Пікір • 08 Қазан, 2021

Кейнс теориясы

7157 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өркениетті елдер нарықтық қарым-қатынасты бетімен жіберіп отырған жоқ. Бәрі де мемлекеттік мүддені қорғау мақсатында экономиканы реттеу мәселесімен терең айналысады. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Мұны кейнсшілдік дейді, яғни экономиканы мемлекет реттеуді жақтайтын экономикалық саясат.

Кейнс теориясы

Бұл бағыттың негізін қалаушы – ағылшын­ның көрнекті ғалым-экономисі Джон Мей­нард Кейнс (1883-1946). Ол өзінің 1936 жылы шық­қан «Жұмыспен қамту, ақша және па­йыз­дың жалпы теориясы» деген еңбегінде эко­номи­калық мәселелерді реттеудің макроэко­но­ми­калық негіздерін жасай отырып, микро­эконо­­ми­каның біраз мәселесін талдап көрсетіп берді. Осы тео­рия негізінде экономиканың екін­ші құ­рамдас бөлігі – макроэкономика қалыптас­ты. Кейнстің бұл теориясы әлемге кеңінен танылды.

Кейнс неоклассикалық ілімнің негізгі қағидаларынан бас тарта отырып, нарық өзін-өзін реттей алмайтын тетік екенін дәлелдеп берді. Кейнстің басты идеясы – экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігі. Өйткені таза нарық жағдайында экономиканың күрделі мәселелері, атап айтсақ, жұмыссыздық, инфляция, экономиканың кезеңдік ауытқуы, әлеуметтік қамсыздандыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту сияқты күрделі мәселелер өздігінен шешілмейді, оны реттеу үшін мемлекет нарыққа міндетті түрде араласуы қажет. Кейнс ең алдымен экономиканың қозғаушы күші деп ұсынысты емес, сұранысты бірінші орынға қояды, демек, оның теориясы бойынша, жиынтық сұранысты көтеру немесе қолдау үшін алдымен мемлекеттің бюджет-салық және ақша-несие саясатын қолға алу керек.

Кейнстің макроэкономикалық теориясын Элвин Хансен, Пол Самуэльсон, Джон Хикс, Евсей Домар және Рой Харрод сияқты ғалым­дар әрі қарай іліп әкетіп, неокейнстік бағытт­ың негізін қалады. Қазіргі жағдайда қай мем­лекетті алсаңыз да экономиканың барлық сала­сын мемлекет араласуымен реттелгенін көре­міз, бірақ реттеу тетіктері ғана әртүрлі. Басты қа­ғидасы – халыққа жағдай жасау, мемлекет мүд­десін қорғау, т.б. Айталық, Амери­када эко­но­миканы мем­лекеттік реттеу­дің бас­ты құралы – феде­рал­дық бюджет. Мұнда әлем­дегі өнер­кәсіп­тің 34%-ы шоғырланған, бү­кіл елдер­дегі шикі­зат­тың үштен бірін пай­­даланады, сондықтан олар экс­­порт­тық саясат­қа қолдау көрсеткенді тәуір кө­ре­ді. Амери­каның экспорт шығаратын ел­дері – Кана­да (23%), Жапония (10,3%), Мексика (10,1%), Ве­ликобритания (5,3%), Германия (3,7%), Оң­түс­тік Корея (3,4%) және Тайвань (3,2%).

Еуропалық одақ мемлекеттері аграрлық саланы мемлекеттік қолдауға көбірек көңіл бөліп келеді. Ондағы басты талап – азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Бұл елдерге азық-түлік экспорты бойынша бүкіл әлем көрсеткішінің 17%-ы келеді,  сүт пен шошқа етінен жасалған өнімдерді экспорттауда екінші орында және құс өнімдері мен дәнді-дақыл бойынша үшінші орында. Бұл саланы мемлекеттік реттеу сан салалы. Мұнда 1957 жылдан бастап біркелкі аграрлық саясат қалыптасқан. Аграрлық саланы қаржыландыру Еуропа елдерінде өндірілетін өнім құнынан 1,5-2 есеге дейін көп. Еуроодақ өнімнің сапасына, азық-түліктің жеткілікті болуына, әлемдегі  нарықта тепе-теңдік болуына ықпал етуге, ауылдық жерді өркендетуге, климат өзгеруі мен қоршаған ортаны сақтауға назар аударады. Сондай-ақ мемлекет баға белгілеу,өндіріске квота, экспорттық төлемдер, импорттық тариф және тарифке квота белгілеу мәселелерін қалт жібермей, реттеп, қадағалап отырады. Бұл елдерде фермерлерді тікелей қаржыландыру да жақсы жолға қойылған. Міне, осындай шаралардың негізінде Еуропа тұрғындарын өздерінен шығатын азық-түлікпен толық дерлік қамтып отыр. Мысалы, Франция өзінің өнімімен тұрғындарды 100% қамтыса, Германия – 93%, Италия 78%-ға жеткізген.

Ал Қазақстанда мемлекеттік реттеу механизм­дері барлық саланы тиімді қамтып отыр деп айта алмаймыз. Экономиканы дамытуда әртүрлі мемлекеттік, салалық, жергілікті жерлерде көптеген бағдарлама қабылданып жатады, оның бәріне бюджеттен шығын көп, пайда аз. Айталық, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары олардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі есебінен қымбатқа түсуде. Қазір азық-түлік бағасының қымбаттығы да көпшіліктің көкейкесті мәселесіне айналғалы қашан. Тағам өнімдерінің құнын түсіру үшін им­порт­пен келетін тағамдарға кедендік баж салығын көбейтіп, керісінше, өзімізден шыға­тын өнімдерге қолдау көрсету керек. Сол сияқты мерзімдік өнімдердің тапшылығы кезінде олардың экспортқа шығуына тыйым салына тұрса, нарық реттелер еді.

Сондықтан экономиканы бетімен жібермей, мемлекет өзі реттеп отырғаны жөн. Бұл – Үкімет­тің жауапкершілігіндегі  шаруа. Сондықтан «Адам Смит мырза демала тұрыңыз, Кейнс, қош келдіңіз» дейміз.