Руханият • 10 Қазан, 2021

Ұлт ұпайын түгендеген

596 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Мәдени мұра» бағдарламасы халқымызға рухани серпін беріп, мәдениетіміздің дамуына жаңаша леп әкелді.

Ұлт ұпайын түгендеген

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың 2003 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы еліміз тарихында аса үлкен мәдени бетбұрысқа негіз болды. Осы құжат негізінде еліміздің саяси дамуының ішкі және сыртқы бағыты айқындалып қана қоймай, ұлт руханияты үшін айрықша маңызды «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынды.

Бұл жайлы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз Тәуелсіздік кезеңінде бірнеше ауқымды іс атқардық. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық», деп еске алады.

Осы жылдарды аталмыш Бағдар­ла­ма­­ны өткізу комиссиясы тобында бол­ған абыз ағамыз Әбіш Кекілбаев: «Баға­лай біл­мегенге бақ қонбайды, қуана біл­­ме­ген­ге құт қонбайды, барымызды баға­лай білейік, жоғымызды түген­деу­ге кірісе­йік, ағайын. Біздің халқы­мыз құй­рық жал­сыз айтақырда, айда­ла­да пай­да бол­ған жоқ. Мәдени мұра­мызды тү­ген­деу, оған қамқорлық жасау – өткен тари­­хы­мызға ізет, туашақ ұрпақ­қа құр­мет. Тә­уел­сіздігімізді баянды ету үшін тәу­бе­міз­ден жаңылмайық, тәуеке­лі­міз­­ден т­айы­н­ба­йық. Тарих жалпы­ның тағдырынан құра­ла­тынын білің­дер, ал жалқының тағдыры тарих­ты қалыптасты­ратынын тағы ұмыт­па­ңыздар!» деп «Мәде­ни мұра» бағдар­ламасының маңызына баға берген екен.

Бұл пікір әлі де өзектілігін жойған жоқ. Тәуелсіздіктің екінші 10 жылдығының алғашқы кезеңінде Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының бастамасымен қолға алын­ған «Мәдени мұра» бағдарламасы ең әуелі, ұзақ жылдар бойы отарлану зарда­бын шеккен қарапайым бұқараның тарихи санасын жаңғыртумен қатар, қолда бар маңызы зор мәдени құндылықтарды сақтау және пайдалануда құқықтық пәр­­менді жұмыстар жүргізуді, соның ішін­­де мәдени мекемелердің, ғылыми-зерт­теу және жобалау институттарының, жаңғырту ұйым­дарының материалдық-тех­никалық базасын күшейтіп, олардың жұмыстарын қаржылан­дыруды негіз­гі ұстаным ретінде басшылыққа алды. Бағ­дар­ламаны қаржыландыру республи­ка­лық бюджет есебiнен жүргізіліп, шы­ғын көлемi жыл сайын нақты­ланып отырды.

Бағдарламаның іс-шаралар жос­парын кәсіби деңгейде жүзе­ге асыру үшін Үкімет жаны­нан әр саланың ғалымдары мен білік­ті мамандарынан жасақ­тал­ған «Қоғамдық кеңес» құ­ры­­лып, оның жаны­нан 16 сек­ция жасақталды. Бұл сек­ция­­лар­ды мықты мамандар, таны­мал ға­­лым­дар басқарды. «Қоғам­дық кеңес» ма­құл­даған іс-шара­лар жос­парын Елбасы жеке бақы­лауын­да ұстап, кейбір жоба­лар­ға қатысты тың ұсыныстар ен­гізді. Сон­дай-ақ Бағдарламаны жү­йелеп, жілік­теп іс-шаралар жоспарын жасауды Үкі­мет­ке тапсырды. Атқарушы орган бұл тап­сырманы алты айда орындап шықты.

