Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы П.Сармурзианның айтуынша, музейдегі Т.Шевченконың қазақ даласындағы өмірін бейнелейтін экспозицияны негізінен киіз үй мен оның жабдықтары, ұлттық киім құрайды екен. Үй өткен ғасырдың 50-жылдары жасалып, 80-жылдарының аяғында Маңғыстау облысының Жетібай ауылынан әкелінгендігін сол күндердің тірі куәгері, музейдің бас қор сақтаушысы, музейде 1972 жылдан бері қызмет істеп келе жатқан Анна Ивановна айтқан.
Бір заманда сән-салтанатымен толық тігілген үй уақыт өте музей залдарының қайта жасақталуына байланысты, мүлдем жиналып қойылған. Бертінде елші Д.Кәлетаевтың араласуымен жартылай көрмеленіпті. Музей суретшісі Алексей Шевченко «Қазақ бұрышын» интернет желісінен көрген бейнелері арқылы жаңғырта жасаған. Маңғыстаулықтар музей басшылығының рұқсатымен киіз үйді қайта тігуге талаптанғанмен, орынның тарлығына байланысты шаңырағын көтере алмаған, сондықтан олар қазақ даласынан барған бұйымдармен «Қазақ бұрышын» толықтыра алғандарына қуанышты.
Т.Шевченко мемлекеттік музей-қорығының аумағына кіретін Тарас тауының басындағы ақын зиратына гүл шоқтарын қойып, тағзым еткен маңғыстаулықтар ақынның туған жеріне оралуына арналған IX халықаралық Шевченко оқуларына қатысты.
– Конференцияны Қазақстан мен Украина бірлесіп өткізіп келеді. Бұл екі елдің мызғымас ынтымақтастығынан хабар бергендей. Пандемияға байланысты онлайн форматта өткен жиынға еліміздің бірнеше ғалымдары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты. Конференцияны ақын, жазушы, педагогика ғылымының кандидаты, музей басшысы В.Коваленко ашып, алыстан ат арытып келіп, музей экспозициясын жаңғыртқанымыз үшін алғысын білдірді. Қарымта ретінде Форт-Шевченко қаласындағы Т.Шевченко мемориалдық музейіне деп украин ұлттық киімін, тұрмыстық заттарын сыйлады. Бұларды музей қызметкерлері өз үйлерінен әкеліпті. Елшіліктің бірінші хатшысы Ләйлә Кесікова музейдің бір топ қызметкеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі мен Украинадағы Қазақстан елшісінің Алғыс хаттарын тапсырды, – деді мәдениет басқармасының басшысы.
Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Құдайберген мен Шевченко музей-қорығының басшысы В.Коваленко мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатындағы музейаралық меморандумға қол қойып, екі ұжым арасындағы байланысты нығайта түсуге келісті.
Киевте маңғыстаулық делегацияны елші Дархан Кәлетаев қабылдап, атқарылған іске ризашылығын білдірумен қатар, болашақта бірлесіп атқарар жұмыстар жайын қозғады.
Украина музейлерінің жұмысымен танысуға, тәжірибе алмасуға қызыққан маңғыстаулықтар Украина Ұлттық ғылым академиясының Ұлттық ғылыми-табиғаттану музейінде болды. Бұл музей – өз ішінде төрт бірдей мұражайды біріктірген экспозициялық-аумақтық кешен. 4 қабаттан тұратын музейде «Табиғат», «Зоология», «Археология», «Геология» музейлері орналасқан. 1966 жылы ашылған музей әлемнің түкпірі мен жықпылынан, суы мен нуынан әкелінген құрт-құмырсқа, жәндіктердің қатырмаларына, жануарлар мен хайуанаттардың тұлыптарына, сүйектеріне толы. Тіпті украиндықтар бізде кез келген адамға рұқсат етілмейтін музей қорына өздері бастап барып, екі сағаттан астам аралатып, түсінік берген. Маңғыстау музейінің қызметкерлері алдағы уақытта жинаған бейнематериалдарын әріптестеріне көрсетіп, семинар өткізуді жоспарлап отыр.
Заманауи деңгейде экспозияланған «Киев қаласының тарихы» музейі де қазақстандық қонақтардың қызығушылығын туындатыпты. Мамандар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, марқайып оралды.
Енді бекітілген меморандумға сәйкес екі ел, екі музей арасындағы байланыс арнасы кеңейіп, тың жұмыстарға жол ашылады деп күтеміз.