05 Мамыр, 2010

БІРЫҢҒАЙ ЖҮЙЕ СЕНІМДІ АҚТАЙ АЛЫП ОТЫР МА?

548 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында Астанада “Нұр Отан” ХДП жанындағы Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысына “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты, деп хабарлады “Нұр Отан” ХДП-ның баспасөз қызметі. Жиын бейнемәслихат түрінде өтті, бұл жергілікті атқарушы орган мен партия филиалдары жетекшілерінің, мемлекеттік қыз­меттер мен рұқсат беру құ­жаттарының сапасы мен қол­же­тімдігін бақылау және мони­то­ринг жөніндегі аймақтық қоғам­дық кеңес мүшелерінің мәселені талқылауға қатысуына мүмкіндік туғызды. Қазақстанда денсаулық сақ­тау жүйесін реформалау аясында үстіміздегі жылдың 1 қаңтары­нан бастап Бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) енгізілді. Жаңа бастамаға “Нұр Отан” ХДП мониторинг және қоғамдық ба­қы­лау жүргізіп отыр. Осы мақсатта Қазақстанның медициналық ұйым­дарының базасында үстіміздегі жыл­дың қаңтарынан бастап партиялық бақылау постылары жұмыс іс­тей­ді. Республика бойынша бар­лығы 316 пост құрылған. Меди­ци­налық қызметтерді тұтынушы халықтан, сондай-ақ медицина қызметкер­лерінің өздерінен ме­дициналық қызметтердің сапасы мен қолже­тім­дігіне қатысты көп­теп шағым­дар түсуіне байланыс­ты БҰДЖ енгізу мәселесі ке­ңес­тің мұқият бақылау нысанына айналды. Әсіресе, еліміздегі медицина­лық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етуге баса назар ауда­рылды. Өйткені, бұл мәселе алаң­датарлық жағдайда. Ағым­да­ғы жылдың ал­ғаш­қы айларында дәрілердің же­тіспеушілігі бай­қал­ған. Орын алған жағдайдың бір­ден-бір себебі – “Фармация” СҚ, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі және жергілікті ат­қарушы органдар арасында дәрімен қам­тамасыз ету бойынша нақты міндеттердің анықталма­ған­дығы болып отыр. Нұрлан Нығ­ма­ту­лин: “Біз еліміздің медициналық меке­ме­лерінде барлық дәрілік қажет­ті­лік­терді үздіксіз жеткізіп тұруды қам­тамасыз етуіміз керек, біздің аза­маттарымыз бұдан зардап шек­пеуі тиіс. Ал қандай бір ұлттық компания деңгейінде, қандай бір мекемелермен тіл табыса алмай жатқанымыздан біздің халыққа келер пайда жоқ. Сол үшін біз ортақ тиімді жол табуымыз қажет. Егер ұлттық компания бұған дайын болмаса, өзіне ол міндетті алуға асығудың керегі жоқ еді, ал дайын болса, онда өтініш түсірген компа­ния­дан, медициналық мекемеге дә­рі­лерді жеткізуге дейінгі жұмыс­қа дайын екендіктерін айту ке­рек. Ондай жағдайда жауапкер­шілік тікелей “Фармация” СҚ жүктелуі тиіс”, – деді. Кеңес отырысының қоры­тын­дылары бойынша БҰДЖ ен­гізу механизмін жетілдіруге ба­ғытталған ұсыныстар қа­был­дан­ды. Бұл ұсыныстар Ден­саулық сақтау министрлігі мен Үкіметке жол­данатын болады.