Руханият • 09 Қазан, 2021

Қарағанды Қасымын ардақтады

723 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілуде. Таяуда республикалық деңгейдегі «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты дәстүрлі Қасым оқулар ақталып, поэзия және вокал жанрлары бойынша өткен сайыстың жеңімпаздары анықталды, деп жазады Egemen.kz.

Қарағанды Қасымын ардақтады

Аталған іс-шара Қасым ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталғанын айта кеткен жөн.  Бұл жерде жас ақындар өлең оқып, ақын рухына жырмен тағзым етті. Одан кейін күйші Қайрат Айтбаевтың құрастыруымен жарыққа шыққан, ішіне Қасымның өз әндері және оның өлеңдеріне жазылған әуендердің мәтіні мен нотасы енген «Бір нәзік сәуле» топтама кітабының тұсауы кесілді.

Жалпы, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл конкурста еліміздің түпкір-түпкірінен, сондай-ақ, Польша елінен 118 үміткер шығармашылық шама-шарқын байқап көрген болатын.

 «Дүниеге келер әлі талай Қасым...» аталымы бойынша ақындар арасындағы байқаудың бас жүлдесі қызылордалық Ақжол Дошановқа бұйырды. Қазылар алқасы бірінші орынға қарағандылық жас ақын Жәлел Шалқар лайықты деп таныса, екінші жүлденің иегері болып Балқаш қаласының ақыны Мақсат Күземханов атанды. Ал үшінші орынды Нұр-Сұлтан қаласы атынан қатысқан Айзада Рахымжанова, Алматы облысының ақыны Аршын Нұрбақыт және Шымкенттен келген Арайлым Мұраталиева өзара бөлісті.

«Жас дәурен» аталымы бойынша өткен өнер сайысында қарағандылық Айбек Рымғали бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынға елордалық Сырым Мұхаметжанов иелік етсе, екінші жүлде де бас қала атынан бақ сынаған  Кәмшат Тұрарбекованың еншісіне тиді. Павлодарлық Жанболат Байсолтан, Қарағанды қаласының өкілі Қуандық Төкенов және солтүстікқазақстандық өнерпаз Ерасыл Алпысбайға жүлделі үшінші орын қылдай бөлініп берілді.

Еске салар болсақ, Қасым Аманжолов оқулары алғаш рет Қарағандыда 2011 жылдың 11 қазанында ақынның 100 жылдық мерейтойын атап өту аясында ұйымдастырылған болатын.

Бұдан кейін кезек Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» республикалық мүшәйрасына келді. Қарағанды облыстық әкімдігінің, облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың  ұйымдастыруымен өткен бұл әдеби байқауда 18-45 жас аралығындағы 100-ге жуық үміткер бақ сынады.

ор

Ақындар жыр сайысына Қасымның өмірі мен шығармашылығын, ел тәуелсіздігін және еркін тақырыпты өзек еткен өлеңдерін ұсынды. Құрамына Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, белгілі ақындар Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан, «Қасым» республикалық қоғамдық-әдеби журналының бас редакторы Серік Сағынтай, Қазақстан Жазушылар Одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Жанат Жаңқашұлы енген қазылар алқасы жүзден жүйрек шыққан 12 ақынды іріктеп алды.

Сонымен, қазылардың шешімімен  «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» республикалық мүшәйрасының жеңімпазы болып Ғылымнұр Кәдірбай атанды. Бірінші бәйге Әсел Оспанға бұйырса, екінші жүлде Egemen Qazaqstan газетінің мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі Мирас Асанға берілді. Ал үшінші жүлделі орын үш ақынға – Есей Жеңісұлы, Айзада Рақымжанқызы және Асыл Сұлтанғазы берілді.

с

Сонымен қатар, Дәуітәлі Стамбеков, Кәрім Сауғабай, Бүркіт Ысқақұлы, Сайлаухан Нәкенов және Жеңіс Қашқынов атындағы арнайы жүлделерге бірқатар ақын ие болды.

Айта кету керек, биыл байқаудың жүлде қоры жылдағыдан екі есеге көбейген. Мысалы, осы жолы бас бәйгені жеңіп алған ақынға тігілген жүлде 1 млн теңгені құрады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар мен Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған әндердің басын құраған «Қасымның әндері-ай» күйтабағы және ақынның сөзіне жазылған әндерден тұратын «Бір нәзік сәуле» кітабы тарту етілді.

Мұнан соң, дауылпаз ақынның ескерткіші орын тепкен Қасым Аманжолов атындағы көшеге 110 қайың шыбығы егілді.

а

Бұл – Алаштың аяулы ұлы, ардақты ақынының 110 жылдық тойының құрметіне орайластырылып істелінген ізгі шаруаның бірі болды.