Білім • 07 Қазан, 2021

Жеңімпаз ұстаздар жүлделі болды

504 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Н.Беке­жанов атындағы музыка­лық драма театрында об­лыс әкімі Гүлшара Әбді­қалықованың қатысуымен «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты салтанатты жиын өтті. Білім саласы өкілдерінің мерекесіне арналған шараға ардагер ұстаздар, мектеп мұға­лімдері мен жас педагогтер шақырылды.

Жеңімпаз ұстаздар жүлделі болды

Аймақ басшысы педагог­тер­ді құттықтап, өмірін білім мен тәрбиеге арнаған ұстаздар қызметінің қашан да құрметті екендігін атап өтті.

– Уақыт сәт сайын қай сала­ға да жаңалық енгізіп отыратыны белгілі, Сіздер жаңа технологияларға байланысты өзгерістерге тез бейімделіп, оны білім беруде сәтті жүзеге асыра алдыңыздар. Әлемді шарпыған пандемияның тосын талаптары да сала өкілдерінің білім, білігін аз сынаған жоқ. Осындай қиындықтарға мойымай, жаңа ғасырдың зерделі ұрпағын тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін.

Білім саласы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осыдан да жыл сайын педагогтерді қолдау аясы артып келеді. Биыл бұл салаға облыс бюджетінің 45 пайызы, яғни 171 млрд теңгеден аса қаржы қаралып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жолдауында сала қызмет­керлерінің жалақысын жыл са­йын көтеруді тапсырды. Прези­дент тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы облысқа республикалық бюджеттен 32 млрд теңге бөлінді, – деді облыс басшысы.

Осыдан кейін Гүлшара Наушақызы ұстаздарға түрлі деңгей­дегі марапаттар табыста­ды. «Ы.Алтынсарин» төсбелгі­сімен Қармақшы ауданы, Бай­қоңыр қаласы, №277 мектеп-ли­цейі­нің бастауыш сынып мұға­лімі Ақзия Байтөреева, Қызыл­орда қаласындағы №176 ор­та мектеп директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лі­мі Қадіркүл Шайма­ған­бетова, ORDA SCHOOL мек­тебі­нің жетекшісі Рауаш Әлиева, М.Мә­метова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі математика пәнінің мұғалімі Ғазиза Суханбердина және дарынды балаларға арналған №10 облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағиша Есбосын марапатталды.

Өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялағандар арасынан 11 мұғалімге «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін жергілікті ерекшелік белгісі» табысталды.

Облыста өткен жылдан бас­тап конкурстық негізде сала үздіктеріне 300 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде қар­жы­лай сыйақы беріліп келеді. Биыл да 10 ұстаз «Үздік педагог-2021» облыстық бай­қауы­ның жеңімпазы атанып, 875 мың теңге иеленді.

 

Қызылорда