Қазақстан • 06 Қазан, 2021

Мердігер мерзімнен неге кешікті?

421 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында ұзындығы 363 шақырым болатын Қарағанды-Балқаш тас жолын қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Бұрын бұл жол екі жолақты, табаны қарама-қарсы келген көлік сүйкенісіп өтердей өте тар еді. Сапасы да сын көтермейтін: апат жиі болып жататын, қаншама адам осы жолдың бойында көз жұмды десеңізші?!

Мердігер мерзімнен неге кешікті?

Қазіргі таңда ауқымды бұл жобаны іске асыруға 1400-ге тарта адам күші мен 687 арнайы техника түрлері жұмылдырылған. Жол салушы жауапты мамандардың мәліметіне сенсек, бүгінде күре жолдың 170 шақырымды құрайтын бөлігінде төрт жолақ бойымен көлік қозғалысы жүзеге аса бастаған.

Бұған дейін құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жол бойында айналып өтетін учаскелер көп болатын. Мәселен, бұрын 92 болса, қазір олардың саны 15-ке дейін қысқарған. Яғни айналма жол­дар­дың бәрін қосқандағы ұзындығы 25 шақырымды құрайды екен. Де­генмен облыстың екі қаласы ара­сын­дағы осы жолдың жыры созылып барады. 2019 жылы басталған құрылыс жұмыстары бекітілген мерзімнен кешеуілдеуде. Мұны таяу­да ғана осы жолмен жүріп өткенде облыс басшысы Жеңіс Қасымбек «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның өкіліне айтты да.

– Құрылыстың мәлімделген мерзімінен артта қалып келе жатырсыздар. Жүргізушілердің айналма жолдарға қатысты шағымдары бар. Өзім де жүріп өттім. Мен мұның бәрін көріп отырмын. Уақытша айналма жолдарда автокөліктің қауіпсіз жүруі және үздіксіз қозғалысы үшін пішіндеу және шаңсыздандыру бойынша жұмыстарды жүзеге асыру қажет. Мен бұл бағытта сапалы жұмыс істеп жатқандарыңызды бай­қамадым. Жүргізушілердің қа­уіп­сіздігі туралы да ұмытпаған жөн, – деген болатын.

Бұл сынға мердігер компанияның да айтар уәжі бар. Мәселен, олар жол құрылысына қажетті материалдар тапшылығы жұмыс қарқынының бәсеңдеуіне әкеп соққанын айтып ақталады. Оның үстіне пандемия кезінде материалдардың бағасы да шарықтап кеткен. Айталық, жо­балық-сметалық құжат 2016 жылы әзірленсе, қазір ол бағаға құрылыс материалын табу тіпті де мүмкін емес екен. Дегенмен мердігер компания өкілдері жағдайды түзетуге уәде беріп отыр.

Қарағанды мен Балқаш арасына жиі қатынайтын Ералы Сабырақын деген азамат жолдың әлі де болса жүргізушілер үшін көптеген мәселе туындатып отырғанын қынжыла айтады.

– Бұл аралықты бұрын төрт са­ғат­та жүріп өтетінбіз, қазір жар­ты күнімізді жоғалтамыз. Айнал­ма жолдар көліктің сау там­ты­ғын қал­дырмайтын түрі бар. Маши­на­мыз­дың жүріс бөлігін айына екі рет ауыстырып отырамыз... Жұмыс өте баяу жүріп жатыр, кім не істеп жатқанын түсініп болмайды. Бір жерде істеп жатады, ал екінші жерде техника дегендеріңіз қаңтарылып тұрады, – дейді ол.

Ал біз тілдескен мердігер компания өкілдері қазіргі уақыттағы қар­жы мәселесінің өздерін тығырық­қа тіреп тұрғанын жасырмай­ды. «Келісімшарт жасалған кезде мұн­дай форс-мажор тудыратын жағ­дайларды біз толық кө­ріп, біл­ге­німіз жоқ. Сондықтан қар­жы­ның екі ортадағы айыр­ма­сының қа­лай төленетіні бел­гісіз, оны қазір басшылық тал­қылап жатқан болар. Әзірге біз бар жұмысты өз ақ­ша­мыз­ға істеп жүрміз. Шығын өте көп. Әсіресе, металл материалдары мен битумның бағасы екі есеге қым­баттап кеткен», дейді мердігер ком­пания өкілдері.

Әңгіме барысында дәл қазіргі уақытта жол саласының білікті мамандарына деген тапшылықтың өте зор екенінен хабардар болдық. Сайып келгенде, мұның өзі құрылыстың сапасына өте қатты әсер ететінін айтады мердігерлер. Қазір Қазақстан бо­йынша республикалық маңызы бар 4 мың шақырым жол жөнделіп жатыр екен. Бұрын-соңды мұндай ауқымда жоба болмаған. Мердігерлер ма­ман­­дардың жетіспеушілігіне осы фактордың қатты әсер етіп отыр­ға­нын айтады.

Осы орайда «Жол активтерінің ұлт­тық сапа орталығы» РМК бас­шылығы тығырықтан алып шы­ғар жолдың бірі – жергілікті тұр­ғын­дар­ды бұл іске оқытып, үйрету екенін айтады. Келешекте бұл жағдай түйт­кілді мәселеге айналмас үшін бұл шаруаны қазірден бастап қолға алу керек деп есептейді мамандар. Бұл ретте қазір аталған мекеме тарапынан жастарды жол құрылысы саласына көптеп тарту жұмыстары қолға белсенді түрде алына бастапты. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК жыл сайын «1000 мектеп» акциясын ұйымдастырып, өскелең ұрпақты осы сала бойынша оқуға түсіп, жұмысқа орналасуға шақырады.

Қазіргі таңда Қарағанды-Бал­қаш күре жолындағы негізгі жұ­­мыстардың жартысынан астамы аяқ­талған. Бүгінде он көпірдің бе­се­уі, 330 су өткізгіштің 310-ы салынып бітті.

Жоғарыда айтылған мекеменің жауапты мамандары құрылыс са­па­сын жіті назарда ұстап, қол­да­ныс­­тағы материалдарды үнемі зерт­ханалық тексеруден өткізіп тұ­­­рады. Алайда жол салушы мамандар Арқаның құбылмалы ауа ра­йы мен алты ай қысы автобан құ­рылысының мер­зі­мінде аяқ­та­луы­на кедергі болуы мүмкін екенін жасырмайды.

Еске салсақ, Қарағанды облысында биыл 1 500 шақырымнан астам жалпы пайдаланымдағы жолдар, оның ішінде 674 шақырым республикалық маңызы бар жолдар жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Ал жоғарыда айтылған Қарағанды-Балқаш күре жолы осы жоба ая­сын­да­ғы ең ірі учаске болып саналады.