Аталған іссапар өзбекстандық тараптың шақыруымен қызметтік-жауынгерлік әрекет бойынша тәжірибе алмасу және әр түрлі салада екіжақты ынтымақтастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Қазақстандықтар алдымен Өзбекстан Ұлттық ұланының Орталық аппаратында болып, Қолбасшы генерал-майор Рустам Джураевпен кездесті. Жүздесу барысында бірқатар құжаттар бойынша келіссөздер өткізіліп, құжаттарға қол қойылды.
Тараптар әңгіме-дүкен барысында негізгі мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, маңызды мемлекеттік нысандар мен жүктерді күзету, екі елдің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің біріккен арнайы-тактикалық жаттығуларын, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық ұланы Әскери институтымен білім беру бағдарламасын іске асыру бойынша тәжірибе алмасу мәселелері әңгіме арқауы болды.
Сапар аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан делегациясы Қоғамдық қауіпсіздік университетінде, Арнайы оқу орнында, Ташкент қаласының күзету бөлімінде, Кавалериялық эскадронда және тағы басқа нысандарда болып, қызметтік-жауынгерлік әрекеттің әртүрлі мәселелері бойынша Өзбекстан Ұлттық ұланының тәжірибесімен танысты.
Делегация басшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов ықпалдастық жоспарына қол қою кезінде екіжақты ынтымақтастықты дамыту, нығайту және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара әрекеттесу әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.
Тараптар, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық ұланы өкілдері кинологтарының жеке-командалық жарыстарына, бақылаушы ретінде күрең берет квалификациялық сынақтарына қатысуға, сонымен қатар таулы және арнайы-тактикалық дайындық бойынша Қазақстан және Өзбекстан Ұлттық ұландарының арнайы мақсаттағы жауынгерлері арасында тәжірибелік семинар-жиналысын өткізу туралы келісімге қол жеткізді.
Бұдан бөлек, Өзбекстан Ұлттық ұланының басшылығы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған әскери-үрмелі оркестрлер арасындағы халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней – 2022» фестиваліне және Қазақстан Ішкі істер минстрінің кубогіне арналған жекпе-жек ұрыс бойынша халықаралық турнирге қатысуға ынта танытты.