Әдебиет • 06 Қазан, 2021

Жарасқансыз жиырма жыл

2874 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екі ақынның жұбайына тәнтімін. Бірі – Сырбай Мәуленовтің үйіндегі Күлжамал апай да, екіншісі – Жарасқанның жұбайы Нәзігүл.

Жарасқансыз жиырма жыл

Жастау кезім. Үйге келе жатсам, алдымнан танаурап Күлжамал апа шыға келді. Беталысы – «Россия» дүкені.

− Апа, асығыссыз ғой.

− Ағаң темекісі таусылып қап өлеңін аяқтай алмай отыр. «Россияға» бара жатырмын. Ол тек «Беломор» шегеді ғой, − деп жүгіріп кетті. Бұдан кейін де осындай кейпін бірнеше рет көрдім. Ақын мен жарын Жасаған ием осылай қосып, өлең мен өмір осылай беттеседі екен. Отызға иек артқан менің сондағы ойлағаным осы еді.

Екіншісі – өзіміздің Нәзігүл, кәдімгі атақты Жарасқан Әбдіраштың Нәзігі. Мен өзі Жарасқанмен бір өлке, бір топырақтанмын. Он жыл «Жұлдызда» ағалы-інілі боп қол ұстасып қызмет еттік. Жақаңның тірісінде де, өлісінде де жеке басының жағдайына, отбасы мен жар сүю махаббатына қанықпын. Ол – жар таңдауда айы оңынан туған ақын. Мәңгілік махаббат тек еркек жақтан емес, әйел  жақтан да маздап жанып, күйіп-пісіп, қызғанышы мен сағынышы ортақ бір қызыл өрт болған. Жарасқан ең алғаш ҚазМУ-ге келіп, өлең оқығанда топ қыздың ортасында отырған Нәзігүл: «Ол менікі! Я отобью!» дейді орысшалап. Ал оқылған өлең мынадай:

О, махаббат!

Сегіз әріп – бір арман.

О, бір арман!

Қырық қыздан құралған.

Мұңлы жырсың, сырлы жырсың толғасам,

Бір қыз болып жолығасың сен қашан?

Жолықты. Періштелер бір-біріне ынтық жігіт пен қыздың төбесінде қалықтап жүрді. Бір-бірін түсінген жүрек сол сәттен бас­тап бірге соға бастады. Жарасқан қырық қыздың ішінен өзінің жартысын тапты, Нәзік «Менікі!» деп ер-азаматқа ен салды.

Жарасқан – ақын, Нәзік әдебиетті бүге-шігесіне дейін талдайтын білікті филолог. Ол көне дәуір әдебиетінен бастап, бүгінгі ақындарға дейін жіліктеп отырады. Ол – білімді әдебиетші, ол үшін Жарасқан жұлдызы жанып тұрған ақын, өйткені ол өлең сөздің құдіретін біледі, жақсы өлең мен жадағай өлеңді тап басып, нағыз ақын мен шала ақынның арасына қазық қағып қояды. Абайдың ұрпағы Нәзігүл сөз дарыған, қасиетті қара сөздің обал-сауабын білетін біртуар жан еді.

Нәзігүл өжет еді, қанында қайсарлығы, бетінде намыстың қызыл сызығы ойнап тұратын. Олардың отбасының бар жақсылығында бірге болдым. Аралда Жарасқанға ескерткіш ашылғанда ер-азаматты көк серкедей өзі бастап, бітер істің басында өзі жүрді. Жарасқанның 70 жылдығында да «Бұл той Республика сарайында өтуі керек» деп, мәңгілік махаббатының мерейін тасытып жүрді.

Бір күні ақындар әңгіме болды.

− Жарасқан Абайдан кейінгі ақын ғой, – деді Абайдың ұрпағы екіленіп.

− Нәзік, жолда Мағжан, Қасым, Әбділда, Мұқағалилар қалды ғой, – дедім.

– Жоқ, мен үшін ол Абайдан кейінгі ақын, – деп айтқанынан қайтпады.

Ол Жарасқан үшін жанын беруге әзір еді. Жанын қинап жақсы өлең тудырған ақынды жанының бір бөлшегі ғып алақанына сап әлдилеп өтті.

– Мен оған «Запорожецті» неге әпергенімді білесің бе? – деді бір күні.

– Жоқ, ә, қайдан білем.

– Рульлде отырған адам сергек отырмаса болмайды. Сергек жүрсін деп әпердім ғой.

– Сергек жүрді ме?

– Қа-а-йдан. Құйтақандай «Запорожецті» үй ғып алды ғой. Кейде соның ішінде отырып та тәп-тәуір өлең жазып тастайтын.

Ақынның жары сол жақсы өлең жазса екен деп аласұрды. Жарасқанның ең жақсы өлеңдері де Нәзікпен некесі қиылғаннан кейін, жарының көз алдында дүниеге келді. Толғатып өлең тудырған ақынның жары оның өлеңханадағы «акушері», ең бірінші оқырманы әрі сыншысына айналды.

Жарасқанның соңында аңыз боп қалған екі өлең сөз бар. «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады» дейді Жәкең жарықтық. Жылқы бір сілкініп ап алысқа шабады. Ол сонысымен де символ. Алысқа шауып кеп есікті тықылдатқанда ақынның өнбойын ұйқас бунап тұрады. Сонда айтылған сөз ғой бұл. Жан-жары өлең тулаған өзеннің қайықшысы болды. Аралмен тағдырын бітістіргендер қайықшы мен паромшының қадірін біледі.

Екіншісі – «қасыңда жүрсем қағынам, алыста жүрсем сағынам». Ол – жан-жарына өмір бойы еркелеп өткен махаббат иесі. Қасында жүрсе ілік іздеген қытымыр, қарға адым ұзай қалса, көргенше асығады. Дүниеде бір ғана адамның қоңыр қою көзі мен тастай ауыр сөзі оны ширатып, шабытқа бөлейді. Өмірге деген құлшыныстың қара диірмені де осы.

Ілеге балық аулауға үйден шыға бергенім сол еді, қалта телефоным қыңқ ете қалды. Нәзігүл!

− Не болды, Нәке?

− Әшейін, атыңды көріп қалдым да, амандық білейін деп едім.

− Балыққа бара жатырмын. Келгесін хабарласам...

Бас-аяғы бір айда Нәзігүл өмірді тастап кете барды. Қасындағы Рүстемге «Жиырма жыл» деп жалғыз ауыз сөз айтыпты. Ол жиырма жыл Жарасқансыз өмір сүрді. Жиырма жылғы сағынышын тұңғышына сыр ғып жеткізіп кетті. Бар жақсылықты кейінгілерге қалдырды. Ол екеуі бір-бірін іздеп өткен күйіп-жанған сағыныш иелері. Олардың махаббатын үлкен-кіші ертегідей егілтіп айтып отырады.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

жазушы