11 Ақпан, 2014

Айбардың аэроботы

408 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Аэробот – көліктің қандай түрі­ екенін білесіз бе? Ә, сәл ойла­нып қалдыңыз ба? Оқасы жоқ. Ендеше, өз сауалымызға өзіміз жауап қай­тар­сақ, аэробот – қардың немесе­ жұқа мұздың бетімен ағыны аз, суы таяз өзен-көлдерде емін-еркін қоз­ғалатын жүрдек көлік түрі. Осы­нау ерекше қозғалыс құралы қыс кездерінде су айдындары мен ақ қар үстінде бейне бір қайық қызметін де атқара алады. Көршілес Ресейде аэробот шығаратын бес-алты ша­ғын өндіріс орны болғанымен, Қа­зақстанда бұған дейін аэробот құрастырылып көрмепті. Міне, ай­рықша инновациялық мәні бар инноваторлық техниканың еліміздегі алғашқы құрастырушысы оралдық өнертапқыш Айбар Құспанов бол­ға­лы тұр. Ол Қазақстанда тұңғыш рет аэродинамикалық тартқышты аэро­боттың бірнеше үлгісін жасап­ шығарды. Орал қаласындағы «Ал­горитм» технопаркінде осы ерекше­ жобаның таныстырылу рәсімі өткізілді. аэробот1-1 Оның техникалық сипаттама­сын сөз етсек, «Субару» қозғалтқышы қондырылған су көлігінің салмағы мейлінше жеңіл, 350 килограмнан аспайды. Айбардың аэроботының судағы жылдамдығы сағатына 70 шақырым құраса, қар үстінде сағатына 100 шақырымдық жылдамдықпен жүйткиді. Құны – 2 миллион 600 мың теңге. Бұл баға ресейлік өндірісшілердің ұсынып отырған бағасынан біршама төмен. Оны сатып алушылар немесе тұтынушылар сервистік қызметке алаңдамауларына болады. Мұны әзірге оралдық өнертапқыштың өзі атқарады. Айбардың айтуынша, аэроботты құрастыруға емес, оған қажетті материалдарды алыс шетелдерден тапсырыс­пен алдыртуға көп уақыт кетеді екен. Айталық, аэробот жасауға қажетті тотықпайтын алюминийді Санкт-Пе­тербургтен, «Тойото», «Субару» қоз­ғалтқыш­тарына Жапониядан, өз­ге қосал­қы бөлшектерді ресейлік зауыт­тар­дан алуға тура келіп отыр, дейді ол. Мамандығы инженер-конструктор болып табылатын А.Құспанов сызбалармен қажетті құжаттарды өзі жасайды. Осы орайда Айбардың бизнес бастамасы, Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, үде­мелі индустрияландырудың екінші және одан кейінгі бес­жылдықтарында атқарылатын жобалар мен салалар қатарынан орын ала алады демекпіз. Отан­дық жаңашыл Жолдау талабына сәйкес алдағы уақытта өз бизнесін кеңейтіп, оны сыртқы нарықтарға шығаруды көздейді. Айбардың бұдан өзге де бизнес-жоспарлары бар. Техни­ка­ны жетілдіру, автокөлік дөң­гелектерін шешіп алып, оның ор­нына теміртабан орнату жолдарын іздестіріп тапты. Тауда да, тастың үстімен де, бұған қоса, жолсыз жерде жүруге арналған Айбар ойлап тапқан мұндай көлік түрлері геологтар мен мұ­найшыларға аса қажет екені анық. Бұл ауыл шаруашылығы са­ласындағыларға да көктемгі-күзгі лайсаңдарда таптырмас көлік болмақ. А.Құспанов айрықша кө­лік түрлеріне тапсырыстарды жеке және заңды тұлғалардан, салалық министрліктерден күтеді. Бүгінгі күндері Орал қала­сындағы арнайы цехта Төтенше жағдайлар министрлігіне арналған аэробот құрастырылу үстінде. Орал технопаркінің технологиялық бизнес-инкубациялау бөлімі мен коммерция­ландыру аймақтық орталығы мамандары аэроботтың тәжірибелік үлгісі оны өндірістік негізде шығаруға әбден лайықты деген ұйғарымға келіп отыр. Егер бұл ұсыныс Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік тарапынан қолдау тапса, Оралдағы технопарк арқылы өнімнің техникалық құжаттамаларын дайындап, сынақтан өткізуге мүмкіндік ашылары анық. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қорының аймақтық филиалы арқылы 3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болған Айбар Құспанов көп ойланбастан аэробот құрастыруға бекем бел буған екен. Оның инновациялық қадамы осылай басталыпты. Ендеше, іске сәт, дейміз де.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

ОРАЛ.