Тарих • 05 Қазан, 2021

Жетісу өңіріндегі халық көтерілістері

1833 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында Жетісу өңірінде болған халық көтерілістері ауқымды да, әлеуметтік жағынан күрделі еді. Большевиктік билік орныққан соң, бас көтерген халық наразылығына 1920-жылдардағы астық жинау отрядтары, 1928 жылдан екпінді жүргізілген астық пен мал дайындау науқандары, түрлі салықтар, тұқым қорын жинау, 1929 жылы басталған күштеп ұжымдастыру себеп болды.

Жетісу өңіріндегі халық көтерілістері

Большевиктік ұғымдағы «бай» деген түсініктің айқындамасы да жыл өткен сайын түрленіп тұрды. 1928 жылғы тәркілеу туралы дек­рет бойынша Алматы округінде байлар санатына көшпелі аудан­дарда – 400, жартылай көшпелі аудандарда 300 ірі қарасы бар ша­руалар жатқызылса, 1930 жылғы О. Жандосов комиссиясы Іле және Шу өзендері бойындағы көшпе­лі ауылдарды тексергенінде 40-50 ірі қарасы барлардың өзі бай есебінде тәркіленгенін анықтаған. Егіншілікпен айналыспайтын, бар тіршілігі малға байланысты болған шаруалардың қолында 1 ат, 1 түйе, 10-ға жетпейтін қой қал­дырылған. 1928-жылдан бас­тап ерекше қаталдықпен жүр­гізіл­ген дінге қарсы науқан да шаруа­лардың ширығуына түрткі болды.  

Отандық тарих ғылымында жаппай шаруалар көтерілістері­нің бастауы ретінде 1929 жыл­ғы Бостандық, Батпаққара көте­рі­­лістері айтылып келді. Соң­ғы зерт­теулер шаруалар көтерілістері­нің ізашар оқиғасы 1928 жылдың сәуір айында Жетісуда, Талдықорған уезіне қарасты Қоғалы болыс­ты­ғының Аралтөбе казак ста­ни­­ца­сында болғанын, бірақ бұ­рын мүлде зерттелмегендігін көр­сет­ті. Аралтөбелік шаруалар ашы­­ғып отырған халықтан күш­теп жиналған астықтың әке­ті­луі­не қарсы шыққан. ОГПУ, пар­тия органдарының үлкен әбі­ге­ріне себеп болған көтеріліс ке­зінде шаруалар ауылды ба­сып алып, коммунист, комсомол­дар­­­ды қарулы күзетке алып, да­йын­­далған астықты ашыққан жұрт­­қа таратып берген. Кейін ас­тық­­ты тарату комитетін құр­ған кө­тері­лісшілерден 44-і соттал­ған. Олар ақталған жоқ. Бұл сот про­цесін ОГПУ ашық түрде көр­некі қылып өткізіп, наразылық себе­бін «кулактардың лаңы» деп тапқан.

Жетісу өңіріндегі халық көте­рі­лістері тарихының зерттелуін округтің бірқатар ауданы­ның «шекаралық» саналуы қиын­­датты. Алматы округінің Ала­­көл, Лепсі, Октябрь, Жаркент, Кеген, Талдықорған, Ақсу сияқты 7 ауданы Қытаймен шектесетін. Осы себептен ОГПУ ақпарларын­да бас көтерген көтерілісшілер топтары «ішкі банда», «шетелдік банда» деп жіктелді. «Шетелдік бандыларға» Қытай жерінен ше­кара бұзып келіп, жергілікті өкімет орындарымен қақтығысқа түскен көтерілісшілердің қарулы топтары жатқызылды. Қастек, Қордай, Кеген аудандарының босқындары Қырғызстанға бағыт алды. 1928 жылдың өзінде-ақ, Қарқара болыс­тығының ірі байлары Сырт тауларына жақынырақ қонып, тәркілеу басталған жағдайда осындағы Қақ­пақ тауларында жүрген қырғыз Жантай Омаровтың көмегімен Қытайға өтуді ойластырады. Ше­кара басқармасы мәліметінде Қы­тайдың Жаркент уезімен және Сырт тауларымен шектесетін айма­ғында жүрген Жантайдың Қыр­ғызстан АКСР-інің Қарақол ауданында танымал тұлға және ақсүйек тұқымы екені айтылған.

