08 Ақпан, 2014

Қойды қасқырға бақтырғанда...

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанайда есірткі саудасы және оларға «көкелік» жасағандар жөніндегі өткен жылы басталған «шулы» істің нүктесі қойылды. Әдетте, полицейлерге елдің ты­ныш­тығын қорғайды, қылмысты азайтуға атсалысады деп сенеміз. Ал полицей елдің, ұлттың, тіпті, адамзаттың болашағы үшін қауіпті дерт саналатын есірткі саудасының қыза түсуіне «атсалысса», онымен айналысатындарды «қорғап» отырса, оларды қой бақтырған қасқыр демегенде не дейміз? Қаншама өрімдей жастар полицейлер сыртынан «бас-көз» болып, «көкелік» жасап отырған есірткі саудасының құрбанына айналады. Облыста өткен жылы есірткі саудасымен айналысқан осындай үлкен топ құрықталып, соты бірнеше айға созылған еді. Қылмыстық топ 16 адамнан тұрады. Оның ішінде 6 әйел – есірткі тарататын жүгіртектер, ал он қылмыскер – шені сержанттан майорға дейінгі бұрынғы полиция қызметкерлері. Ең қауіптісі де осы, жас ұрпақты аздырар жұлынқұртқа айналған есірткі бизнесіне полицейлер кірісті. Ел кімге сенеді? Сот үдерісіне қатысқандарды қинағаны да осы ой еді. Ал Қостанайда есірткі тарататын ұйымдасқан қылмыстық топ бүгін ғана белгілі болып отырған жоқ, ол мұндай арам іспен, героин сатумен көп жылдан бері айналысып келген. Ақырында әділ сот олардың әрқайсысына қылмыс ауырлығына қарай жаза үкімін шығарды. Топқа жетекшілік жасаған Резида Асылбаева мен Алевтина Петренконың әрқайсысы 20 жылдан бас бостандығынан айырылды. Надежда Киселеваға – 10 жыл, Полина Середенковаға – 8 жыл, Любовь Осенниковаға – 10 жыл, Ольга Чебунинаға 8 жыл берілді. Ал есірткі бизнесіне «қам­қорлық» жасаған полицейлердің арасында жазаның ең ауырын, яғни 16 жылды полиция аға лейтенанты Нұрлан Әлмағанбетов арқалады. Одан кейін полиция аға лейтенанттары Ермек Оразақов, Самат Ермағамбетов, Риваль Ғазизуллин және полиция капитаны Серікжан Мұхамеджановтың әрқайсысы 15 жыл 5 айды темір тордың арғы жағында өткізеді. Полиция майоры Жангелді Еркебаев – 6, полиция капитаны Дмитрий Цой – 4, полиция майоры Арман Бозбалин – 4, кіші сержант Нұрсұлтан Шупов – 2 жылға, аға лейтенант Төлеген Наурызбаев – 5 жылға сотталды. Отанның, елдің, ата-ананың, мемлекеттің сенімін есірткіден келетін арам ақшаға айырбастаған олардың барлығы да 30 бен 40-тын арасындағы жігіттер. Алған білімін елдің игілігіне, отбасына, балаларының тәрбиесіне жұмсайтын, ақыл-ой тоқтатқан, толысқан шақтары. Еңбексіз келген ақшаға елік­кендердің өздерінің айтқан антына сатқындық жасағандары өкінішті. Ал есірткі бизнесінің осылай «дамуының» қаупі кімді де болса ойлантары хақ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.