Қазақстан • 07 Қазан, 2021

Бірлік пен татулық – береке бастауы

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр Сардоба апаты салдарынан Мақтаарал ауданындағы 7 500 гектар егіс алқабы зардап шеккен болатын. Егістікке қайтара мақта дәнін себу жұмыстары жүргізілді. Аудандағы су басқан егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, шитті мақта егу жұмыстарына көрші өзбек елі қолдау көрсеткен болатын. Өзбекстан Республикасының Жызақ және Сырдария облыстарынан 40 арнайы техника мен 250 тонна мақта шиті жеткізіліп, шаруалар көмектесіп, мақта дақылын қайта егіп берген еді.

Бірлік пен татулық – береке бастауы

Биылғы қуаңшылыққа қарамастан мақталы аудандардың шаруалары ағын суды артығымен алды. Былтырдан бері алғаш рет оңтүстік өңірінің шаруалары егістікке кедергісіз ағын су ала бастады. Нәтижесінде, мақта терімі рекордтық көр­сеткішке жетті. Бұл жетістіктерді ди­қандар екі ел арасындағы өзара ын­ты­мақтастық байланыстардың нығая түсуінің нәтижесі ретінде бағалауда. Түркістан облысына арнайы келген Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, Президент ке­ңес­шісі Тұрсынхан Құдайбергенов пен Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев бастаған делегация ауыл шаруашылығы саласына сер­піліс әкелген өзгерістерге куә болып, мақталы аудандардың шаруаларымен кездесті. Мәртебелі қонақтар еліміздің Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Серікқали Брекешов және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге мақтааралдықтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Арнайы делегация «Алмат» шаруа қожалығының мақта терім алқабында болды. Ағын суды биыл артығымен пайдаланған шар­­­уалар мол өнім алуға ниетті. Сондай-ақ өңірде мақта бағасы өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Облыста 18 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам қабылдау бекеті арқылы 1 тонна шитті мақта 300 мың теңгеден қабылдануда. Бүгінде жоспарланған егіс көлемінің 33 мың гектары теріліп, 70 мың тоннадан астам өнім жиналды.

«Былтыр өзбекстандық техниканың көмегімен сел басқан егістік алқабына мақтааралдықтар мақта дәнін қайта сеуіп алды. Көрші ағайындар техникадан бөлек, жанар-жағармайын, сұрыпты шитін де тегін беріп отырды. Сол кезде шығынға ұшыраған шаруалар үшін бұл өте үлкен көмек болды. Күндіз-түні тынбай еңбек еткеннің нәтижесінде биыл мақта бітік шықты. Баға да көтерілді. Қазір килосын 300-320 теңгеден сатып жатырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды артығымен алдық. Осының барлығы көрші елмен орнаған достық қатынас арқылы жүзеге асырылып жатқанын білеміз. Мемлекет қолдауымен тыңайтқыш пен жанар-жағармай жеткілікті. Ел риза. Диқандар табысын арттыратын болды», дейді «Бағдат» шаруа қожалығының басшысы Дәулетбай Жорымбетов.

Биыл 110 мың гектардан 280 мың тонна шитті мақта теру жоспарланған. Мақта талшығы Еуропаға экспортталады. Сонымен қатар жиын-терін жұмыстарына 43 мың тонна жанар-жағармай бөлінген. Оның бағасы литріне 172 теңгеден босатылуда.

Өзбекстаннан келген делегация, сондай-ақ Мырзакент жаңа шағын ауданын­да салынған 1 200 орындық мектеп құрылысымен танысты. Онда орнатылған заманауи қондырғылар мен мектепте енгізілген жаңа жобаның мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

«Ел-жұрттың амандығын көріп, осын­дағы жақсы өзгерістерге қуанып тұрмыз. Қиындықты еңсеріп, бірлік пен еңбектің нәтижесінде Мырзакент заманауи орталыққа айналыпты», деді Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Т.Худайбергенов.

Өз кезегінде облыс әкімі Ө.Шөкеев былтыр болған төтенше жағдай бауырлас екі ел үшін де оңайға соқпағанын айтып өтті. «Өздеріңізге белгілі, жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей ба­қы­лауымен Мақтааралға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Тасқын судың зардабын жоюға көрші Өзбекстан елінен көмек келіп, қоян-қолтық жұмыс істедік. Бауырлас өзбек халқымен жарқын кезеңдер мен сынақ сәттерде де біргеміз. «Бірлігі бе­кем ел бәрін жеңеді» демекші, бұл сынақ халқымыздың бір­тұтас елдігінің айқын дәлелі болды. Қиын сәттер артта қалып, әр отбасына тек бақытты күндер бұйырсын», деді облыс әкімі.

Жаңа мектепке жиналған мырза­шөл­діктер тұрғындардың қиын кезде жайлы тұрмыс іздеп, басқа жаққа үдере көшпегенін қуана айтты. «Қиындықтар ұмытылып, туған өлкеміз бұрынғыдан да гүлденіп келеді. Қаншама жаңа ғи­мараттар, емдеу мекемелері салынды. Айнала көкке оранып, ауданымыз ажарлана түсті. Өзбекстан халқымен ғасырлар бойы бірге өсіп келеміз. Ол жақта ағайын-туыс тұрады. Бір өзеннен су ішіп, бір ауамен тыныстаған туыс халықпыз. Қиындықта көмек беріп, қуанышымызды да бөлісіп отыр», дейді Мырзакент ауылының тұрғыны Шахзада Құрбанбаева.

Сондай-ақ Өзбекстаннан келген арнайы делегация Жетісай қаласындағы «Қыдыр ата» жекеменшік емханасының жұ­мысымен танысты. Заманауи жабдық­тал­ған медициналық мекемеде 120 ем­делуші ем қабылдай алады. Клиника дәрігерлері 100 шақырым жерде орна­ласқан ташкенттік әріптестерімен тә­жірибе алмасып отырады.

 

Түркістан облысы