Қазіргі таңда жастар арасында орын алған қылмыстың алдын алу өзекті мәселеге айналып отыр. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс қашанда ұлттық қауіпсіздігімізге, ел болашағына қауіп төндірері сөзсіз. Демек, өсіп келе жатқан ұрпақтың қылмыстың бұралаң жолдарын таңдауы дәуір қасіреті.
Олар ойламаған жерде шалыс басып, қылмыс әлемінің есігін ашып жатады. Осындай сәтте оларды тәрбие ғана түзеп, оң жолға салуы мүмкін. Тәрбиеге қатысты әдебиет сыншысы, публицист В.Белинский: «Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс» деп үлкен баға берген. Сондықтан да баланы инабаттылыққа тәрбиелеу – бәріміздің адал борышымыз. Отбасындағы ата-ананың тәрбиесі баланы саламатты өмір сүруге үйретеді. Ендеше, баланың қалыптасуына ең бірінші отбасы тәрбиесі тікелей әсер етеді.
Сондықтан да әке мен ана тәрбиесі – балалар үшін өте маңызды. Себебі, оның мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соларға қарап өсетін нысанасы. Біздің бабаларымыз «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», деп үлкен баға берген. Сәби шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, тал бесікке салып, имандылыққа тәрбиелеген.
Ал бүгінгі ұрпақ тәрбиесі қандай! Ата-аналарымыз бала тәрбиесіне толыққанды уақыт бөліп, олардың немен шұғылданатынына назар аудара ма? Әрине, бірден жауап беру өте күрделі мәселе. Жасөспірімдердің бойынан психологиялық ашушаңдығын, үлкендерге еліктеуін және қақтығыс жағдайларға бейімділігі сынды бірқатар ерекшеліктерді көруге болады. Әрі жасөспірімдердің көп бөлігінің жұмыс істемейтіндігі, уақытын бос өткізетіндігі және оқу жағдайының жоқтығы олардың қылмыс жасауына жиі түрткі болады.
Көп жағдайда қылмыстың туындау себептеріне жасөспірімдер тәрбиеленіп отырған төменгі әлеуметтік деңгей және отбасылардың құқықтық мәдениет кемдігі тікелей ықпал жасайды.
Әр адамның тағдыры тәрбиеге тығыз байланысты. Жақсы тәрбие алған адам баласы жақсы өмір сүре алады.Теріс тәрбие алғандар күлдікөмеш өмір кешеді. Ақыл-парасаты аз, ішімдікке салынып, ес-ақылынан айырылған ата-анадан не қайыр. Әке-шеше құлдыраса құлықсаналық жағынан балаға кесапаты тиіп, оның тікелей психикасына әсер ететіні сөзсіз. Қылмыс, қайшылықтың алдын алу, құқықты насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізілмейді.
Бүгінде, көпшілік қауым кәмелет жасқа толмағандардың құқықтары мен міндеттері жайында аз құлағдар. Мәселен, кәмелет жасқа толмаған құқық бұзушылардың психикасы мен жасының ерекшеліктерін ескеріп, БҰҰ Бас Ассамблеясы 1985 жылы «Пекин ережесі» деген атпен белгілі «Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының ережелерін» бекітті. Бұл аталған Ереже әрбір елдің заңдарында ескерілуі тиіс және осы санаттағы істерді тергеу және сот талқылауы барысында қолданылады. Онда кәмелет жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қосымша кепілдіктер мазмұндалған, сондықтан іс жүргізу әрекеттерін реттейтін жалпы нормалар ауыстырылмайды, тек толықтырылады. Бұл нормалар қылмыс жасаған сәтте 18 жасқа толмаған адамдардың істеріне қолданылады. Атап айтқанда, тұлғаның еркі, интеллектуалдық және психикалық даму деңгейі; кәмелет жасқа толмағанның жеке басын зерттеу барысында жасты анықтаумен қатар, оның жалпы даму деңгейін, яғни нақты жағдайға бейімделуін, өз тәртібіне ақылмен баға беруі мен өз әрекеттерін анықтаудың маңызы зор.