Осы орайда, ұзақ жыл «Мәде­ни мұра» мемлекеттік бағдар­ла­масының жауапты хатшысы қызметін атқарған танымал қа­­лам­гер Әлібек Асқар: «Ал­ға­­шын­да байқамаған екенбіз Бағ­­­дар­­ламаның басы мен аяғы ұшан-теңіз, ауқымына құшақ жет­пес, аумағына өре жетпес ар­на­лы жұмыс, күрделі қаре­кет екен. Тарихымыз бен мәде­ние­тіміздің бай­лы­ғы мен бар­лы­ғын, халқымыздың ер­лігі мен нар­лы­ғын көрсетер шақ туғанын іш­­тей сезсек те, «бисмилла­мыз­­ды» не­ден бастарымызды біл­мей аңыр­дық, бағдарымызды ай­қын­дай алмай дағдардық. «Бір күн тамақ ішпегеннен қы­рық күн ақыл сұрама» депті ғой бая­ғыда атам қазақ. Сол секілді бодан сананың темір құр­сауынан енді ғана босап шық­қан біздердің оң мен солымыз­ды тани алмай жатуымыз, бағ­дар­дан жаңылуымыз, тапыраш ат­тай тапырақтап қалуымыз заң­ды да шығар. Әйтеуір, бәрі­міз шулап жүріп, жабыла жү­ріп алдымен Бағдарламаның Тұжы­рым­дамасын әзірлеп, жоғарыдан бекіттіріп алдық», деп еске алады.

Осылай қабылданып бекітіл­ген Тұ­жы­рым­дамада Бағдарла­маның мақ­саты айқын­далып, руханият және бiлiм беру сала­сын дамыту, eліміздің мәдени мұра­сы­ның сақталуы мен тиiмдi пайдаланы­луын қам­тамасыз ету ісі жүйеленіп, негіз­гі мiн­деттерi төмендегідей болып белгіленеді:

  1. Еліміздiң маңызды тари­хи-мәдени және сәулет ескерт­кiштерiн қайта жаң­ғырту;
  2. Мәдени мұраны, соның iшiнде қазiргi заманғы ұлттық мә­дениеттi, ауыз әдебиетiн, дәс­түр­лер мен әдет-ғұрып­тар­ды зер­делеудiң тұтастай жүйесiн құру;
  3. Көркем және ғылыми кітап серия­ларын шығару арқылы ұлттық әдебиет пен жазу­дың сан ғасырлық тәжiрибесiн қорыту;
  4. Әлемдiк ғылыми ой-сана­ның, мәде­ниет пен әдебиеттiң таң­даулы жетiс­тiктерi­нің негi­зiнде гуманитарлық білім берудiң мемлекеттiк тiлдегi толыққанды қорын құру;
  5. Еліміздің қорларында, мұрағаттары мен қоймаларында сақталған аса көр­нектi ауызекi кәсiби дәстүрде орындаушы – музы­канттардың фоножазба­ларын қалпына келтiру және олар­ды қазiргi заманғы аудио­таспаларға көшiру.

Сонымен қатар Бағдарламаны іске асыру жолы үш бағытта жүргізілетін болды. Олар:

  1. Реставрация, археологиялық қаз­балар.
  2. Мәдени мұраны зерделеудің тұтас­тай жүйесін құру.
  3. Ұлттық, әлемдік ой-сана­ның кітап серияларын шығару.

Жоғарыда бекітілген бағыт­тар бо­йын­ша жоспарланған жұ­мыстың алды 2004 жылы басталды. Ең әуелі, қазақ хал­қының мә­дениеті мен тарихына қаты­сы бар қолжазбаларды, кітаптар мен мұ­ра­ғат­тық құжаттарды табу және сатып алу үшін алыс және таяу шетелдік архив­тер мен кітапханаларға ғылы­ми-зерт­теу экспедициялар ұйым­дас­­тырылып, 2005 жылы алғаш­қы ғылыми-іздестіру топтары Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбек­стан, Батыс Еуропа елдеріне аттандырылды.

