Экология • 06 Қазан, 2021

Көміртегінен арылудың жолы қандай?

633 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан 2060 жылға қарай көмір­тегінен ары­лу­­ды көздеп отыр. Бұл туралы Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев биы­­л­ғы халыққа ар­­на­ған Жол­дауында айтып, ­Үкіметке нақ­ты міндет­тер жүкте­­ді.

Көміртегінен арылудың жолы қандай?

2060 жылға дейінгі доктрина әзірленді

«Дүниежүзі өнеркәсіп пен экономиканы экологиялық тазар­туға бет бұрды. Қазір бұл – ән­шейін сөз емес, салық, баж және техникалық реттеу шаралары сияқты нақты шешімдер. Біз одан тыс қала алмаймыз. Мұндай шешімдер экспорт, инвестиция және технология трансферті арқылы елімізге тікелей әсер етеді», деді Мемлекет басшысы. Ел Президенті бұл бағытта байыппен жұмыс істеп, аталған мәселені шешудің кешенді жолдарын қарастыруды тапсырды.

Қазақстан климат жө­нін­дегі Париж келісіміне қосыл­ған­дық­тан, атмосферадағы пар­ник­тік газдарды азайтуға байланыс­ты мақ­саттарға қол жеткізу үшін бар­лық мүмкіндікті жұмсауға міндеттелді. Осы ретте тиісті инфра­­құрылымды құру мен «жасыл технологиялар» нарығын да­­мыту қажеттігі туындап отыр. Бұл мақсатта Экология, гео­­логия және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің бастамасымен бір­қатар заңнамалық құжат, оның ішінде жаңа Экологиялық кодекс пен Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды қолдау сынды заңдар қабылданып, инс­титуттық негіз қаланды.

«Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі жаңа тарауды қоса алғанда, парниктік газды азайтуды реттеу сала­сындағы заңнама жетілдірілді. Бүгінде көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп, пайдалы қазбалардан бас тартып жатқан елдердің саны жыл сайын артып келеді. Мемлекет басшысы еліміздің 2060 жылға қарай көміртегінен арылуды жос­парлап отырғанын жуырдағы халыққа арнаған Жолдауында айтқан болатын. Бұл орайда Германия Федеративтік Рес­публикасының қолдауымен 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына байланысты доктринаны әзірледік. Осы тұжырымдама Қазақстандағы парниктік газдарды азайту жөніндегі, сондай-ақ бұл бағытта қосымша инвестициялар тарту мен технологиялық шешімдерді енгізуге байланысты ұзақмерзімді ал­ғаш­қы құжат саналады», деді жуырда өткен Орталық Азия елдерінің алғашқы экологиялық форумында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Әлеуметтік әділдік – негізгі ұстаным

Ведомство басшысы экономиканы карбонсыздандыруға байланысты туындайтын тәуекелдерді де жоққа шығармады. Неге десеңіз, төмен көмірсутекті саясат пайдалы қазбалардан кезең-кезеңмен бас тартуға алып келетінін ескерсек, еліміз экономикалық және әлеуметтік қиын­дықтарға тап болуы мүмкін.

«Жасыл өсімді» жоспарлау мен оған көшу барлық мәселені, атап айтқанда әлеуметтік, гендерлік, жұмыспен қамту және халыққа білім беруді, сондай-ақ жаңа кәсіптер мен дағдылардың болашақтағы дамуын, оның ішінде мүм­кіндігі шектеулі адамдардың да мәсе­лесін қамтуы тиіс екенін түсінеміз. Бұл орайда жұмыс орын­­дарын ұсынып қана қоймай, білім алудың ашықтығын дамытып, әлеу­­меттік қорғау шараларын әзірлеу ма­­ңызды. Демек әлеуметтік әділдік – экономиканы карбонсыздандырудағы не­гізгі ұстанымдардың бірі», деді С.Бре­кешев.

Экология министрлігі берген мәлімет­ке сүйенсек, көміртегінен арылу саясатын іске асыру зиянды қалдықты 95-98%-ға азай­туға немесе 2060 жылға дейін 9,335 млрд тонна көмірқышқыл газынан құтылуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар шамамен 666,5 млрд доллар көлемінде инвестицияны қажет етеді. Базалық сценарийге сәйкес 2060 жылға қарай ІЖӨ 50%-ға ұлғаюға немесе ақшалай көлемде жалпы өсімі 504 млрд долларды құрауға тиіс.

Көміртегінен бейтараптылық сцена­рийін модельдеу нәтижелері энергия тиімділігі, электрлендіру және биоотын мен сутекке көшу, сондай-ақ жаңғырмалы энергия көздеріне ауқымды ауысу (ЖЭК үлесі 83%) есебінен энергетикалық секторда зиянды қалдықтың көлемі 97%-ға қысқаратынын көрсетіп отыр.