«ОГПУ-дің Орта Азиядағы өкі­летті өкілдігінің мәліметіне қара­ғанда, Жантай өзінің беделіне сүйеніп, осы жылдың мамыр айын­да елді Қытайға көшуге үгіттеді, соңынан қарулы адамдарымен Қарақол ауданының өздерімен бірге 300-ге жуық ірі қара, 1000 ұсақ жандықты айдап кеткен 30-дай отбасының шекарадан өтуі­не көмектесті. Жантай үгітінің ұраны: «Салықтар мен малды алу­дан құтылу». Осы мәліметтерге қа­рағанда Жантайдың банды тобы Сырт тауларын жақын жерде жүруі Қарқара болыстығының осы маңдағы байларының онымен қосылуын жеңілдетеді», делінген ақпарда.

Шекаралық аудандардағы тұ­рақты әскери бөлімдердің көптігі бас көтерген шаруалар мен бос­қын­дарды аса қиын жағдайда қал­дырды. 1930 жылдың көктеміне қарай көтерілген Алматы окру­гінің Бүйен Ақсу, Сарқан және басқа да аудандарындағы шаруа­лар көтерілістері тұрақты әскери бөлімдердің, соның ішінде әске­ри авиация көмегімен аяусыз жан­шылды. 1930 жылдың соңына қарай Сейітбаттал Түгелбаев жә­не Шоқан Елеусізов бастаған кө­терілісшілер тобы Қапалдан ше­гініп, кеңес-қытай шекарасына жеткен. Босқындарға жол-жөнекей Баласаз, Ащыбұлақ, Бүйен және басқа мекендер тұрғындары қосылған. 4 сәуірде көтерілісшілер қалың қарды омбылап тоқтаған Сарытау деген жерде оларды жазалаушылар отряды қуып жеткен. 4 сағатқа созылған шайқастан соң көтерілісшілер 68 адамынан өлідей айырылып, берілуге мәж­бүр болған. Олардан 28 винтовка, 6517 бас мал алынған. 517 көтері­лісші тұтқындалып, ОГПУ үшті­гіне берілген. Кейінірек олардың 108-і атылған. Осымен бір мез­гілде Талдықорғанға қолға түске көтері­лісшілерді пайдалану ар­қы­­лы ұсталған, Қызылағашты қор­шау кезінде белсенді болған 8 көтеріліс жетекшісі жеткізілген. Олардың арасында Мүкей Бола­тов, Құдайбергенов, Божанов жә­не басқалары болған. ОГПУ-дің 1930 жылдың 25 маусымдағы ақпарында Сарқанда Бүйен Ақсу ауданындағы көтерілісті ұйым­дас­тырушы Серік Марқұлов қамау­да жатқан жерінен қашып шы­ғып, қайтадан ұсталар кезінде қарсылық көрсетіп, өлтірілгені хабарланған. Тұрақты әскери бөлімдердің бейбіт шаруаларды қынадай қыруы Жетісудың шека­ралық аудандарындағы көтеріліс­ті жаншудың негізгі ерекшелікте­рі­нің бірі болды. (1-кесте)

Жоғарыдағы кестеден бір ғана Балқаш ауданының өзінде жан­шылған халық көтерілістері ке­лер жылдары өрши түскенін кө­руге болады. Сондай-ақ ОГПУ «ше­телдік банды» санаған шекара­лық аумақтарда қимыл жасаған көтерілісшілердің бірқатары Қы­тай билігінің тарапынан да қуғын­далған. Атап айтқанда, 1932 жылы Қытайдың Күре түр­месіндегі Жақыпберді Солтан­бекұлы бастаған 24 көтерілісші атылды. Олардың мүрделері Жа­манбұлақ қорымына жер­лен­ген. Атылғандарың үлкені – 47 жастағы Жақыпберді Сол­тан­бекұлы, ең жасы 16 жасар Тұр­сынбай Әубәкірұлы бол­ған. Жақыпберді бастаған 12 адамды да Күре түр­месіне әкеліп, сонда атады. 24 көте­рілісшінің мүрделерін жергілікті ұйғыр ауы­лы тұрғындары Жаман­бұлақ қорымына жерлейді. Атыл­ғандардың дені Пұсырман би ұрпақтары еді. Атылғандардың ішінде 22 жастағы ақын Әуезхан Белгібайұлы (1910-1932) Күре түрмесінде «Жақыпберді қис­са­сын» жазып, ол шығарма ел ішін­де ауыздан-ауызға кең та­ралған. Ал Қытайдағы КСРО Бас кон­сулдығының 1930 жылдың 16 наурызындағы мәліметінде Семей және Алматы округтері шекара аудандарында әрекет еткен Жәнібек туралы Қытай өкіметімен хат алысулар болғаны жазылған. Хаттар бойынша негізгі мәміле Қызыл армия мен Қытай әскерлерінің Жәнібекке қарсы бірлескен қимылы туралы болған. Бас консулдық Жәнібек «бандыларының» тонауынан кеңестік азаматтар мен кеңес ұйым­дарына келтірген орасан зор зия­нын» көрсеткен. Қытай жағы кеңестік дипломаттарға Жәні­бек отрядының қазір кеңестік тер­риторияда екенін айтып, жауап бер­ген. Әскерлерге Жәнібектің қай­тадан Қытайға өтіп кетуіне жол бер­меу тапсырылған. Жәнібекті тірі­дей ұстағанға 1000 лан уәде етіл­ген. Екіжақты қыспаққа түс­кен қазақ шаруаларының барар жер, басар тауы қалмағанын айғақ­­тайтын бұл ақпараттар ха­лық ба­сына төнген нәубеттің ала­патты ауқымын көрсетеді.