Елбасының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында» қылмыстық құқықты дамытудың негізгі бағыттары айтылған, яғни ең алдымен аса қоғамдық пікір тудырмайтын адамдарға (абайсызда қылмыс жасаған, кәмелеттік жасқа толмаған адамдар, өзге де адамдарға – жазаны жеңілдететін мән-жайлар бар болғанда) қатысты қылмыстық жазалаудан босатудың шарттарын кеңейту арқылы қылмыстық қуғын-сүргінді қолдану аясын кезең-кезеңмен қысқарту мүмкіндігін айқындау болып табылады делінген. Тұжырымдамада көрсетілген бағыттарды орындау мақсатында 2010 жылдың 23 қарашасында «Балалар құқығын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақсан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы заң қабылданды. Бұл заңмен бас бостандықтан айыру жазаларының жоғарғы және төменгі мерзімдері азайтылды, кейбір ауыр емес қылмыс жасағандарға бас бостандығынан айыру жөніндегі жазалар алынды, қолдану үшін бас бостандықтан айырмайтын (баламалы) жаза түрлері енгізілді.
Сондықтан да қылмыстың алдын алу және олардың жолын кесу үшін маңызды шараларды жүзеге асыру қажет. Жалпы, оларға қолайлы орта туғызу үшін, яғни жеткілікті материалдық жағдай жасау, олармен жеке қарым-қатынас жүргізу, рухани және құқықтық тұрғыдан тәрбиелеу басты міндет болып саналады. Бұдан шығатын қорытынды олардың күш-қуатын оң арнаға бұру. Мәселен, қоғамдық іс-шараларға, яғни әртүрлі бағыттағы үйірмелерге және техникалық сабақтарға, сондай-ақ, спорт түрлеріне баулу. Сондықтан да ата-ана бала тәрбиесін мектепке ғана жүктемей, өздері де айрықша көңіл бөліп отыруы тиіс. Қашанда «Не ексең, соны орарсың», деген халқымыздың ойы озық емес пе? Ендеше, тәрбие бар жерде қылмыс та сирек болмақ.
Қазіргі уақытта технология ғылымы қарқынды түрде дамыды. Басым жағдайда көп отбасында ғаламтор желісі және өзге де ақпарат көздері іске қосылған. Ал ондағы кейбір мәдениеттік талғамы өте төмен, ақылға сыйымсыз, әдепсіз суреттер мен ақпараттар бала санасынан тысқары қалуы мүмкін емес.
Бұл қоғамдық өмірдің келеңсіз жақтары, халықтың әлеуметтік ахуалының төмен екенін немесе отбасы тәрбиесінің дұрыс еместігін аңғартады. Мәселен, Қазақстанда 2013 жылдың 6 айында кәмелет жасқа толмаған 2736 тұлғаға (2012 жылы 3395 тұлға) қатысты қылмыстық іс тіркелген, яғни 5,6% (2012 жылы 6,6%) құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда 19,4% кеміген. Сөзіміз дәлелді болу үшін Қазақстанның жекелеген аймақтарының көрсеткішін таразыласақ, Астана, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстанда аталған қылмыс түрлерінің көрсеткіші төмендеген, керісінше Алматы облысында бұл көрсеткіш артқан. Осы төмендеген көрсеткіштің үлесі 12-17 жас шамасындағы балаларға тиесілі екен, яғни 1996-2001 жылы туылған балалар. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан облысында бұл аталған істердің саны артқан. Қала тұрғындарының 10 мың халқына шаққанда оның 12-17 жас аралығындағы қылмыс жасағандардың саны 35-ке жетіп отыр. Ал Қостанай мен Ақмолада 30 іс тіркелген.
Статистикалық мәліметтерге зер салсақ, қылмыстың адам өлтіру және денсаулыққа зиян келтіру түрлері елеулі артқан. Соның ішінде жеке адамға қарсы жасалған қылмыстардың саны 152 (139 өткен жылы осы кезеңде), яғни 9,4 % құрайды. Соның ішінде қылмыс санаттарына қарай аса ауыр қылмыстар саны 2 есе артқан.
