Өнер • 06 Қазан, 2021

Қаршыға-ғұмыр мәңгі жасайды

1177 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

 Күй өнернамасының киелі керуені Қорқыт, Ұзақ, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, тағы да басқа ұлы күйшілердің дәстүрін жалғастырған дәулескерлердің арқасында біздің заманымызға дейін біртұтас қалыпта жетуі күйдің өміршеңдігі мен күйші құдіретінде деп ұғынған абзал.

Қаршыға-ғұмыр мәңгі жасайды

Күй өнері сан ғасырлар бойы талантты ұр­пақтары арқылы өз шеңберін кеңейтіп, жаңа ғасырмен үндесті. Ерекше аймақтық, оның ішінде де өзіндік күйшілік мектеп қа­лып­тастырған, рухани мол қазынаға бола­шақ сыйлаған да осы дарабоздар.

Біз, бүгін осы ортадан тума талантымен күй өнерінің ұлы тұлғасына айналған Қар­шы­ға Ахмедияровтың өнері хақында әң­гі­ме өрбітпекпіз.

Құм Нарынның жағалауын қоныстанып, ел халқының арасында саятшылығымен, қис­са-термелерді төгілдіртетін жырау­лы­ғымен, қара домбыраны жан серігі қыл­ған күйшілігімен серілік ғұмыр сомдаған Ахмедияр ақсақалдың босағасында өскен Қар­шығаның өнерге деген құштарлығы бала кезі­нен айқын танылды. Ауыл босағасынан-ақ әкесінің қолдауымен, ағасы Қырғи, ауыл мұғалімі Хатимолла Ризуанов, танымал өнер­паз­дар Шәмшиден Шәріпов пен Қазекеш Мұхтаровтардан алған тәлімі оны өнер ордасына қарай жетеледі.

«Талантқа қанат болар сезім емес, сенім болуы керек» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі бар. Бәйгеге ұмтылған жас тұлпардай тебі­ніп тұрған жас талант иесі халықтық өнер­ге деген өз сенімін ұстаздарының тәлім мен тәрбиесінен іздеді. Арманы алдамай консерватория босағасында күй тарту шеберлігі б­о­йынша Қазақстанның халық әртісі Қали Жан­тілеуов пен профессор Құбыш Мұхи­тов­тан, оркестр дирижері мамандығы бо­йынша Қазақстанның және КСРО-ның ха­лық әртісі Шамғон Қажығалиевтен дәріс алды.

Өмірін күй өнерінің қазығына байлаған Қаршыға күйші алпысыншы жылдардың орта шенінде Құрманғазы атындағы Қа­зақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас домбырашысы атанғанынан бастап, құлашын биікке сермеді. 1973 жылы оркестрдің концертмейстер атағын иеленді.

1981 жылы Қазақстан өнер шеберлері делегациясы құрамында АҚШ-та болып, Бі­ріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінің ең жоғарғы қабатында Олжас Сүлейменов өлең оқып, Қаршыға Ахмедияров күй шерт­ке­нін де америкалықтар зор ықыласпен қабылдаған екен. Елге оралған соң әртістер Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Саттар Имашевтың қабылдауында болғанында Ермек Серкебаев сөз алып: «Қара домбырадан саз сауған Қаршыға күй­ші талғампаз америкалықтардың алдында баршамызды тума талантымен қор­ғап қалды» деп інісінің өнерін асқақтата бағалаған болатын. Сол жылы оған Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген әрті­сі, келесі жылы Құрманғазы атындағы Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лауреаты атақтары берілді.

Күйшілік өнер мен ұстаздық маман­ды­ғын қатар өрге сүйреген аңыз тұлға, Қа­зақс­тан­ның халық әртісі Ахмедияровтың шы­ғар­машылығы туралы зерттеу жасаған өнер қайраткерлері оның шығар­ма­шы­лы­ғы­ның төрт бағытта өрбігенін баяндайды.

Қазақтың халықтық музыка өнеріне жаңа­ша леп әкелген Қаршыға кейіннен қазақ күй­ші­лерінің көшін бастады. Өнердің өзгеге ұқ­самайтын салтанатын құрды. Қос ішекті киені ырқына көндіріп, көз сүйсіндіріп, құлақ құрышын қандырар шебер орындаушылығы арқылы өзінің жеке мектебін қалыптастырды.

Оның тағы бір ғажайып қадамы – Құр­ман­ға­зы, Дина, Қазанғап, Дәулеткерей, Абыл, Өскенбай, Тәттімбеттер дәстүрінде тамаша күйлер шығарған сазгерлігі. Хал­­қының әуел­ден-ақ бай мұралы сыр сан­дығына мәңгі өл­мейтін, сөніп-солмайтын алтын қазына құй­ды.