Көтерілісші шаруаларға қарсы тұрақты армия бөлімдері, авиация ғана шоғырландырылған жоқ. Сондай-ақ ВКП (б) арқылы саяси сенімділік белгісімен іріктелген қарулы бөлімдер – коммунис­тік отрядтар құру тапсырылды. 1929 жылдың 1 ақпанында өткен Алматы округкомы арнайы үш­тігінің №3 мәжілісінде округтік ко­митет хатшысы Морозов Өлке­комның коммунистік отрядтар ұйымдастыру және оның құры­­лымдық ережесі туралы құпия хатымен таныстырды. Үш­тік мә­жілісі комотрядтарды бар­лық аудан­да ұйымдастыруға, ал шек­ара­лық аудандарда әр отрядта 50 адамнан болуын қам­та­масыз ету­ге қаулы еткен. Бір­ден ұйымдас­тыру қолға алы­натын Алматы қала­сындағы ко­м­отрядқа 100 адам жинау, олардың 50%-ы коммунистер, 50%-ы комсомолдар болуы қажет деп шешілді. Алматы отрядына коммунистер мен комсомолдар­ды іріктеу Шымболатов пен Боча­гиндерге жүктелді. 10 ақпанға дейін құрылып, әскери дайындық жоспары бітуге тиіс бұл отрядқа жалпы басшылықты округтік әс­кери комиссар Фарафанов жа­сайтын болды. Қаулыда, сондай-ақ ОГПУ-ге тағы бес коммунист жіберу, окрсот Бековқа, окрпро­курор Ситарскийге, әкімшілік бөлім бастығы Тенякшевке ОГПУ бөліміне керегінше жақ­сы қыз­меткерлерін жолдау тап­сырылды. Ократком Задорожный тағы да қаржы бөлетін болды. Тенякшевке Алматы қаласындағы кеңес-ша­руа­шылық мекемелеріне тиесілі 2 авто­машинаны ОГПУ округтік бөліміне беру тапсырылды. Пар­тиялық құжаттарда халық көте­рілістерін жаншуда әскерилермен шектелмей, саяси жағынан сенімге ие жергілікті қазақтарды көптеп қосу талап етілді. Жетісудағы наразылықты қанға бөктірген тұрақты армия бөлімдері мен шекара отрядтары басшылығы коммунистік отрядтардың әскери дайындығына, қимылдарының нәтижелілігіне көңілдері толма­ғаны туралы мәліметтер сақталған. Қызыл армия бөлімдері, шекара әскері және комотрядтар Жеті­судағы халық көтерілістерді аяу­сыз басты. Алматы облысы өңір­лік комиссиясы тарапынан боль­шевиктік-кеңестік билік Же­тісу көтерілістерін жаншыған, бейбіт халықтың қанға бөккен қаралы мекендер тізбесін жасау мақсатында «Жетісудың шерлі та­рихы» жобасы аясында бірнеше экспедициялар ұйымдастырыл­ды.  (2-кесте)

1928, 1930, 1931 жылдардағы Жетісу өңірінің Бүйенақсу, Қа­пал, Қызылағаш, Балқаш, Қастек, Қордай, Шелек, Жаркент аудандарын қамтыған көтерілістердің ұйымдасу деңгейі, басқарушы тұлғалары, жаншылу жолдары күрделілігімен ерекшеленеді. Ауылшаруашылық статис­тика­­сынан 1928 жылдан бастап Же­тісудағы мал басының күрт ке­мі­генін көруге болады. 1929, 1930-жылдардағы ет дайындау жоспары, шаруаларды ет өнім­дерін тапсыруға мәжбүрлеген шарт­тасу мал басының ондаған есе кемуіне алып келді.

