Ел қызыққан ескі қала
Еліміздің ең көне қалаларының бірі саналатын шырайлы шаһардың 2200 жылдық тарихы бар. Құрамына тарихшы-ғалым, ұстаз Өмір Шыныбекұлы, этнограф-ғалым Мырзабай Омар, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева, журналист, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова, «Ontustik» телеарнасының басшысы Уәли Қыдыр, сондай-ақ бірқатар тарихшы мен ақпарат құралдарының өкілдері кірген экспедиция тобы Шымқаланың «Цитаделіне» ат басын тіреді. Шыны керек, соңғы жылдарда осы нысанға деген алабөтен қызығушылық байқалады. Ол түсінікті де. Тарихтан терең сыр шертетін шежірелі орын ортағасырлық қалалардың стиліндегі бекініс болып қайта қалпына келтірілді. Шымкент цитаделі тек үшінші мегополистің ғана емес, бүкіл еліміздің тарихи нысаны болып табылады. Қаланың ескі шаһарында аумағы 5,03 гектар болатын цитадель құрылысының бірінші кезеңі аяқталғанда, яғни өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев келіп көріп, тарихтан терең сыр шертетін шежірелі «Цитадель» қалашығы туристер мен қала тұрғындарын қызықтыратын, жастар рухани құндылықтарын арттыратын орынға айналатынын және ол күндер де алыс еместігін айтқан болатын. Жерасты археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған әрбір зат цитадель музейінің негізгі экспонаттары ретінде сақталып, қала тарихынан шынайы сыр шертеді. Цитадель қалашығында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр, галереялар, жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, ежелгі және ортағасырлық қаланың даму динамикасын сипаттайтын өзге де қызықты нысандар көп. Сондай-ақ ескі қалашық «ҚР туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы туристендіру картасының ТОП-50 нысанының тізіміне енгізілген. Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, XIX ғасырдың басында қоныстың ежелгі тұрғындары бұл жерді «Ескі Шымкент» (ескі қала) деп атаған және оның аумағы бірнеше есе үлкен болған. Шахристан мен көптеген рабады бар қалашық бірнеше шақырымға созылады. Уақыт өте келе қала өзгеріп, ежелгі қоныстың аумағы болған жерде құрылыс жүргізілген, яғни археологтер қорған тұрған жерде қазба жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды. Дәл осы жерде бекініс қабырғаларының іздері табылды.
Биыл мамырда шаhардағы ескі қала-
шық аумағында «Shymqala» этноауылы ашылып, жұмысын бастады. «Рухани жаңғыру» жобасы бағытында қолға алынған этноауылда ұлттық аспаптар, қолөнер, кілем-тоқыма бұйымдары шеберлеріне бөлінген киіз үйлер орнатылған. Онда бұған қоса алып тайқазан, киіз үй үлгісіндегі концерт залы, қолөнершілер ауылы орналасқан. «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясы келерден бір күн бұрын этноауылда туризм күніне орай мәдени іс-шаралар, қолөнер шеберлерінің көрмесі, шеберлік сағаттары, қойылымдар ұйымдастырылыпты. Экспедиция мүшесі, тарихшы-ұстаз Өмір Шыныбекұлы «Шымкент ескі қалашығы» тарихи-мәдени мұра ескерткіші Шымкенттен өзге еліміздің ешбір қаласында жоқ екенін айтады. «Біріншіден, ескерткіш 1864 жылдың қыркүйегінде Ресей отарлаушы әскері зеңбірекпен атқылап басып алған қамалдың дәл үстінде салынған. Екіншіден, ескерткішті салушылар тарихи деректерге сүйене отырып, қамалдың ХІХ ғасырдағы кейпін барынша сақтауға тырысқан. Қамал қақпасынан кіріп келе жатқан түйелі керуен, хакім сарайын күзеткен сауыт киген дулығалы сарбаздар мүсіндері қиялыңды тарих тылсымына еріксіз жетелейді. Тіпті қамалдың биік қабырғаларының үстіне сол замандағы зеңбіректерге дейін қойылған. Одан өзге алдына астық сақтайтын үлкен құмыралар қойылған құжыралар, оның ішіндегі ошақ, нан жабатын тандыр сізді ХІХ ғасырға апарып тастайды. Қамалдың шығыс жақ сыртында орналасқан жәрмеңке сізді бүгінде аңыз болған шығыс базарына енгізеді. Болашақта биік мұнара салынып үстіне телескоп орнатылса, келушілер күндіз қаланың үстінен тамашалап, түнде аспан әлемін бақылар еді. Сондай-ақ дәл осы жерден астрономия үйірмесін ашуға болады. Қаламыз туризм орталығы болсын десек, алдымен өзіміз турист болуымыз керек. Әлемнің көптеген қаласы түгілі, мемлекеттерін туризм асырап отыр. Мынау ескерткішті алдымен қала тұрғындары өздері көріп, насихаттамаса кімге өкпелейміз? – дейді Өмір Шыныбекұлы. Сондай-ақ ұстаз қала тұрғындарын ескі қалашықты барып көруге шақырып, бірқатар ұсынысын да білдірді. – Мектептердің дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері онлайн оқудың кесірінен балалардың мүлдем әлсіреп қалғанын айтуда. «Бұрын 6-7 айналым жүгіретін балаларды қазір 2 айналымнан артық жүгіртуге қорқасың. Тез ентігіп қалады», дейді.
Балаларды таза ауаға жиі шығару керек. Шымкент қаласының білім басқармасы қала мектептері тарих пәні мұғалімдерінің күнтізбелік жоспарына әр сыныпқа жылына бір рет осы ескерткіште сабақ өтуді қосуды ұсынса, өз басым қос-қолдап қолдар едім».
Сансыз бабтар мекені
«Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, баптардың бабы – Арыстан баб» деген тәмсіл ел арасында кеңінен таралып кеткен. XI ғасырда Сайрам ислам дінін қазақ даласына таратудың орталығы болып қалыптасқаны тарихи деректерден белгілі. Мұнда көптеген діни ұстаз бен ғалым тұрды. Осы себепті де «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясы киелі Сайрамның кесенелеріне зиярат етуді жөн санады.
Сансыз бабтар мекеніне келушілер әдетте ең әуелі Ибраһим ата кесенесіне ат басын тірейді. Ибраһим ата – рухани тәлімгер, діни көсем әрі осы өңірге танымал уағызшы, атақты сопы Қожа Ахмет Ясауидің әкесі. Тарихшылардың пайымдауынша, кесене XVI-XVII ғасырларда салынған, қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта XIX ғасырда қайта тұрғызылды. Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында биік төбеде орналасқан. Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, табысты жер өңдеуші болыпты. Халық арасында оның әулиелігі мен уағыз айту қабілеті жайлы аңыздар көп тараған. Мұқтаж жандарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарға ислам дінін уағыздады. Күмбез құлап қайта қалпына келтірілген кезде кесене төбесі ақ жапырақты қаңылтырмен қапталып, ортасына сүйір ұшты мұнара орнатылды. Халық арасында рухани азық беретін, арман-тілектерді қабыл ететін, адасқанға жол көрсететін, пана болатын, ауруды емдейтін, тынысты кеңейтетін қасиетті, киелі, әулиелі жер болып саналады.
Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енген және бір нысан – Қарашаш Ана кесенесі. Шымкент қаласы, Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орналасқан тарихи кесене ұлы уағызшы, сопы Қожа Ахмет Ясауидің анасына арналып салынған. Түркістандағы Ясауи кесенесін көруге ниеттенген адамдар, алдымен Ибраһим ата, Қарашаш ананың кесенесіне барып, зиярат жасайды. Қарашаш ана туралы деректер көп сақталмаған. Дегенмен түркі халықтары арасында даналығымен, білімімен, діни сауатымен, көрегенділігімен есте қалған жандардың бірі болғаны аңыз-әңгімелерде көп айтылады. Оны аналық қасиеттің белгісі ретінде құрмет тұтады. Толқын шашы қап-қара ұзын болғандықтан, ел арасында Қарашаш атанып кеткен екен. Өз дәуірінің көзі ашық, әдепті әйелі болған деседі, бала сүйе алмай жүрген әйелдерді емдеп, қасиет қонған алақанымен уқалап шипасын беруден жалықпаған екен. Сырқат емдеумен қатар, түс жори алған. Кесененің өзі порталды-күмбезді құрылыс. Құрылыстың мұндай типі бұл өңірде көп кездеседі. Ортағасыр дәуіріне жататын күмбездің алғашқы құрылысы ХІІІ ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынып, уақыт өте келе табиғи жағдайдың ықпалымен бірнеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынып, жан-жағы күйдірілген төртбұрыш кірпіштен қаланған. Сондай-ақ құрылыс барысында ағаш пен саз қолданылған. Кесене сапалы материалдан және ерекше ұқыптылықпен тұрғызылған. Екі ғасыр ширегінде негізі бұзылмаған деуге болады. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те шірімеді. Кесененің орталық бөлігінде мәрмәр тақтайшаларымен қапталған Қарашаш ананың бейіті орналасқан. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа мен Дәуіт қожаның бейіттері орналасқан.