Арада бірер ай уақыт өткен­де шетелге аттанған сарапшы­лар Қазақстан тарихы мен мәде­ниетіне қатысты бұрын бізге беймәлім, әлі зерттелмеген тың дереккөздер тауып әкелді. Қы­тай архивтерінен шағатай, манжур, ойрат, моңғол және қытай тілдерін­де жа­зылған Қазақстан тарихы мен мәде­ниеті жөнінде айрықша маңызы бар бес мыңның үстінде құжат елімізге жет­кізілді. Бұл құжаттарда қазақ хандары мен сұлтандарының өзге мемлекет­тер: Қытай, Қоқан, Хиуа, Қырғыз хандық­тарымен ресми хат-хабар алмасулары баяндалыпты. Қазақстан тарихына байланысты бұл жазбалар сол заманның саяси ахуалынан хабар беретін аса құнды деректер деп бағаланды.

Мұндай табысты зерттеулер отандық мамандардың жігерін жанып, рухын көтерді, тіпті қанат­тандырып жібер­ген­дей болды. Екі жылдан соң ежел­гі түрік жазбаларын іздестіру мақ­сатын­да этнограф-ғалымдардан жасақ­тал­ған қо­сым­ша ғылыми экспедиция моң­ғол даласына аттандырылды. Олар ежелгі түрік жазбаларын тауып, әлем­дік түркология ғылымына үлес қосты. Со­нымен қатар ЮНЕСКО-ның алдын ала тізімінде тұрған Әлемдік мұра­ның (Всемирное наследие) әлеуетті нысан­дарының дерекқорын жасау жұмысы сәтті аяқталды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасын іске асырудың алғашқы үш жылында респуб­ликалық бюджеттен 2 728,8 млн тенге, оның ішінде 2004 жылы – 641,6 млн теңге, 2005 жылы – 749,4 млн теңге, 2006 жылы – 1 337,7 млн тең­ге бөлінді. Ал Бағдарлама қарқын алған 2007-2011 жылдары мемлекет тарапынан 12 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлді.

Басқасын былай қойғанда, тәуелсіздік жылдары ТМД ел­дерінде мәдени салаға дәл осындай қаржы бөлген мемлекет жоқ. Алғашқы жеті жылда 93 тарихи-мә­дени нысан жаңғыртылып, оның 73-іне қа­л­пына келтіру жұмысы жүргізілді. Ай­та кететін жайт, бұл нысандардың көбі ма­­гист­ралдық жолдар бойындағы ел­ді ме­кенде орналасқандықтан, олар респуб­ликалық және халық­ара­­лық туристік маршруттарға енді.

Сонымен бірге алғашқы жыл­дары 40-қа жуық қорған мен қалашықтарда ар­хео­логиялық зерттеулер жүргізілді. Нә­ти­­жесін­де, Атырау мен Қарқаралыдан, Ші­лік­ті мен Берелден алтын киім­ді адам әше­кей­лері табылды. Қазақ жерінің төрт бұ­ры­шы­нан мұндай бір-біріне ұқсас алтын бұйым­дар табылуы – батыр бабалардың даңқ­ты тарихын айғақтайды. Табылған материал­д­ар қазақ тарихының жарқын беттерін толықтырды.

Сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдар­ламасы ТМД және алыс шетелдерде үлкен резонанс тудыр­ды. Бұған дәлел – 2006 жыл­ғы 19 сәуірде Париж қала­сын­дағы ЮНЕСКО Штаб-пәтерін­де «Мәдени мұра» бағдарла­ма­сының тұсау­кесер рәсімі өтті. Бұл тұсаукесерді ЮНЕСКО-ның Бас директоры К.Ма­цуу­ра «Батыс пен Шығысты байланыс­ты­­рып жатқан Қазақстанның мәдени мұ­ра­сы үшін ерекше оқиға» деп атап өтті.

