мону­мен­тальді ескерткіш Полоцкіде 1044-1066 жылдар аралығында Всеслав Брячиславич князьдің тұсында тұрғызылған. Біздің қаламыз атақты халықаралық «Славян базары» өнер фестивалінің отаны болып табылады. Мұнда онжылдықтар бойы жыл сайын Жер шарының түкпір-түкпірінен достарымыз жиналып тұрады. Бізге келіңіздер. Біз сіздерді қашанда құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Құрметпен, Константин КОРНЕЛЮК, өлкетанушы.       Беларусь Республикасы, Витебск қаласы.
Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40