Қазақстан • 05 Қазан, 2021

«Атамекен» экспедициясы тәуелсіздікке тәу етумен тәмамдалды

666 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің бастамасымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында қанат қаққан «Атамекен» ақпараттық-танымдық бірлескен экспедициясы аймақтардағы айшықты орындардың өткені мен бүгінін қалыптаған кең тынысты жоба ретінде көпшіліктің ықыласына бөленді. 

«Атамекен» экспедициясы тәуелсіздікке тәу етумен тәмамдалды

Мазмұнды жобаның Алма­тыда мәреге жетуінің мәні ерек. Себебі дәл осы мекенде Тәуел­сіздік туралы дек­ларацияға алғаш қол қойылды. Мем­лекет өміріндегі маңызы зор құнды құжат бүгінде Алматы музейінде сақтаулы тұр. Құрамына аталған қос басылымның қызметкерлері мен өзге де БАҚ-басшылары, атап айтқанда «Ана тілі», «Ақ желкен», «Ұлан», «Аргументы и факты» басылымдары, «Қа­зақ­стан», Хабар», «Алматы» телеар­наларының журналистері, ға­лымдар мен әкімдік өкілдері енген экспедиция мүшелері, ең ал­дымен, Республика алаңындағы Тәуел­сіздік монументіне гүл шоқ­­тарын қойып, боздақтар рухына тәу етті. Осы­нау атшап­ты­рым алаңда бір кез­дері бос­тан­дық деп бұлқынған қазақ жас­­тары­ның арман-аңсары арнасы­нан асып, бабалар үмітін жал­ғаған еді. Ұлт руханиятының ұясы­на баланатын шежіре ша­һар­дың есімі азаттық дейтін асқар ұғым­мен қатар аталуы да сон­дық­тан.

в

Тәуелсіздіктің 5 жылдығында орна­тыл­ған еңселі монумент Алтын-Адам мүсіні арқылы тарих пен ұлттық мәде­ниеттің мәйегін асқақтатып тұр. Ұзын­дығы 28 метрлік стеллада Жер-Ана, Көк-Дана және атқа мінген екі бала­ның мүсіндері ортақ ком­позицияға ұла­сып, қазақы танымнан сыр аңдатады. Ескерт­кіш бүйі­ріне ел тарихын баяндайтын құн­ды мәлі­меттер бедерленсе, монумент маңын­дағы су­бұрқақтар жаз айларында қала­ның тыныс-тіршілігін танытатын демалыс орнына айналады.

 

Кенесары кеңес құрған Көктөбе

Алматы тарихи ескерткіш­терімен қатар тұмса табиғатымен танымал. Күн санап аумағы артқан мегаполис елі­міз­дің әуе қақпасы екенін ескерсек, Алма­тыға келген жанның аңсары ең алдымен шың басындағы Шым­бұлақ пен Көктөбеге, мұзарт биіктегі меруерт Медеуге ауа­тыны анық. Алматының турис­тік әлеуетін танытатын бұл үш нысан аймақтың паспорты дерсіз. Әсіресе тоқсан ақын толғаса тіл жетпейтін Көктөбенің көркем кейпі көр­ген жанның көңілін бау­райды. Биік төбе басынан әсем ша­һар­ға маң­ғаздана қарап мұң шақ­қан ша­йыр­лардың арзу-арманы, ғашық­тардың аппақ тілегі, ай­ны­масқа серт берген адал дос­тар­дың ал­ғау­сыз көңілі жатыр мұнда...

