Өнер • 08 Қазан, 2021

Сахна саңлақтары – солтүстікте

490 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлыбританияның премьер-министрі У.Черчилль ІІ Дүние­жүзілік соғыс жүріп жатқанда өзіне елдің жылдық бюджетінің жобасын көрсеткен қаржы минис­трінен: «Мәдениетке бөлі­нетін қаржы қайда?» деп сұрапты. Қаржы минис­трі: «Соғыс жүріп жатқанда қай­дағы мәдениет?» дегенде ұлы адам: «Сонда біз не үшін соғысып жа­тырмыз?» деген екен. Сол айт­қандай, қандай қиындықтар кезінде де мәдениет тоқырауға тиіс емес. Соның бір айғағындай бо­лып М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры Қызылжарға алты күн­дік гас­трольдік сапармен келіп, шынайы өнерге сусаған халықтың шөлін қандырды. Олар Н.По­годин атындағы орыс драма театрының сахнасында өнер көр­сетті. Пандемиядан қорғану режі­мін сақтай отырып, күніне екі спектакль қойылды.

Сахна саңлақтары – солтүстікте

Біз аталған театр директорының шы­ғар­­машылық жөніндегі орынбасары, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбайды әңгімеге тартып, шағын сұхбат құрған едік.

«Былтыр мына індеттің кесірінен ешқайда шыға алмадық. Биыл Мәде­ниет және спорт министрлігінің рұқ­сатымен алды­мен Көк­шетау қала­сын­­да болып, енді, міне, Қы­зылжар қа­­­ла­сында гастрольдік сапармен жүр­міз. Мұнда келмегенімізге жиырма жылға жуықтаған. Бұдан бұрын, 2003 жылы «Қазақстанның Ресейдегі жы­лы» болғанда Омбы қаласына барып, жол-жөнекей осында үш спек­такль қойғанбыз. Халықтың ыс­тық ықы­ласына қарағанда, сахна саң­лақ­тарын сағынып қалғандары кө­рініп тұр. Бұл жолы театрымыздың бір­неше жанрды қамтыған ең жақсы спек­такль­дерін алып келдік. Соның ішін­де Д.Иса­бековтің «Жаужүрек», М.Жұ­­ма­баевқа арналған «Жүз жылдық ма­хаб­бат», Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бой­даққа бір той», А.Володиннің «Қош­тас­қым келмейді», И.Сапарбайдың «Сы­­ған серенадасы» спектакльдері және театрымыздың жас режиссері Жұлдызбек Жұманбайдың қойылымын­дағы Абай­дың қарасөздеріне құрылған «Қара» инсценировкасы бар. Сонымен бірге өзіміздің театрымыздың талантты актрисалары Назгүл Қарабалина (идея авторы) мен Баян Қажынәбиева да­­йындаған «Ту­ған күн» атты бір ак­тер­дің орындауымен қойылған моно­спек­такльді әкелдік. Оны С.Мұқанов атын­дағы қазақ театрын­да қойдық. Күн суық­тау болса да халықтың елжіреп, жүрек жылуын сыйлағанын көрдік. Сондықтан барлық көрерменге, соның ішінде ауыл-аудандардан арнайы келген ағайынға, бізді қуана қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқан облыс басшылығына, барлық мәселемізді шешіп берген орыс және қазақ театры­ның директорлары Спар­так Рамазанов пен Біржан Жалғас­баев­қа айтар алғысы­мыз шексіз», деді ол.

Әкемтеатр Қызылжарға індетке бай­­ланысты өнерпаздарының 60 жасқа дейінгі орта буын өкілдерін ғана әкелген екен. Сондықтан труппаны құраған алпысқа жуық адамның негізгі бөлігі жастар. Олардың арасында Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Асылбек Бо­ранбай, Дария Жүсіп, Шынар Асқарова, Гүлнәр Жақыпова сияқты есімдері елге танымал актерлер бар. Солардың ішінде жер­лесіміз Күнсұлу Шаяхметова да болды. «Театр ғана емес, кино, радио, дуб­ляж сияқты өнердің барлық саласын мең­герген, өзіндік үні бар жерлестеріңізге ха­лықтың ықыласы да ерекше екенін көрдік. Ол сахнаға шыққанда халықтың құр­меті, ұзақ соққан шапалағы айрықша болды. Кеше туып-өскен ауданының әкімі де келіп, халық атынан ол кісіге арнаулы сый-сияпатын жасады», деді Жалғас Толғанбай.

Театрдың гастрольдік сапарын бас­тап келген директоры, белгілі өнер қай­раткері Еркін Жуасбек. Қызыл­жар­лықтар М.Әуезов театры­­мен қимай қош­тасады. Тек үзіліс ұзаққа созылмай, шынайы дарындар жиі келіп тұрса деген тілек айтылады.