Әлем • 06 Қазан, 2021

Әлемдік туризм 1 трлн доллардан аса кірісінен айырылды

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Францияда пандемия басталғалы алғаш рет туризмге арналған көрме ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлемдік туризм 1 трлн доллардан аса кірісінен айырылды

Хабар24 арнасының мәлімдеуінше, былтыр әлемдік туризм саласы 1 трилион доллардан аса кірісінен айырылып, ауыр кезеңді бастан кешкен. Коронавирус індеті Францияның да туризм индустриясын тұралатып тастады.

Пандемияға дейін елдің ішкі жалпы өнімінің 7 процентін құрап келген сала үлкен шығынға батты. Қазірге дейін көптеген мемлекеттің туристері үшін шекара әлі жабық. Сондықтан болса керек соңғы 2 жылда алғаш рет өткізіліп отырған көрмеде ойын-сауық пен әсем безендірулер аз.

«Біздің елдердегі індетке қарсы шаралар вирусқа тосқауыл қойып, бұрынғы байланысымыз тездетіп қалпына келеді деп үміттенемін. Қазақстан мен Францияның стратегиялық серіктестігі мығым. Бірақ шетелдік туристерді қабылдаудың қашан толық қалпына келетіні жайлы айту қиын. Мәселе көп ұзамай шешіледі деп ойлаймын», дейді Франция сыртқы істер министрлігі жанындағы туризм жөніндегі мемлекеттік хатшы Жан-Батист Лемуан.

Ал Францияға саяхаттағысы келетін отандастарымызға біраз төзімділік танытуға тура келеді. Бұл елге вакцинасыз кіруге болатын мемлекеттер тізімі әр 2 апта сайын қарастырылады. Француздар болса біздің елге өзге еуропалықтар сияқты еш кедергісіз саяхаттай алады. Қазір елде Азияға барғысы келетіндердің қарасы көбейген.

«Біз Азияға саяхаттағысы келетін азаматтардан біраз шыдамдылық танытуды сұраймыз. Қазір бірқатар мемлекет шекарасын ашып, шетелдіктерді қабылдай бастады. Иордания, Израиль, Орталық Азия мен Моңғолияға туристер еш кедергісіз бара алады. Бұл бағыттардың бәріне кепілдік береміз. Бірақ Азиядағы ірі бағыттардың ашылуын әлі күте тұруға тура келеді», дейді «Asia» компаниясының сату бойынша директоры Мишель Тиссье.

Соңғы онжылдықта әлемде туризм қарқынды дамып, шетелге саяхат жасаушылар артқан еді. Бірақ былтыр індеттен жаһандық туризм кірісі 74 пайызға төмендеді. Сарапшылар саланың қалпына келуі ұзаққа созылатынын айтады. Дүнииежүзілік туризм ұйымының мәліметінше, бұл сала алдымен Таяу Шығыс пен Африкада жанданып, Америка, Еуропа және Азия бағыттары тек 2024 жылы қалпына келуі мүмкін.