Біз мінген шағын автобус қаланың Достық даңғылымен өрге тартып, экспедиция өкіл­дерін Көктөбеге алып барды. Айтпақшы, Көктөбеге қала іші­нен аспалы арқан жол арқылы да жетуге болады. Алматы аспанымен қалықтатып 10-15 минутта заңғар төбемен қауыштыратын жөнелту стансасының ұзын­дығы 1727 метр. Әсіресе қас қарай­ғанда қала шамдары жарқ-жұрқ етіп, бойыңызға шабыт пен қуат сыйлайды. Қаланың оң­түстік-шығысына қарай, Іле Алатауы бөктерінде орын тепкен төбе­нің абсолют биіктігі 1070 метр, салыс­тырмалы биіктігі 370 метрді құ­рай­ды. Аймақтың қай нүктесінен қара­саңыз да анық көрінетін Көктөбе телемұнарасы – кез келген жойқын жер сілкінісі­не төтеп бере алатын әлем­­дегі біре­гей көпқабатты мұнара. Те­ле­­­визиялық мұнараның ішін­де жоғары жылдамдықпен жүйт­китін жеделсаты да бар. Мұнара маңында бұдан бөлек шағын хайуанаттар бағы, түрлі аттракциондар, тамақтану орындары мен алма бағы орналасқан.

в

«Алматының маңайы тұнған тарих. Сол тарих көп айтыл­ма­ғаннан да көмескі тартып, түрлі дүдәмал пікірлер бой көрсетіп жүр. Ұлы Жібек Жолы бо­йын­да орналасқан жеті кенттің бірі Алматы. Заманында бұл өлкеде Бәйсейіт дейтін би болған. Бәйсейіттің тоғыз ұлы Алматыны ақтар мен қызылдардан қорғаған. Верный бекінісін салған. Сол Бәйсейіт Көктөбе басына шатыр тігіп, Кенесарыны күтіп алған деген де дерек бар. Бұл туралы тарихшы Мәмбет Қойгелді тереңірек біледі», дейді «Ана тілі» газетінің бас редакторы, публицист Қали Сәрсенбай.

Бізді Көктөбе тарихымен та­ныс­тырған маман да заманында Көктөбеде Жолбарыс хан кеңес құрғанын айтып қалды. Бұл тақы­рып жөнінде алдағы уақытта жеке мақала жазыла жатар.

Көктөбе демалыс алаңын­дағы «Қо­лы­на кәдесый ұстаған қыз» деп атал­ған композициялық бейнелеу өнер туын­дысы көзі­мізге оттай басылды. Кейін танып білгеніміздей, бұл қазақ сурет өнерінің сардары Молдах­мет Кен­баевтың қолтаңбасынан шыққан шығар­ма екен. Бір замандарда «Қазақ­стан» қо­нақүйінің алаңында тұр­ған туынды кезекті бір жөндеу жұ­мыстарында жо­йы­лып кете жаздапты. Құдай оңдап, мұны ұлы суреткер Кенбаевтың баласы көріп әкесінің шы­ғар­ма­сын сақтап қалса керек. Ке­йін­­нен белгілі кәсіпкер Еркін Қалиев сатып алып, Көктөбеге тарту еткен.

в

 

 Шымбұлақ па, Шыңбұлақ па?

«Атамекен» экспедиция­сы­ның келесі ат ба­сын тіреген жері – «Шым­бұ­лақ» тау шаң­ғысы курорты. Шым­­бұлақ – Іле Ала­тауы шат­қа­лында 2510 метр биік­­тікте орна­ласқан. Жай­лы климат, төбе­ден төгілген күн шуа­­ғы, тұрақты қар жа­мыл­­ғысы та­би­­ғат ананың таң­ға­жайып сыйы. Қыс хабары білі­не бастағаннан-ақ ел өңір­лерімен қатар алыс-жақын шетелдерден келген шаңғышылар мұнда ағылады. Қысқы спорт түрлерінің жанкүйерлері ғана емес, табиғат аясында демалып, тау жұпарын тамсана жұтқысы кел­гендерді де осы жер­ден кез­дестіресіз. Табиғат аясын­да ты­ныстауға таптырмас орын келу­­­шілерін үлкен шаңғы трассасымен тәнті етеді. Бір ғажа­бы, Шымбұлақтағы қалың қар қабаты желтоқсаннан сәуір айына дейін ерімей сақталады.

