Қоғам • 06 Қазан, 2021

Қазақша ойлау, қайдасың?

501 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақша ойлау, қайдасың?

Ұстаз Ыбырай: «Қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық», деген «Қырғыз хрестоматиясы» оқулық кітабында. Осы ойды кейінірек, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов та қайталаған.

Азбаған халықтың өз ойлау жүйесі, төл ойы бар. Оны қазақша ойлау делік.

* * *

Қазақша ойдың тағдыры ұстаз Ыбырай (Алтынсарин) заманында мәселеге айналған. Ол азбаған халыққа өзінің өсіп-өнген ойлау кеңістігінде білім мен тәрбие беруді мақсат еткен.

Ал ол – осал шаруа емес, себе­бі – қазаққа бөгде ойлау кеңіс­ті­гін әкелген Ресей әкімшілік жүйе­сі бар. Бұл жағдайды Абайға дейін­гі данышпан ақын Дулат: «Орыс­ша деген атыңнан, теріс жазған хатыңнан», деп қысқа қайырған.

Орысша ойлау жүйесі басқа, ол халықтың діні, тұрмысы, дәс­түрі, өмір сүру қалпы өзге, жазуы теріс.

Дулат ақын айтқандай, оңнан солға айналып кеттік. Бір сөзбен айтқанда, теріс бағытқа түстік. Бұ­рын оң аяғымыз қасиетті еді, енді сол аяқ «қасиетке» ие бола бас­­тады. Дәстүріміздегі «оң жақ» деген түсінік енді жойылмақ.

* * *

Ұстаз Ыбырай қиналды. Азба­ған халықты, енді алдағы уақытта қалайша аздырмай сақтап қалу керек.

Ұстаз Ыбырай басты мәселеге назар аударды. Ол – Тұлға тәр­биелеп өсіріп, жетілдіріп, оны білім нәріне сусындатып кемел­дендіру.

Бұл ол кезде түбірімен шешіл­мейтін іс еді. Ол үшін халық еркіндігі, тәуелсіздігі қажет.

Халық болса бодандықта, рухани құлдықта. Шоқан Уәлиханов қазақ халқының саяси бірлігі мүм­кін болмауы үшін отаршыл Ре­сей қазақтарды губерния-губер­ния­ларға бөліп тастаған деген еді. Қазақ елінің рухани тұтастығын мүм­­­кін етпеу, бөліп-бөліп билеу де­ген зұлымдық саясат күшіне енген.        

* * *

Ұстаз Ыбырайдың алдында ойлаудың екі түрі тұрды. Бірінші, азбаған халықтың төл қазақша ойлауы.

Екіншісі, билеуші халықтың орысша ойлауы. Мысалға, Сәбит Асқаров деген кісінің аты-жөнін алайын. Айталық, Сәбит мырза десек, бұл – қазақша ойлау. Мырзаның орысшасы «господин», бірақ сіз орыс тілінде «гос­подин Сәбит» дей алмайсыз, дұрысы «господин Асқаров». Байқайсыз ба, біз «мырза» деп кісіні (тұлғаны) айтамыз, орысша мырза деген текке (фамилияға) кетеді. Содан қазір мынандай жазу дәстүрі қалыптасқан: С.Асқаров. Кісінің есімі инициалға айналып кеткен, яғни Тұлға жоқ, тек бар. Құрмет – текке, кісіге, Тұлғаға емес. Біз көбінесе Абай дейміз, орыстар Пушкин дейді, Александр демейді. Оларда Пушкиннің аты-жөні инициал А.С. (Александр Сергеевич).

Күні бүгінге дейін атымызды толық жазбай, инициалды қойып жүргеніміз – сол теріс бағытқа кеткеннен болған шаруа. Бұл сәл нәрсе емес. Ойлауға түскен вирус. Ол бүкіл ойлауымызды дерт­ті етті. Енді мағына өзгеріске түсті. Төл емес, бөгде ойлау бас­тал­мақ. Ол әдетке айналып, тұ­рақтанбақ. Ол халықтың азуына әкелмек. Құндылық адамның есімі емес, оның тегі бола бас­тады. Тегіміздегі «ов», «ова», «ин», «ина»-лардан құтыла алмай жүргеніміз сондықтан. Адамның тұлғалық қасиетіне сын түсті. Жеке адамға мырза деудің орнына, оның әкесінің есімін қоса атау дәстүрге енді, айталық Сәбит Асқарұлы. Сәбит мырза, Сәбе, ата, аға демейміз.