Дәстүрлі күй жанрын жалғастырып «Ақ­же­леңдер», «Байжұмалар», «Толғаулар» туын­­дыларын, күйші бабалары мен ұлт қай­рат­керлеріне арнап «Құрманғазы Ақжелең», «Күй анасы», «Имаш Байжұма», «Нұрғиса», «Ға­зиза», «Табыну» сияқты шығармаларын жаз­ды. Ел тәуелсіздік алған жылдардағы қуа­нышты сәттерде «Елбасы», «Шабыт», «Нарын», «Атырау» күйлері дүниеге келді.

Профессор Қаршыға Ахмедиярұлының халық мұрасын, өткен ғасырлардағы дала сазгерлерінің қалдырған қазынасын зерттеген ғылыми еңбектері қазақ музыкасының қорына мол мағлұматтар қосты. «Махамбет. Шашақты найза – шалқар күй», « Құрманғазы. Сарыарқа», «Жігер. Дәулеткерей күйлері», «Әсем қоңыр. Дина күйлері», «Күйші Қали», «Күй ұран», «Табыну» жинақтарының қай-қайсы да – сыршыл дүниелер.

Ұлттық консерваторияның домбыра ка­­фед­расының меңгерушісі бола жүріп «Ұс­таз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген сөзге лайықты соңынан ерген та­лапты күйшілердің шоғырын қазақ сахнасы төріне қарай жетеледі. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қуаныш Әжімұратов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Айдарбаева, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының профессоры Сәлімгерей Садықов, Мем­лекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ғалым Ах­ме­дияров, Халықаралық конкурстардың жүлдегері Мұрат Каримуллин, Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі Салтанат Құдай­бер­генова және басқа күйші легі бар.

Әлемнің төрт құрлығында қазақ домбырасын күмбірлеткен күй қағаны бірнеше мәрте құнды күй таспаларын шығаруымен қатар, Қытайда 50-ден астам, өз еліміздің радио-теле мұрағатына 500-ден астам күй жаздырды. «Қазақтың 1000 күйі» жоба­сы­ның жетекшісі атанып, Алматыда 640 дом­бы­ра­шы­ның басын қосып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Күй өнерінің ұлы тұлғасына айналған Қаршыға бұрынғы одақтас республикаларды айтпағанда АҚШ, Жапония, Италия, Норвегия, Финляндия, Франция, Швеция, Швейцария, Марокко елдерінде күй шертіп, әлем халқына қазақ деген таланты тұғырдағы ұлт бар екенін дәлелдеді. Қос ішекті сайратып, тыңдаушысының жан дүниесін музыка құдіретінің тылсымына бөледі.

Қайталанбас дара талант иесі Қаршыға Ахмедияровтың күй өнерін өркендетудегі еңбегі жоғары бағаланып, мемлекетіміздің «Парасат» орденімен марапатталды.

Атырау елі – күйші тұлғаның көкейінен бір күн де сөнбеген ыстық атамекені. Туған жерге деген құрмет, жүрек лүпілі оның «Атырау», «Алтын ұя» күйлеріндегі жан тербеген сырлы саздармен ұласып жатты.

Атырау облысының, Атырау қаласының, Махамбет ауданының және Таңдай ауылы Құрметті азаматы атақтарын иеленген тума та­лант, Ақжайық елінің Алатау басында еркін қалықтаған қыраны дүниеден ерте өтке­німен оның есімі жерлестері жүрегінде ұзақ жылдар сақталатыны даусыз. Ол сон­дай-ақ облысымыздағы білім ордасы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Мем­ле­кет­тік университетінің құрметті профессоры.

Дарынды домбырашы, сахна саңлағы Қаршыға Ахмедияров өмірден өткен соң, оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында туған ауылы Таңдай орта мектебіне күйшінің есімінің берілуі, қаланың орталығынан биік тұғырлы ескерткіштің ашылуы, Ахмедияров көшесінің белгіленуі тума таланттың рухына жасалынып жатырған игі шаралардың бастауы деп ұғынамыз. Осы орайда біз жақсы істі жалғай түсіп, Қаршыға Ахмедиярұлының көзін көрген, өнерімен сусын қандырған жерлестері Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жа­нындағы «Нарын» оркестріне тарлан тұлға Қаршыға Ахмедияровтың есімін беріп, өнер ұжымын Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі деп атағанды жөн көреміз. Бұл ұсынысты өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мә­дениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамедов тікелей өз назарларына алғаны дұрыс.

Құрметпен:

Илья ЖАҚАНОВ – өнер зерттеушісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері , «Отан» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы

Хатимолла РИЗУАНОВ – күйшінің ұстазы, Атырау облысының Құрметті азаматы

Нұрпейіс МАХАШЕВ – қоғам және мемлекет қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы

Төкен ЖҰМАҒҰЛОВ – күй өнері жанашыры, Атырау облысының Құрметті азаматы

Ғаббас ХИСМЕТУЛЛИН – күйші, Атырау облысының Құрметті азаматы

Сәлімгерей САДЫҚОВ – күйшінің шәкірті, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері