Оқиға • 09 Қазан, 2021

Қызыл кітапқа енген аққуды атқандар ұсталды

1225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысында Қызыл кітапқа енген аққуды атқандар ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қызыл кітапқа енген аққуды атқандар ұсталды

7 қазанда Егіндікөл АПБ кезекші бөліміне аумақтық орман шаруашылығы қызметкерінен телефон хабарламасы келіп түсті.

Ол «Жұлдыз» аңшылық шаруашылығы аумағында белгісіз тұлғалардың заңсыз аң аулаумен айналысатынын хабарлады. Оқиға орнына дереу келген полиция қызметкерлері 41 және 42 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының екі тұрғынын анықтады.

Оқиға болған жерді тексеру барысында полиция қызметкерлері бір аққу ұшасын, ұсталғандарға тіркелген екі мылтықты, сондай-ақ гильзаларды, 60-тан астам патронды, патронташты тәркіледі. Алдын ала шығын 5 млн 250 мың теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта заңсыз аң аулау фактісі бойынша Егіндікөл АПБ тергеу бөлімі ҚР ҚК 337-бабы бойынша сотқа дейінгі іс бастады. Сараптама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, аймақта бұл суда жүзетін құстарды аулауға тыйым салынған. Аққулар сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің тізіміне жатады және Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.