Тарихшы Асқар Селеубай мұз құрсан­ған алып шыңның атауы Шым­бұлақ емес Шың­бұ­лақ екенін, соңғы жүз жыл­дың кө­лемінде орыс тілінің ықпа­лы­мен сөзжасамдық тұрқы бұзы­лып, дыбыс үн­дестігіне қарай Шым­бұлақ аталып кет­кенін алға тарт­қан еді. Тіпті бұл ту­ралы Қазы­бек Бектің «Түп-тұқия­н­нан өзіме шейін» еңбегінде де ай­тыл­са керек. Расында, шым қалың өскен жер­ден бұлақ шы­ғуы мүмкін. Ал біз біле­тін Шым­бұлақ тау төбесінен ағып тұрған­дық­тан, мұздақ шыңда шым қалай өседі деген заңды сауал туындайды.

 

Әлемдегі ең тайғанақ мұз айдыны

Табиғи мұз айдыны ретінде 1951 жыл­дан бері пайдаланыла бастағанымен, «Медеу» спорт кеше­нінің негізгі нысаны 1972 жылы тұр­ғызылды. Сәу­лет­ті ғи­ма­ратты ерек­ше стиль­де салып шық­­қаны үшін құры­лысқа қатысқан В.З.Кацев, А.С.Қай­нарбаев, С.Б.Матвеев қатар­­лы он адамға 1975 жылы КСРО Мем­­лекеттік сыйлығы табыс­тал­ған еді. Мұндағы коньки­шілерге арналған жасанды мұз айдынының ауданы 10,5 мың метр, жарыс жолының ені 5, ай­налымы 400 метрді құрайды. Айдынның ортаңғы бөлігі – хок­кей ойынына және мәнерлеп сырғанауға ыңғайластырылған. 12,5 мың орындық кешенде 2 жүзу бассейні, спорт залы, мейманхана, асхана, кинозал, кі­тап­хана және баспасөз орталығы ор­на­ласқан. Жасанды мұз айды­нының астыңғы жағындағы биік­тігі 2,3 м 20 түрлі материал қа­ба­ты орасан зор темір бетон тақ­та­ның үстіне орна­лас­ты­рыл­­ған. Мұн­да ұзындығы 170 метр­­лік сал­қын­датқыш темір құбыр­лар тар­тыл­ған. Айдынның жарық­тануын 8 тұғырға орнатыл­ған 1600 қуатты шам қамтамасыз етеді. Ортадағы фотофинишпен бай­ланыстырылған жылдам жаза­тын электронды таблоның 30 мың­нан астам шамы 1 минут ішін­де 6 мың түрлі бейнені көр­­сете алады. Жасанды мұз­дың қа­лың­дығы жазда 3-4 см, қыста 10-15 см-ге дейін жете­ді. Алып мұз айдыны сенбі-жек­сенбі күндері 9 мыңға жуық әуес­қой конкишіні қабылдауға қау­қарлы. Тағы бір айта кетер жайт, ауа ылғалдығы мен күн ра­диусының тікелей түсуіне бай­ланысты «Медеу» әлемдегі ең тай­ғанақ мұз айдыны саналады. Айдын – кәсіби спортшы­лар үшін жаһандық рекордтар жаңар­тудың алаңы. Мұнда спринтерлік және классикалық көп­сайыс­тан, т.б. спорт түрлері­нен әртүрлі ха­лық­аралық жарыстар өтіп, дү­ние­­жүзілік рекордтар жаңарды.

Мұзайдынның атауы ертеректе Алматыда өмір сүріп, алма бағын өсіріп, жұртшылықтың алғысына бөленген Медеу Пұ­сыр­мановтың есімімен тығыз байланысты.

– «Атамекен» экспедиция­сының мақсаты – елдің өткенін тану. Алматыда қанша өмір сүрсек ­те, айналамыздағы кере­мет­­терге аса мән бере бермей­міз. Бүгін көп нәрсеге көзіміз ашыл­ғандай болды. Осы сапарды ұйымдастырған «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская Правда» басылымдары бүгінге дейін арқауы үзілмеген қазақ газеттерінің үлкен дәстүрін жалғастырды деуге болады. Туған өлке тарихын сөйлету әрбір үлкен басы­лымның міндеті десек, Тәуел­сіздік мерекесіне орай ұйым­дастырылған жоба өз міндетін толық орындады. Кейін­гі жылдары баспасөз­дің құны түсе бастады. Осы тұрғыдан алғанда «Egemen Qazaqstannyń»мұндай экспе­ди­­ция ұйымдастыруы өте жақсы деп ойлай­мын. Тарих­қа үңілмей, келешекке керуен тарта алмасымыз анық. Жал­пы, осы экспедицияға қатысқаны­ма қуаныш­тымын, – дейді «Ақжелкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы.

