08 Ақпан, 2014

Чемпиондарға – лайықты қошемет

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жылан жылы жетісулық спортшылар да Азия, әлем чемпионаттарында алтыннан алқа тағып, дү­бір­лі додаларда Қазақстанның көк байрағын желбіреткені мәлім. «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» демекші, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов спорт саласы бойынша өткен жыл жетістіктерін қорытындылап,  спортшыларға лайықты сый-құрмет көрсетті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады», деп  нақтылады. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында  облыстық бюджеттен 4 млрд. 860 млн. теңге бөлініп, Жамбыл ауданындағы  Аққайнар ауылында жаңа спорттық-сауықтыру кешені  пайдалануға берілді. Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы спорт мектебінің қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Талдықорған қаласындағы №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің «Еңбек» спорт залы, Ұйғыр, Қаратал аудандары спорт мектептері күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде Талдықорған қаласындағы «Жетісу» стадионы мен көгалдағы хоккейге арналған алаңдарда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде», дей келе, облыс әкімі бокстан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия, әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған  Жәнібек Әлімханұлы, грек-рим  күресінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатында алтын медаль, әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған  Нұрмахан Тінәлиев, ауыр атлетика бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Владимир Седов, суға жүзуден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан Виталий Худяков, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Азия чемпионы әлем чемпионатының қола жүлдегері Амангелді Сатыбалдинов  сынды спорт саңлақтары мен жаттықтырушыларының  жігерлерін жанып, патриоттық тұрғыда келелі әңгіме өрбітті. Кездесу соңынан қалыптасқан дәстүр бойынша  спортшылар облыс әкіміне  былғары доп және белбеулі кимоно сыйлап, естелікке фотосуретке түсті. Нұрбол Әлдібаев, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.
Соңғы жаңалықтар