Аймақтар • 05 Қазан, 2021

Комбайнға қажетті бөлшек шығарады

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарапайым ауыл агрономына мақта теретін комбайн жүргізушілерінің қажетті бөлшекті көрші елден алып жүргені ой салса керек. Зерделей келе комбайндарға аса қажетті «шпиндельді щетканы» ауыл аспай-ақ шығаруға болатынына көз жеткізеді. Сөйтіп пластикалық қалдықтардан, жалпақ тілмен айтқанда босаған баклашкалардан әлгі бөлшекті жасап шығарады.

Комбайнға қажетті бөлшек шығарады

Бүгінде Жетісай ауданына қарасты Жылы су ауылдық округінің тұрғыны Қозыбай Әше­ковтің өнімі сұранысқа ие. Ауыл шаруашылығы сала­сындағы білімін бизнеспен ұштас­тырған агроном ұлы Ал­тай­мен бірге пластикалық қал­дықтардан «шпиндельді щетка» мен қалыңдығы 1 мм болатын жіп шы­ғаруда. Бұ­ған дейін аталған щетканы көршілес Өзбекстан елінен тап­сырыспен алып келген комбайн жүр­гізушілері ауыл азаматының қолынан шыққан өнім сапасының жоғары, ба­ғасының арзан екенін айтады. Бір комбайнға 96 дана кететін бір маусымға жарамды өзбекстандық щетканың әр данасы базар нарығында 4 мың теңге болса, Қозыбай Әшековтің қолынан шыққан екі маусымға жарамды өнім­нің бағасы соның тең жартысы, яғни 2 мың теңге тұрады. Осылайша, отба­сылық бизнесті дамытып отырған Қозы­бай Әбдірашимұлы қолынан іс келе­тін ауылдың тағы бір тұр­­­ғынын жұ­мыспен қамтып отыр. Қолдағы бары­мен кәсіп аш­қан азамат алдағы уақытта мем­лекеттік қолдаумен несие алуға ниетті.

«Мемлекетіміздің жүйелі саяса­ты­ның нәтижесінде жыл сайын кәсіп­керлерге жасалатын мемлекеттік қам­қорлықтардың қатары артып, бері­летін несие­лердің көлемі де көбейіп келеді. Біз де сол бағдарламаларға қа­тысып, жеңілдетілген пайызбен несие алуды, алдағы уақытта кә­сібімізді кеңейтсек, өнім кө­ле­мін арттырсақ деген жос­пардамыз», дейді Қ.Әшеков.

Бүгінде кәсіпкер күніне 25 дана­ға дейін шпиндельді щетка жасауда. Өткен жылы 28, би­ыл 40-қа тарта комбайнға өнім дайындаған аза­мат­тар тап­­сырыстың күн санап артып отырғанын айтады. Сон­дай-ақ Қ.Әшековтің отбасы жылы­жай, бау-бақ­ша өсіру ісін де дұрыс жолға қойып, ауыл тұрғындарын жыл бойы көк­­өніспен қамтамасыз етіп келеді.