Қазақстан • 06 Қазан, 2021

Құқық қорғау жүйесінде болатын жаңа өзгерістер

277 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Полицияның сервистік модельге көшуі, сот жүйесіне жаңа кәсіби кадрларды тарту және сот төрелігін жүзеге асыру процесіне жасанды интеллект енгізу. «Әділетті құқық қорғау жүйесі» бағыты бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың осы және басқа да тармақтары Nur Otan жанындағы Құқықтық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.

Құқық қорғау жүйесінде болатын жаңа өзгерістер

Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев партияның сайлауалды уәделерін іске асыру аясында полицейлердің, атап айтқанда, әскери-тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің жалақысы – 55%-ға, қатардағы және кіші басшы құрамның жалақысы – 33%-ға артқанын айтты. Сондай-ақ тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесуде тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алуға құқығы бар лауазымдар тізімі кеңейтілді. «Ол тізімге кезекші бөлімдердің, айдауыл және кинологиялық қызмет бөлімшелерінің, патрульдік полиция бөлімшелерінің қызметкерлері, жалпы алғанда, 8 мыңнан астам қызметкер қосымша енгізілген. Бүгінгі таңда бұл әлеуметтік кепілдікпен ішкі істер органдары қызметтерінің 72%-дан астамы немесе шамамен 24 мың адам қамтылған. Сонымен қатар, өтемақы тұрғын үй төлемдерінің тетігіне ауыстырылды, яғни бұл – ипотека немесе тұрғын үйді кейіннен сатып алу арқылы жалға алу», деді М.Баймұқашев.

Бұдан басқа, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында «полицияның қадамдық қол­же­тімділігі» қағидатын қамтамасыз ету үшін Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп жаңа учаскелік полиция пункттерінің құры­лысын жалғастыруда. Алай­да биыл жоспарланған 78 учас­келік полиция пунктінің 26-сы ғана ашылды. «Учаскелік поли­ция пункттерінің құрылысы, сон­дай-ақ оны қаржыландыру жергі­лікті бюджеттің меншігінде. Біз жер­гілікті мәслихаттар мен әкімдік­тердің шешімдеріне тәуелдіміз. Ішкі істер министрлігі өз тарапынан 2023 жылға дейін өңір әкімдерімен тиісті меморандумдар жасасты», деді ол.

Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова Ішкі істер министрлігі жергілікті жерлердегі бюджет мәселелерін шешуде үйлестіруші рөл атқармаса, онда жаңа учаскелік пункттер пайда болмайды деп атап өтті. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлерде өткір мәселе дейді депутат. «Бір учаскелік полиция инспекторы 3-4 ауылға қызмет көрсетеді және олардың ешқайысында өзінің жеке баспанасы жоқ, көп жағдайда ол басқа жақтан көшіп келген адам. Оған әкімдіктің ғимаратынан кеңсе беріледі. Ал тұратын баспанасы, қарапайым ғана тұрмыстық жағдайдың өзі қарастырылмаған. Кейбір ауылдарда оған тұратын жердің орнына фермерлік шаруашылық ұсынылған. Бұл мүлдем дұрыс емес», деді Г.Бижанова.

Өз кезегінде судья қызметіне үміткерлерді іріктеудің жаңа тәртібі туралы Жоғары сот Кеңесі аппараты басшысының орынбасары Наиль Алмабаев айтып өтті. Оның айтуынша, биыл үміткерлердің жеке қасиеттеріне қойылатын талаптарды айқындайтын Судьялар құзыреттілігінің бірыңғай шеңбері енгізген.

«Партияның сайлауалды бағдар­ламасына сәйкес, судьялар корпусына кәсіби кадрларды тарту мақсатында біз конкурстық іріктеу рәсімін жүргіздік, атап айтқанда, 10 жылдан астам заңды өтілі бар кандидаттар үшін алдыңғы 11 пәннің орнына 8 пән бойынша емтихан өткізіледі. Кандидаттарды іріктеу кезінде салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық салаларындағы жұмыс тәжірибесі бар тұлғаларға басымдық беріледі», деді Н.Алмабаев.

Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Асылбек Мусралинов Кеңес мүшелеріне судьялардың жұмысына жасанды интеллектті енгізу жұмысы бойынша айтып берді. Бұл да Nur Otan-ның сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Аталған жүйе сот практикасының біркелкілігін және прецеденттік құқықты енгізуді қамтып қана қоймай, сот актілерінің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін де қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. «Судья қалыптасқан сот практикасына қайшы келетін шешім қабылдаған жағдайда, жүйе Жоғарғы сотқа дереу хабарлайды. Осылайша, біз қажет болған жағдайда, барлық өңірдегі төменгі соттар шешім қабылдаған кезде аномалияларға мән беретін боламыз», деді ол.

Отырыс қорытындысы бойын­ша партия мүшелері Ішкі істер министрлігіне Алматы облы­сындағы 180-ге жуық ауылдық ок­ругтік полиция учаскелерінің тұрғын үймен бірге ашылғанын мысал келтірді. Бұл оң тәжірибені барлық аймақтарға қолдану керек, деп түйіндеді Кеңес мүшелері. Сонымен қатар кеңесте бірқатар ұсынымдар мен ұсыныстар тұжы­рымдалды, олар уәкілетті ведомстволар мен жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.