Бұдан бөлек, газ бен мұнай өнімдерін пайдалануды төмендету мен көмірден толықтай бас тарту (2060 жылға қарай үлесі 0,03%) электр энергетикасындағы зиянды заттардың айтарлықтай азаюына алып келеді. Қалдықтардың қалған үлесі (3%) көміртекті тұтып, сақтауға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдер арқылы жойылады деді министрлік өкілдері.

Ауыл шаруашылығы саласында пар­­никтік газдардың көлемі орнықты ор­ганикалық ауыл шаруашылығы және ор­мандарды молайту бағдарламаларын енгізу есебінен бәсеңдейді деп болжануда. 2060 жылға қарай қалдықтар секторында қоқысты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі шаралар есебінен зиянды заттардың мөлшері 50%-ға қысқарады.

 Доктринаны құптамай отыр

Алайда аталған доктринаны салалық қауымдастықтар құптамай отыр. Мәселен, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының өкілдері айтқандай, бұл стратегия басқа негізгі құжаттармен үйлеспейді.

«Айталық, «Модельдеудің сарап­тамалық тәсілі, 2060 жылға дейінгі сцена­рийлер мен даму жолдары» тарауында «1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда қалдықтарды 25%-ға қысқарту жөніндегі Ұлттық деңгейде айқындалатын салымдардың шартты мақсаты 2030 жылға қарай орындалады» деп көрсетілген. Міне, 2021 жыл аяқталуға жақын тұр, ал аталған шартты мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін негізгі салалар бойынша көзделген меже әлі анықталған жоқ. Оның ішінде 2030 жылға қарай Жаңғырмалы энергия көздерінің 15%-дық үлесіне қол жеткізуге қатысты амбициялы жоспардың өзі төмендетілген. Демек бұл құжаттың әлі жеткілікті деңгейде пысық­талмағанын, сол секілді тиісті көрсет­кіштердің орындалу мерзімдері түзетуді қажет ететінін аңғартады», деді Тау-кен өн­діру және тау-кен металлургия кәсіп­орын­дары қауымдастығы атқарушы ди­рек­торының орынбасары Максим Канонов.

Доктринада көміртегінен арылу үшін жұмсалатын инвестициялар туралы айтылғанымен, кәсіпорындардың озық технологияларды енгізу мен отынның басқа түрлеріне ауысуға байланысты бағыттардың қалай үйлесетініне талдау жасалмаған. Оның үстіне озық қолжетімді технологияларды енгізу мен энергияның басқа көздеріне көшуді энергетикалық тұрғыдан ғана бағаламай, сондай-ақ басқа да әлеуметтік маңызы бар өнеркәсіп салаларының мәселелерін де ескерген жөн. Мысал ретінде металлургтер құны жоғары электр энергиясы металл бағасына, сол секілді халыққа арналған тарифтерге әсер ететінін келтірді. Осы айтылғанның барлығы ескеріліп, стратегиялық құжатта кең көлемді қамтылуға тиіс деп есептейді тау-кен компаниялары.

Құжатқа көміртегі бейтараптығына көшуге байланысты туындайтын тәуекел­дерді де қосу туралы ұсыныс айтылды. Нақты айтқанда, электр стансаларының толассыз тарифке ауысу салдарынан электр энергиясын өндірудің жалпы көле­мінде Жаңғырмалы энергия көздерін 3%-ға дамыту бағаның 15%-ға артуына алып келді. Бұл ретте ЖЭК-нің үлесі 15%-ға дейін ұлғайғанда электр энергиясының ба­ғасы қаншаға қымбаттайды деген сауал туа­ды.

Сондай-ақ өндірістік ұйымдар көмір генерациясынан біржолата бас тарту кен орындарының, қала құраушы кәсіп­орындардың және электр стансала­рының жабылуына әкеліп соқтырады деген ойда. Міне, осындай маңызды мәселелер қалай шешілетіні туралы аталған доктринада ескерілмеген деген уәждерін жеткізді салалық қауымдастық өкілдері.

Бұдан бөлек, мамандар Қазақстанның болашақтағы төлем балансын да назардан тыс қалдыруға болмайтынын ескертті. Өйткені енгізілуге тиіс озық қолжетімді технологиялар мен «жасыл энергетикалық технологиялар» елімізде шығарылмайды. Сәйкесінше ішкі өндіріс төмендеп, технологиялар шетелден сатып алына бастайды. Бұл еліміздегі төлем балансы мен валюта бағамының өзгеруіне әкеліп, технологиялар бірнеше есе қымбатқа түседі. Сала өкілдері жоғарыда айтылған тәуе­келдердің аталған құжатта неліктен еске­ріл­мей, атүсті әзірленгенін түсінбей дал. Сол себепті оны жетілдіруді талап етіп отыр.

Тұтастай алғанда, тау-кен компаниялары доктринаның бірқатар тұсына күмәнмен қарауда. Ал кез келген күмәнді іс – компаниялар үшін салаға инвестиция құюды тоқтатудың белгісі.