Еске сала кетсек, Швецияда пайда болған бұл плоггинг «жүгіре қоқыс жинау жарысы» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі уақытта саламатты өмір салты мен экологияға қамқорлықты біріктіретін бұл ұғым әлем бойынша жаңа фитнес-тренд ретінде кеңінен таралып келеді.
Ал кеншілер астанасындағы плоггинг басталар алдында «Экожастар» мектебінің экотренерлері қоқысты дұрыс жинау және сұрыптау бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі – Қарағанды жоғары политехникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Азамат Екіжанов плоггингтің шын мәнінде спорттық сенбілік екенін атап өтті.
– Мұндай формат қатысушыларға спортпен шұғылдануға ғана емес, сонымен қатар өз қаласын таза ұстауға мүмкіндік береді, – деді ол.
«Тазалық күні» акциясы барысында ең жылдам және ең көп қоқыс жинағандар арасында байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Бұл сайыста Қарағанды жоғары политехникалық колледжі жеңімпаз атанса, 2-ші және 3-орындарды сәйкесінше Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледж бен Қарағанды машина жасау колледжі иеленді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері Sportident электронды белгі жүйесінің көмегімен анықталды.
«Сарыарқа дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Асхат Кәкетаев осындай жарыстарды өткізуге болатын орындар санын арттыру жоспарда бар екенін айтады. Сондай-ақ ол плоггинг пішіміндегі сенбіліктердің жастар арасында танымал болып келе жатқанын, мұның өзі қала тұрғындарының назарын экология проблемаларына аударатын таптырмас құрал екенін жеткізді.
ҚАРАҒАНДЫ