Аймақтар • 07 Қазан, 2021

Қалпына келтіру жұмыстары қарқынды

272 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тамыз айының соңында Байзақ ауданында орын алған жарылыстан бар­лығы 176 жылжымайтын мүлік зардап шеккен. Оның ішінде 159 тұрғын үй мен 12 коммерциялық, 4 әлеуметтік және 1 ин­ф­ра­құрылымдық нысан бар. Ал, 35 үй мен 12 ком­мер­циялық нысан айтар­лықтай бүлінген. Сондай-ақ 48 нысан бойынша қорытынды алынған.

Қалпына келтіру жұмыстары қарқынды

Оқиға орын алған күннен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс зардаптарын жою туралы нақты тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына орай, бүгінде Байзақ ауданында бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оған 12 мердігерлік ұйымнан 22 бірлік техника мен 187 жұмысшы тар­тылған. Ал қазіргі кезде жеңіл зардап шеккен 124 тұр­ғын үй мен 3 әлеуметтік нысан толығымен қалпына келтірілген. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру бойынша бар­лық жұмыстар Мемлекет бас­шысының бақылауында екен. Сондай-ақ Президент пәр­мені­мен құрылған Үкіметтік ко­мис­сияның тапсырмасы бойын­ша нысандарды тексеру және қал­пына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдардан бес жұмыс тобы құрылған. Жұмыс нәтижесінде сейсмикалық қауіпті жағдайдағы Жібек жолы ауылындағы №5 орта мек­теп­ке 150 орындық жаңа ғима­рат салу үшін жобалық-смета­лық құ­жаттама әзірленген. Құры­лы­сы қызу жүріп жатқан жаңа білім оша­ғы келер жылдың қаңтар айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жалпы, демеу­шілік есебінен 150 миллион теңгеге 127 нысан қалпына кел­тірілсе, айтарлықтай зардап шек­кен нысандарды қалпына келтіру үшін Үкіметтік қордан 1,2 миллиард теңге бөлінген. Ал қалпына келтіру жұмыстары биыл 30 қазанға дейін аяқталады. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев зардап шеккен 87 әскери қыз­метшіге, төтенше жағдайлар департаменті мен прокуратура қызметкерлеріне облыс әкімінің резервінен жалпы 25,4 миллион теңге көлемінде көмек бері­летіндігін айтты. Жалпы алғанда, өңірде төтенше жағдай зардаптарын жою, оқиғадан зардап шеккендерге қолдау көрсету жұмыстары жалғасуда.

Өкінішке қарай, Байзақ ауданында орын алған жарылыс салдарынан 17 адам қаза тапты. Бір адам әлі іздестірілуде. Бүгінде қайтыс болған әскерилер мен құтқарушылардың отбасы­ларына да тиісті барлық әлеу­меттік көмектер көрсетілуде. Мем­лекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың тапсырмасына орай, өңірде марқұмдардың және олардың отбасыларының банк­тегі, түрлі қаржы ұйымдарындағы берешектерін өтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Үкімет, еліміздің Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі мен Жамбыл об­лы­с­ы­ның әкімдігі банктермен, сон­дай-ақ, өзге де қаржы ұйым­­­дарымен бірлесіп, жары­лыстан қаза тапқандардың отбасыларының борыштық жүк­темесін азайту жөнінде шаралар қабылдады. Банктермен, мик­ро­қаржы ұйымдарымен және кол­лек­торлық агенттіктермен жү­ргізілген жұмыс нәтижесінде қай­тыс болған қарыз алушылар мен олардың жесірлерінің бере­шектерін толық көлемде есеп­тен шығару жөнінде бір­ың­ғай шешім қабылданған. Бү­гінгі таңда 47 қарыз бойын­ша барлық берешектер өтелген. Бұдан бөлек, қаржылай көмек­тер де көрсетілген. Мәсе­лен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қоры және республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылған 14 отбасына 76 мың теңгеден 260 мың теңгеге дейінгі ай сайынғы жәр­демақы тағайындалған. Аталған жәрдемақы биыл қазан айынан бастап белгіленген. Бір айта кетерлігі, бұл жәрдемақының мөлшері отбасы асырауындағы адамдар санына қарай төленеді. Ал әрбір қаза тапқан азаматтың отбасына үкіметтік қордан 10 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетуге жалпы 170 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінсе, облыстық бюджет есе­бінен әрбір отбасына 5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуге 85 миллион теңге қаралған.

Байзақ ауданында орын алған жарылыстан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарындағы нысандар зардап шеккен. Бүгінде Қайнар ауылындағы 19 үйді, Жібек жолы ауылындағы 12 үйді және Үшбұлақ ауылындағы 4 үйді жөндеуге 250 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал Жібек жолы ауылына жаңа мектеп салуға 729 миллион тең­ге бөлінсе, бүлінген жолды қал­пына келтіруге 35 миллион теңге көлемінде қаражат қара­лады деп жоспарланған. Жары­лыс аймағына ең жақын нүктеде орналасқан Қайнар ауылында қазіргі кезде 19 үй жөнделуде. Алайда екі-үш үйді қалпына келтіру жұмыстары өткен аптаның соңында ғана бас­тау алған. Бүгінде шатырларда тұрып жатқан тұрғындардың да үйлері қазан айының соңына дейін бітетін болады.

Қазіргі кезде Байзақ оқиға­сына байланысты көптің көке­йінде күрделі сұрақтардың туа­тыны анық. Мәселен, бөлінген қаражат барлық үй­лерді қалпына келтіруге толық жете ме деген сауал. Үкімет тарапынан 1 мил­лиард 200 миллион теңге қарал­ған. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, әрбір үйдің сметасы бекітілген, әрбір үйге қанша шығын келгені анықталған. Үйлер­дің де шығыны осы бөлін­ген қаражаттың ішіне кіреді екен. Әкім де ешқандай құрылыс компаниясы қаржысыз қалмайтынын айтып отыр. Сол сияқты оқиғаға кінәлілердің анықталуы да көптің көкейіндегі мәселенің бірі. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі мамандарынан жасақталған тергеу тобы қазіргі таңда жұмыс атқаруда. «Қалай жұмыс бітеді, солай ресми түрде хабарланатын болады. Оқиғаның себебін, кінәлі­ні сол кезде білеміз. Сон­дық­тан жерлестерімнен ешқандай жалған ақпаратқа, лақап сөздер­ге сенбеулерін сұраймын. Ал нақты мәліметті арнайы құрыл­ған штаб­тан алу керек», дейді Бер­ді­бек Сапарбаев. Сондай-ақ ай­мақ­тағы жарылыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен бір азамат та қазіргі кезде іздестірілуде. Әлі де іздеу шаралары жалғаса береді.

 

Жамбыл облысы