Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында: «ЖаҺандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі», деп атап көрсетті. Бұл үнемі алға ұмтылып отырған қоғамымыздың басты ұстанымы саналады. Сондықтан да, 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес өкілдерінің ішкі жалпы өнімді молайтуға қосар үлесі 50 пайызды құрайтыны шек келтірмейтін шындыққа айналатыны анық. Осы орайдағы нақты қадамдарды көркем Бурабайдағы туризм индустриясының жандануынан да көруге болады. Бүгінгі күні мұнда Мемлекет басшысының уақыт өзегіндегі тапсырмалары ойдағыдай орындалып жатыр. Цифрлар тілімен сөйлесек, туризм саласындағы бизнес өкілдерінің үлесі 99 пайызды құрайды. Сондай-ақ, туризм, Елбасы айтқандай, отбасылық бизнесті өркендетуге қолайлы мүмкіндік ашып отыр. Қазір салалық бизнестің төрттен бірін құрайтын олардың қызметі жұртшылыққа жақсы таныс. Бәсекелік ортаның кеңеюі сапа мен баға саясатына оң ықпал ететіні де белгілі. Туризм индустриясы мен сауықтыру саласында медициналық туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлінетіні қуантады. Бұл орайда, Ақмола облысының мол мүмкіндігін тиімді пайдалануда деуімізге болады. ЖауҺар табиғатымен көз тартатын, саф ауасымен, минералды су қайнарларымен, емдік сазбалшықтарымен ерекшеленетін өлкенің елуден астам демалыс үйлері мен санаторийлері емдік-сауықтыру қызметін көрсетеді. Мемлекет бұл тұрғыда кең ауқымды қолдау көрсетіп отырғаны жұртшылыққа аян. Елбасының тапсырмасымен республикамыздағы тұңғыш алты жолақты автобан Бурабайға тартылды. Көкшетауда Халықаралық дәрежедегі әуежай пайдалануға берілді. Желден жүйрік экспресс-пойыз жүйткіп тұр. Бурабай арнайы экономикалық аймағы құрылды. «Балдәурен» атты қазақстандық Артек шетелдік балалардың да думанды ордасына айналды. Солардың қатарында әлем назарына ілігіп, өлке тартымдылығын күшейткен «Rixos Burabay» бес жұлдызды отелі мен оның іргесінде орналасқан «Қазақстан Лапландиясын» ерекше мақтанышпен атауға болады. Соңғы үш айда ғана біздің Лапландиямызды 15 мыңға жуық турист тамашалап, қызметтің озық үлгісіне ризашылықтарын білдірді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.