Экономика • 05 Қазан, 2021

Тыйым салынған өнімді елге кіргізбек болғандар анықталды

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы 24 қыркүйек пен 1 қазан күндері аралығында өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан аумағына басқа елдерден әкелу кезінде өсімдіктер карантині саласында 72 заң бұзушылықты анықтады, деп жазады Egemen.kz.

Тыйым салынған өнімді елге кіргізбек болғандар анықталды

Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде фитосанитариялық талаптарға жауап бермейтін карантинге жатқызылған келесі өнімдердің әкелінуіне тосқауыл қойылды:

- Ресей Федерациясынан 743 тонна бидай, арпа, картоп, ноқат, қызанақ, қияр, бұрыш, қызылша, баялды, алма, банан, кептірілген жемістер, 265 м3 ағаш материалдары және 10 479 дана шөпті өсімдік көшеті және гүл дақылдарының тамырлары;

- Қырғызстан Республикасынан 57,2 тонна алма, алмұрт, шырғанақ;

- Ауғанстаннан 10 тонна кептірілген өрік;

- Түркиядан 20 тонна кептірілген өрік;

- Өзбекстаннан 0,35 тонна жүзім, құрма, қауын тұқымы, жоңышқа тұқымы және 10 дана шырша көшеті.

«Нәтижесінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзуға жол берген тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3,8 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды. Негізгі бұзушылықтар фитосанитариялық сертификаттың болмауы, таңбалаудың болмауы және карантинге жатқызылған өнімді қайталама тексеруге ұсынбау болып табылады», делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар Қырғызстан Республикасынан 17 тонна алмұрт пен алма өнімдерін әкелу кезінде Қазақстан Республикасы үшін карантиндік объект - Шығыс жеміс жемірі (Grapholita molesta) анықталды.

Айта кетсек, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары өсімдіктер карантині саласында 4,9 мың заң бұзушылықты анықтап, нәтижесінде 367,1 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды.