ШВЕЙЦАРИЯ МИГРАНТТАРҒА ҚАРСЫ
Швейцарияда жексенбі күні мигранттардың елге келуін шектеу туралы референдум өткен еді. Нәтижесінде респонденттердің 50,3 пайызы шектеуді жақтап дауыс берді. Бұл – дауыстарды санаудың алдын ала жасалған нәтижесі.
УКРАИНАЛЫҚҚА РЕСМИ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
Жетінші ақпанда Харьковтен Ыстамбұлға ұшып келе жатқан ұшақты басып алмақ болған Украина азаматына ресми айып тағылды. Түркия полициясының хабарлауынша, одан жауап алынғаннан соң қамауға алынған.
Түркия елінің заңнамалары бойынша, әуе кемесін басып алуға әрекеттенгендер кемінде 20 жылға сотталады. Оқиға 7 ақпан күні кешкісін ұшақ бортында болған еді. Бортында 110 жолаушы бар ұшақ өз бағытымен ұшып келе жатқанда, украиналық мас азамат өзін ұшқыштар кабинасына кіргізуін және әуе кемесін Олимпия ойындарының ашылу салтанаты өтіп жатқан Сочи қаласына бұруын талап еткен ғой. Мұнымен қоймай ол ұшақты жарамын деп те қорқытыпты. Ал ол Харьков қаласының 45 жастағы тұрғыны Артем Козлов деген болса керек.БҰРЫНҒЫ БАС ПРОКУРОРДЫ АТЫП КЕТТІ
Ливияның бұрынғы бас прокуроры Абделазиз аль-Хасади атып өлтірілді. Ол өзінің туған қаласы – Дернадағы туыстарына келген кезде оққа ұшқан. Оған жасалған қастандық жауапкершілігін қазірге ешкім мойнына алған жоқ.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
● Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Сердюковқа 2012 жылы Ресей Батыры атағының берілгенін хабарлады. Бұл атақ оған құпия жарлықпен берілсе керек. ● Босния мен Герцеговиния астанасы Сараевода осының алдындағы жаппай қарсылық акциясы кезінде ұсталғандарды босатты. ● Калифорнияда жол-көлік оқиғасы кезінде алты адам мерт болды. Апат бір автокөліктің қарсы жолға шығып кетуінен орын алған.ҚАЛЫҢ ҚАР ӘБІГЕРГЕ САЛУДА
Жапонияның жергілікті NHK телеарнасының хабарлауынша, ел аумағына қалың қар түсуінің салдарынан жеті адам қаза тауып, бір мыңға жуық тұрғын түрлі жарақат алған. Ақпаратқа қарағанда, қаза тапқандардың өліміне жол-көлік оқиғалары себеп болған.
ІЗДЕУДЕГІ ЕСІРТКІ БАРОНЫ ҰСТАЛДЫ
Мексика полициясы «есірткі бароны» деп айыпталып, АҚШ билігі тарапынан іздестіруде жүрген Тирсо Санчесті қолға түсірді. Ол Мексиканың Гуанахуато штатында ұсталған.
АҚШ-тың мемлекеттік департаменті күдіктінің тұрып жатқан жері туралы ақпарат берген адамға 5 миллион доллар беруге уәде еткен көрінеді. Ведомство бұл қаржыны бергені жөнінде ақпарат жоқ. Ал АҚШ билігі Санчес 2000-2003 жылдары аралығында АҚШ аумағына 76 тонна кокаин жеткізуді ұйымдастырды деген күдік келтіреді. Сонымен бірге, Санчесті Колумбия құқық қорғау органдары да іздестіріп жатқан екен.КЕМЕЛЕРІН НЕ ҮШІН АТТАНДЫРДЫ?
Иран үкіметі өздерінің бірнеше әскери кемесін Атлант мұхитындағы АҚШ-тың теңіздегі шекарасына аттандырды. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.