Алдағы кезде осы орысшадан қалай, қашан арылмақпыз?!

Супермаркетке тауар алуға барсаң, орысша тәрбиеленген сатушы қыз бала сізге «Вы, мужчина», «Вы, женщина», дейді. Қазақшасы «Сіз, еркек», «Сіз, әйел». Анайы емес пе?!

Мәселе, адамды Тұлға деп қабылдауда, не қабылдамауда. Қазақша ойлауда Тұлғаға құрмет, орысша ойлауда басқаша.

* * *

Санамызға сіңіп кеткен теріс ойлау. Азбаған халықты бұзудың бір тәсілі. Біз ойланбай түсіп кет­тік. Ұстаз Ыбырай Тұлға тәр­бие­леу жағында болған. Азан шақы­ры­лып қойған қазақтың есімі – аза­мат есімі, оның тұлғалық болмысы.

* * *

Қазақша ойлау әзірше тасада. Үстемдікте – орысша ойлау. Әлі де Сабит Аскарович Аскаров дей­міз. Неге? Орысша ойлаймыз. Мені кейбір ресми органдар құт­­тық­таулар жібергенде «Ға­рифол­ла Есімұлы» дейді. Ма­ғы­насы орысша. Дұрысы, атам заман­нан келе жатқан дәстүрімі­здегі «еке», сонда «Құрметті Ғаре­ке», немесе «Ғарифолла мырза» деп атал­мақ. Бұл қазақша мәні де, ма­­ғына­сы да. Ал «Сабит Аскаро­вич Аскаров» дегеннің бәрі орыс­ша. Неге бұлай деп сұрасам: «Осы­лай ресми қалыптасқан», дейді.

Бұл орысша тәртіп қай заманда қалыптасқан? Енді оны түзетуге болмас па екен, біреулер болмайды дейді, себебі орысша ойлау әдетке әбден сіңіп кеткен, ол тез арада шыға қоймас.

Біз «Абай» дейміз, орыстар «Пушкин» дейді. Біз ой екпінін кісі атына түсірсек, олар текке түсіреді. Екі түрлі ойлау. Содан инициал қою басталған. А.С.Пуш­кин, А.Құнанбаев. Қазақша неге «Абай» дейміз, неге «Абай Құнан­баев» деп толық жазбаймыз? Ыңғайсыз жағдай тіптен, спикерлерді «Н.Нығматулин», «М.Әшімбаев» деп жазу телеарналарда өріп жүр. Дұрысы: Нұрлан Нығматулин, Мәулен Әшімбаев емес пе? Ойланайық!

Біз ақын Дулат, ер Махамбет, ұстаз Ыбырай, ғалым Шоқан, хакім Абай деп эпитеттерін қоса айтқанды жөн көреміз. Сірә, осымыз дұрыс болар деген ниеттемін.

Ресми не бейресми құжаттарға қол қоюға әкелгенде «Ғ. Есім» деп жазылса, неге азан шақырып қойған атымды толық жазбайсыздар деп сұраймын. Осындай талап қоямын деп Сенатта депутат болып жүргенімде «айғайға» қал­ғанмын. Мен атымды мони­торға толық жазуды талап еткенмін, ақыры сөзім өтпей, жеңілдім. Себебі орысша ойлау рәсімге ай­на­­лып кеткен.

Қазақша ойлау, қайдасың?!

* * *

P.S. Ұстаз Ыбырай Тұлға – білім мен тәрбиенің тұтас­тығы деп түсінген. Тұлға қалыптасуы­ның басты принципін ашып берген:

Бір Құдайға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық!

Бұл Тұлғаның қазақша ой­лауының үлгісі.

 Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы