Облыстық инспекцияның басшысы Рүстем Қарекеновтің айтуынша, ғарыш серігі арқылы белгі таратып отыратын киікбаудың сирек кездесетін жануарлар мекендейтін ортада күзетті күшейтуде және бөкендерді браконьерлерден қорғауда көп көмегі тиеді. Торғай өңіріндегі түз еркесіне көбіне Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан келетін браконьерлерден қауіп төнеді екен.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының қызметкерлері 28 қыркүйектен бері алты аналық бөкенге мойынбау тағыпты. Мамандардың айтуынша, арнайы құрылғы аналық бөкенге ғана тағылады, киіктің текесіне тиісуге болмайды. Мойнына бау тағылған теке бір жылға жетпей өліп қалады екен. Ал аналық бөкен үш жылға дейін мойынбауды елеместен бүлкілдеп желіп жүре береді.
Облыстық инспекцияға қарасты жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылық бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рустам Бидібаевтың айтуынша, жануарлар күзетіндегі мамандар киіктің қай маңда жүргенін 2-3 жылға дейін осы мойынбау арқылы көріп-біліп отырады. Арнайы бақылау құрылғысы одан әріге шыдамайды, белгі беретін магниті қуатын жоғалтқан соң, түсіп қалады екен.
Киікті аулап, жануарға мойынбау тағу – аса жауапты әрі қиын шаруа.
– Бөкендерді тормен ұстаймыз, бұған кем дегенде 4-5 адам керек. Түздің ерке тағысын алдымен жерге жығып, 2-3 адам тырп еткізбей ұстап тұрады. Одан кейін көзін жауып, жылдам мойынбау тағамыз. Мойынбау тағып жатқанда, бөкеннің биометриялық мәліметтерін де өлшеп үлгереміз. Осының бәріне 5-6 минутта үлгеруіміз керек. Оның өзіндік себебі бар, киік қолға түскен соң жануардың қорқыныштан тұла бойы дірілдеп, қан қызуы көтеріледі. Шапшаң қимылдамасаң, тіпті қолыңда өліп кетуі де ғажап емес. Сондықтан мұндайда тез қимылдап, үнемі киіктің қан қызуын бақылап отыру маңызды. Біз кейде жануардың мойнына бау тағып үлгермей қаламыз. Дене қызуы шектен тыс жоғарылап бара жатса, дереу еркіне жібере саламыз. Бірақ биыл бәрі ойдағыдай өтті, – деді Рустам Бидібаев.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы биыл 25 киікке мойынбау таққан. Соның алтауы Қостанай облысында жүр. Ассоциация өкілдерінің айтуынша, елімізде киіктің Үстірт, Бетпақдала және Орал популяциясы бар, солардың бәріне ғарыштық белгі таратқышы бар мойынбау тағылады.
Қазақстанда киікті аулау және оған мойынбау тағу әдістемесі 2009 жылы әзірленген. Содан бері 180 бөкен ғарыштық таратқышпен бақыланады. Бұл үйірлі жануарлардың мінез-құлқын зерттеуге де көмектеседі. Соңғы 12 жыл ішінде жиналған мәліметтер киіктердің қай өңірде төлдеп, қай жерде қыстайтынын айна қатесіз анықтауға, сондай-ақ популяция ареалдарының шекараларын шатаспай ажыратуға мүмкіндік туған. Мамандар, тіпті, бөкендердің көшіп-қонуына қандай темір жолдар мен көлік жолдары кедергі келтіретініне дейін белгілеп қойған.
Қостанай облысы