Жастарымыздың өміріне балта шабатын тағы бір кесел – нашақорлық. Бұл тек жаһандық мәселе ғана емес, сонымен қатар, біздің елімізде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Нашақорлықтың негізгі себептерінің арасында балалар мен кәмелет жасқа толмағандардың девиантты түрі ретінде, бірінші орында әлеуметтік факторлар, яғни бос уақытқа арналған бағдарламалардың болмауы, уақытын бос өткізу, әлеуметтік дәреженің бірден өзгеруі – қоғамдағы бөлінулер, адами, өмірлік құндылықтардың тоқырауы, психологиялық белсендіргіш заттардың көптігі және олардың жеңіл қолжетімділігі болып табылады.
Сонымен қатар, қоғамымыздың ең ауыр дертіне айналып отырған мәселенің бірі – жас буын жеткіншектердің өз еркімен өмірін қиюы. «Шындығында, бір ғана философиялық маңызды мәселе бар, ол – адамның өзіне-өзі қол жұмсау мәселесі», – деп философ Альбер Камюдың айтқаны бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселеге айналып отыр. Соның ішінде кәмелет жасқа толмағандардың бұл теріс жолды таңдауы көңілге қаяу түсіреді. Әсіресе, олар қалыптасу кезеңінде көп қиындықтарға төзбей дұрыс жолдан адасады. Олардың өздеріне қол жұмсаудың басты себептері әр-түрлі жағдайлармен ұштасады.
Ендеше, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық суицидпен күрес қауымдастығының жариялаған мәліметтеріне көз салсақ, дүниежүзінде әрбір 40 секунд сайын бір адам суицидальді әрекетке барса, біздің елімізде әр сағат сайын бір тұрғын өз еркімен өмірімен қош айтысуға бел буады екен. Аталған ұйымның мәлімдемесіне сүйенсек, бұл әрекетке 15-44 жас аралығындағы азаматтар жиі баратын көрінеді.
Еліміздің құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше жасөспірімдердің қылмыс әлеміне баруына көп жағдайда отбасындағы жағдайдың тұрақсыздығы тікелей әсер ететінін алға тартып отыр. Отбасында жанжалдан жапа шеккен балалар, тұйыққа тіреліп, оның күрмеуін таппай, басым жағдайда өз өмірлеріне қол салады екен.
Өркениетті елдерде суицидке қарсы шаралар жүргізіледі. Мәселен, Англия мемлекетінде осы iндетке қарсы арнайы заң қабылданған. Ал, Жапонияда психикасы әлсiз балалармен жұмыс iстейтiн суициодолог деген мамандар бар. Тiптi, Еуропада өз-өзiн өлiмге қимақ болғандарды қылмыскер ретiнде тiркеп, қамауға алып, жазаға тартады екен. Сондықтан да суицидтің адам үшін ғана емес, жалпы мемлекетке де зияны мол. Ол халық санының азаюына ғана әкеп қоймай, мемлекетті әлеуметтік-экономикалық шығынға да батырады. Осындай психологиясы тұрақсыз жастарымызға және олардың ата-аналарына дер кезінде көмек көрсету үшін әрбір аудандарда дағдарыс орталықтары құрылып, онда арнайы мамандар көмек көрсетсе.
Екіншіден, мектептерде психологтар әр баламен жұмыс жасап, олардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болып, бұл дерттің алдын алу үшін тәрбиелік мәні бар шараларды жиі ұйымдастырса.
Сондықтан да жақын жандарымызға, осындай күйзеліске ұшыраған кездерін сезсек, мейірім-шапағатымызды аямай, сөйлесіп, көңілін жұбатып, оқыс оқиғадан сақтау қажет. Бүгінде жастарымызды «Суицид – тығырықтан шығар жол емес», «Менің таңдауым – өмір», «Өмір – сен кереметсің!» деген ұранды бойларына сіңіре отырып тәрбиелеу қажет.
Біздің Ата Заңымыз «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп басталады. Ендеше, сол қымбат қазынаны көзіміздің қарашығындай етіп қорғау әрбір азаматтың алдында және қоғамның алдында тұрған өзекті мәселе.
Алма ТҮСІПБЕКОВА,
Жоғарғы Сот сарапшысы.