Білім • 05 Қазан, 2021

«Серпін» бағдарламасы бойынша грант саны көбейеді

2663 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Серпін» бағдарламасын іске асырудың аралық нәтижелері туралы айтты, деп жазады Egemen.kz.

«Серпін» бағдарламасы бойынша грант саны көбейеді

«2020 жылы «Серпін» жобасы бойынша 2653 адам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде оқуын аяқтады. «Серпін» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 2018 жылдан 2021 жылға дейін 7707 адам оқуды аяқтады, оның ішінде 5526 адам жұмысқа орналастырылды (71,7%). 2018-2019 оқу жылына 931 адам оқу бітірді, оның ішінде 875 адам жұмысқа орналастырылды (93,9%). 2019-2020 оқу жылына 4123 адам бітірді, оның ішінде 3238 адам жұмысқа орналастырылды (78,5%). 2020-2021 оқу жылында 2653 адам оқуын аяқтады, оның ішінде 1413 адам (53,2%) жұмысқа орналастырылды», деді Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға.

Оның айтуынша, жоба түлектерін одан әрі жұмысқа орналастыру бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр.

«Кадрларды даярлау педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жүргізіледі. Жобаға қатысушыларды қабылдау квотасы мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінің 10% құрайды. 2021-2024 жылдарға ЖОО базасында «Серпін» бағдарламасы бойынша кадрлар даярлауға 20624 грант көлемінде  мемлекеттік тапсырыс бекітілді», деді вице-премьер.

«Сонымен қатар  «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында «Серпін» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс 2025 жылға қарай педагогикалық мамандықтар бойынша тағы 2000 грант беріледі», деп толықтырды Е.Тоғжанов.