Біз архивтен кездестірген, 1930 жылдың аяғында жолданған деп шамалауға болатын Қайыпназаров деген әзірлеген құжат «Шекара аудандарының саяси және эко­номикалық жағдайы және ше­телге көшу туралы» деп атал­ған. «Шифр құқында, қайта­рылып берілуге тиіс!» деген белгі қойылған аса құпия хатта Семей, Алматы округінің 10 шекаралық ауданының жағдайы талданған. Құжатта: «Шекара бұзушыларға қарсы қатал шаралардың еш­қай­сысы босқындар ағынын кемі­тетіндей нақты нәтиже берген жоқ. Жүргізілген шаралар ең қа­ты­гез түрде болды: жыл бо­йына Іле округімен шекарада Қы­тай территориясына заңсыз өт­кісі келген 1000-нан артық адам өлті­рілді. Қызыләскер-ше­ка­рашылар тарапынан 10 адам шы­ғын болған. Ұрыс даласында өлті­рілгендер арасында еркектер мен әйелдермен қатар, балалар да болған», делінген. Шынайы сан бұдан әлдеқайда көп болды деуге негіз бар. 1930 жылы бос­қын­дардың кеңес шека­рашы­ла­рының қолынан қаза табу оқи­ғасы Қаратал ауданында да бол­ды. Сол жылдың қазан айы­ның басында күздің алғашқы қа­ры түсісімен қазақтар мен дүн­гендерден әртүрлі шекаралық аудан­дарда құралған 40-қа жуық отбасы Қытайға өтуге бел буған. Шыңжаңға Іле аңғары арқылы өтпек болған босқындар көшіне Текелі қаласынан бастап өкшелеп қуған шекарашылар отряды оқ боратады. Босқындардан 9 от­басы ғана құтылып, біразы оққа ұшып, тағы бір бөлігі тұтқынға түскен. Кейінірек бұл қанды оқи­ғаны тергеген жұмысшы-ша­руа инспекциясының бақы­лау комиссиясы ОГПУ тара­пы­нан бір-біріне кереғар мәлі­мет­тер берілгенін көрсеткен. Баянат­тар­дың бірінде өлтірілгендер саны 18, оның үшеуі бала, белгісіз мөлшерде әйелдер болғаны айтылса, екінші қызметкердің жа­уабында 19 адам көрсетілген.

Енді өңірлік комиссия тара­пынан зерделеу жұмыстарының нәтижелілігін арттыратын ұсы­ныстарға тоқталсақ. Шығыс Қазақ­стан облысына қарасты шек­ара­лық Аякөз, Үржар, Мақаншы аудандары 20-30-жылдарда Ал­маты округіне, облысына қара­ғаны белгілі. Екі облыста зерттеу жүргізіп жатқан өңірлік комиссиялар жұмыс топтарының өзара үйлесімді қарым-қатынасы маңызды. 1931 жылғы Аякөз көтерілісіне аудандағы тұтас бастауыш партия ұйымы қаты­сып, Қытайға босқан деректер бар. Қазір сол мәліметтерді то­лық­тыратын Шығыс Қазақстан об­лысы мұрағаттарының құжат­тарына мұқтаждық туып тұр. Шек­тесетін облыстар өңірлік ко­мис­сияларының өзара тиімді қа­рым-қатынасының зерттеулерге көмегі зор болар еді. Келесі ұсыныс Алматы округінен ірі байлар са­натында Орал округіне жер ауда­рылған 80-ге жуық әулеттің тағ­дырына қатысты. Қыс көзі қы­рауда жазықсыз жаза тартып, аш-жалаңаш босқандардың қаншасы Оралға барар жолда, қаншасы Орал маңында мерт болды. Оралға жеткендердің біраз бөлігі Сібірге айдалған. Шалтабай Құдайбергенов пен Шөжеғұл Қадырбаев айдаудан қашып келіп, Алматы округіндегі көтерілістерді басқарған. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы­ның өңірлік комиссиясының жұ­мыс топтары Алматы округінен жер аударылғандарға қатысты архив құжаттарымен, өзге де мәлі­меттермен бөліссе, жөн бо­лар еді. Алматы облыстық комис­сия мамандары өз тарапынан Ал­маты округіне жер аударылып, қуғын­далған Орал округінің ірі байлары саналған әулеттерге қатысты құ­жаттарды ұсына алар еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық сана­ны жаңғырту үшін айрықша ма­ңызды XX ғасырдағы кеңестік зұл­мат құрбандарын толық ақ­тау жөніндегі бастамасы келе­лі міндет жүктеп отыр. Сол мін­детті тиянақты жүзеге асыру та­рих­шылар қауымының, өлкетану­шы­лардың, БАҚ өкілдерінің, жалпы көпшіліктің үйлесімді іс-әрекетін талап етеді.

 

Еркін СТАМШАЛОВ,

Алматы облысы өңірлік комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының phd докторанты