Экспедиция мүшелері ислам мәдениетінен сыр шертетін бірегей нысан – «Қызыр» мұнарасына барды. Сайрам өңірі ислам дінін қабылдаған соң, елді мекеннің орталығында үлкен мұнара мен мешіт тұрғызылып, ел-жұрт оны «Қызыр» мұнарасы деп атап кеткен. Көзі ашық, көңілі ояу діндарлар Қызырды көзі тірі пайғамбарлардың бірі деп есептеген. Оның Қызыр атану себебі, ол отырған жердің түсі әп-сәтте жасылға айналады екен. Жасыл түс пен жер дүниенің көктеп, гүлдеуін араб тілінде «хезра» деген. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының менеджер-кеңесшісі Гүлнар Бекмұратова мұнараның биіктігі жер сілкінісі салдарынан 10,5 метрден қазіргі 5,7 метрге дейін шөккенін айтады. Шымшаһарды туристік орталыққа айналдыру мақсатында аталған нысандарды күтіп-баптауға үлкен мән берілуде. Осы орайда «Қызыр» мұнарасын зерделеп, реставрация жүргізу бағытында тарихшы-археологтермен бірлесіп жұмыс атқарылуда. Мысалы, Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің бастамасымен биылғы жылдың ақпан айында меценат Бауыржан Мырзатаевтың демеушілігімен мұнараның аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліпті. Ол тарихи жәдігерімізді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарына 15 млн теңге қаржысын салған. Айта кетейік, Шымкент қаласынан «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша республикалық маңызы бар 7 нысан енген. Соның бірі – «Қызыр» мұнарасы. Экспедиция мүшелері үшінші мегаполисте туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан тағы бір істен хабардар болды. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» конкурсы өткізіліп, медиа, IT-жоба, креативті архитектура, туризмдегі креативті қызметтер, қаланың қолөнер бренді және гастрономия салалары бойынша 70-тен аса өтінім түскен. Өтінімдердің басым бөлігі IT-жоба мен креативті сәулет салаларының үлесінде. Әр жобада Шымкент қаласын креативті қалаға айналдыру мақсатында шаһарда бұрын-соңды болмаған дүниелер де бар. Конкурс жеңімпаздары туризм күніне орай өткізілген форум-көрмеде марапатталды. Форум-көрмеде қаланың туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктері қарастырылған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, қала аумағында ежелгі Сайрам тұрғын алабында сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасының кесенелері орналасқандықтан да мамандар оңтүстік өңірінің сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алатынын айтады. Бәйдібек би ескерткіші, «Қазына» этно-кешені, Жайлаукөл саябағы, А.Асқаров атындағы дендросаябақта болып, Арбат алаңындағы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ақпараттық дүңгіршегі жұмысымен танысқан экспедиция мүшелері туризм саласына қатысты мағлұматтар алды. Мысалы, маусым айындағы мәлімет бойынша Шымкентте туристерді қабылдайтын 125 бизнес-нысан тіркелген. Оның ішінде бес жұлдызды 2 қонақүй бар.
Сондай-ақ қалада 1 904 қоғамдық тамақтану орны тіркелген. Басқарманың мәліметіне қарағанда, биыл бірінші жартыжылдықта Шымкент қаласына 158 224 турист келген. Оның ішінде 152 801 резидент, ал 5 423 резидент емес саяхатшылар. Туристердің басым көпшілігі – Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстанның азаматтары. Білікті мамандарды даярлау – бүгінде өзекті мәселенің бірі. Олай дейтініміз, Шымкенттегі 11 мемлекеттік колледждің тек біреуінде ғана туризм саласына қатысты мамандар даярланады екен. Индустрия және тамақтандыру сервисі колледжін өткен оқу жылында даяшы, аспазшы, кондитер, гид-экскурсовод мамандықтары бойынша 379 түлек оқу бітірген. Туризм саласының мамандары туризм индустриясын қалыптастыру үшін портьер мен даяшыдан бастап, қонақүйдің басшысы мен менеджеріне дейін қалада даярлануы тиіс екенін айтады. Сондай-ақ Шымкент қаласында туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеу – өзекті мәселе. Сала мамандарының пікірінше, бағдарлама қаланың туристік ресурстарын ашуы және олардың тиімділігіне баға беруге тиіс. Ең табысты экскурсиялардың сипаттамасын ұсынуы, сондай-ақ қазіргі кезеңдегі қаланың туристік әлеуетін дамыту перспективаларын анықтауы қажет.
Шымкент