Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Малайсары батыр - Ермак көшелерінің қиылысында «Газ-А65R35» автокөлігін тоқтатқан. Аталған шағын автобус жолаушылар тасымалын жүзеге асырады.
«Құжаттарды тексеру кезінде 48 жастағы жүргізуші өзін дұрыс ұстамаған, қозғалысы күдік тудырған. Бірақ алкогольге тән иіс болмаған, ал жүргізушінің өзі сау екенін айтқан. Алайда медициналық тексеруден өту кезінде жүргізушінің есірткіге мас болғаны анықталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Енді оған жеті жыл бойы көлік құралдарын жүргізуге тыйым салынады», деп хабарлады Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрғали Омарбеков.
Еске сала кетейік, қоғамдық көлікті басқаратын жүргізушілер тарапынан бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы 4-13 қазан аралығында өткізіледі.