 

 Көне тарих көмбесі – Сақ қорғандары

Тасын түртсең тарих сөйлей­тін шежіре мекенде ежелгі адамзат өрке­ниетінің жауһарына баланатын көшпе­лілер мәдениетінің мәйегі жатыр. Баба тарихы­нан сыр шертетін аймақтың бірі – Боралдай сақ қорғаны тари­хи-мәдени аумағы. «Атамекен» экспедициясының мүшелерін мұнда Алматы қаласы Мә­дениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев бастап барды.

430 га аумақты алып жатқан қас­терлі орын қала қарамағы­на беріл­гелі тұтастай қорш­а­лып, ерекше қор­ғауға алынған. Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан қастерлі орында 47 сақ қорғаны мен 200 ден астам үйсін обасы бар. Аса үлкен қор­ғандардың биіктігі 10-14 метр­ге дейін жетеді. Ал диаметрі 80-150 метрді алып жатыр. Бір ғажабы, қаншама ғасыр өтсе де тарихи ескерткіштердің табиғи ландшафты барынша сақталған.

Ғалымдар елең-алаң тұстарда бұл жер тұрғын үйлер салынып табан астын­да қала жаздағанын, Кеңес өкі­меті тұсында сан рет егін егіліп, ауыл шаруашылығы мақсатында пай­да­ланылғанын айтады. Мұндағы қорымдар тарихы 2,5 жарым мың жылды құрайды деген болжам бар.

– Боралдай сақ қорғаны архео­­логиялық паркі – Алматы қала­сының назар аударарлық тарихи аумақтарының бірі. Қазіргі таңда бұл паркті арнайы көру­ге келген туристер саны артып келе­ді. Елбасының «Бола­шаққа бағдар: руха­ни жаң­ғыру» бағдарлама­лық мақа­ласы негізінде Алматы қаласы әкімдігінің қол­дауы­мен сақтардың өмірі мен дәс­түрін таныту мақсатында тұрғын үй­лер мен қорымдардың ма­кеті жасал­ған. Сонымен қатар Борал­дай қорымдардың өлшем­дері­не байланысты ж­ерлеу алаң­дарының интерактив­ті 3D картасы әзірленді. Бұл туристер үшін аумақты шолуға зор мүмкін­дік жасайды, – дейді Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Әнуар Үмбетәлиев.

Боралдай Сақ қорғандары бірер жыл бұрын «Қазақстанның қасиетті гео­графиясы» жобасы­ның тізіміне ілікті. Сонымен қатар қорғандарды ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары қатары­на қосу ұсынысы да жоспарланып жатыр. Бұл аумақ­қа жерленген адамдар негізінен тайпалық және діни көсемдер, даңқты қолбасшылар һәм сақ тай­паларының беткеұстар тұл­ғалары деген болжам бар.

«Атамекен» экспедиция­сы­н қорытындылауға арнал­ған бас­пасөз мәслихаты Ұлт­тық кі­тап­­­ханада өтті. Іс-шараны қоры­тын­­дылаған «Egemen Qazaqstan» АҚ Басқарма төрағасы­ның орынбасары Айбын Шағалақ экспедиция сапарының Алматыда меже­ленуінің символдық мәні барын атай отырып, осы бастамаға қол­­­дау көрсеткен Ақпарат және қо­ғам­­­дық даму министрлігіне, об­лыс­­тар мен Нұр-Сұлтан, Шым­кент, Ал­маты әкімдіктеріне қос га­зет­­тің атынан ризашылық білдірді.