2007 жылға дейін Бағдарлама аясында, 35 мыңнан астам жылжымайтын тарих, археология, сәулет және монументалдық ескерт­кіштер, мәдениет жүйе­сін­дегі 89 мемлекеттік мұра­жай қорлары мен олардың экспози­ция­­сындағы 2 млн 56 мың бір­лік мәдени құндылықтар, мәде­ниет жүйесіндегі 3066 мемле­кет­тік кітапханалардағы 66 млн 840 мың том кітаптар, сирек кездесетін қолжазбалар мен ба­­сы­лымдарға жаңғырту жұ­мыс­­тары жүргізілді. Олардың ішін­де: Айша Бибі, Арыстан баб, Ысмайыл ата, Сырлы там, Есім хан, Шоқай датқа, Оқшы ата, Қара сопы, Аққойлы мешіт-мед­ресесі, Қара­қожа, Ақтас, Үшарал, Шопан ата, Қара­ман ата мазар нысандары және т.б бар.

Сонымен қатар осы аралықта, архео­логиялық қазба мұралар, этногра­фиялық экспедиция материалдары жинақталып, нақ­ты жүйеге түсті. Қол жеткен жетіс­тік­тер қатарында «Бабалар сөзі­нің» алар орны бөлекше. Бұған дейін әр жерде ша­шылып, құрып кетудің алдында тұр­ған хал­қы­мыздың рухани мұрасы 100 томға жинақталып, жарық көрді. Тасқа басыл­ған осынау мол мұра ендігі кезекте қазақ халқының баға жетпес қазынасы, келер ұрпақтың мәңгілік игілігі болып қалмақ.

Жұмыс нағыз қызған 2008 жылы маусымда Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың төрағалығымен Ақордада Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп, бұ­ған дейін Бағдарлама аясында атқа­рыл­ған іске төмендегідей баға берілді.

  1. Бағдарлама ұлтымызға руха­ни сер­піліс әкеліп, мәде­ниетімізге жаңа дем берді.
  2. Нәтижесінде, руханияты­мыз жыл сайын жаңа құндылық­тармен толықты.
  3. Бағдарлама арқылы қазақ хал­қы­ның мәдени мұрасын зерт­теудің біртұтас жүйесін құрылды.
  4. Ұлттық және әлемдік ғылы­ми ой-сана мен мәдениет сала­сын­да әдебиеттер дайындау жө­нін­де ауқымды жұмыстар атқарылды.

Осылайша, елдің рухын серпіл­тіп, еңсесін көтерген, елдігі­міздің ерен үлгі­сін паш еткен бұл Бағдарлама ғылы­ми-мәде­ни ғана емес, еліміздегі ірі сая­си жоба болды. Тарихымыздың ақ­таң­­дақ бет­тері­нің біразын дәйек­теді, мәде­ниеті­міз­­дің мол мұрасын мәйектеді. Мұра­тану ісін жү­йе­леуге негіз салып берді. Тұтас хал­қы­мыз­дың мәртебесін көтеріп, мерейін асырды.

Бағдарламада белгіленген іс-шара­лар­ды тиянақты жүзеге асыру жұмыс­тары оншақты жылға созылып, діт­теген нә­ти­жеге қол жеткізілді. Осы жұ­мыс­тар­дың арқасында қазақ халқының мәде­ни мұ­расын зерттеудің біртұтас жүйесі құрылды, ол ғылыми тұр­ғыда нақты жолға түсті.

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, «Мәдени мұра» – халқы­мыздың ұлттық және мемлекеттік сана-сезімінің, білім алу мен мәдениетаралық түсіністіктің ны­­ға­юына терең әсер етті. Сон­дай-ақ ұлты­­мызға рухани серпіліс беріп, мәде­­­ниеті­міздің дамуына жаңаша леп әкел­ді. Тіптен айтар болсақ, 2004 жылы бастал­ған игі іс 2017 жылы Елбасы негіздеп берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына ұласты.