Аймақтар • 10 Қазан, 2021

Бөкей ордасында туу неге қауіпті?!

306 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауда­нын­да Сәрсенғалиевтар отбасында егіз ұл дүниеге келді. Мұратсайлық Ернар мен Ботакөздің бұған дейін екі қызы, үш ұлы болған екен. Қазір анасына бірден «күміс» және «алтын» алқа тақтырған қос перзенттің жағдайы жақсы.

Бөкей ордасында туу неге қауіпті?!

Алайда егіз ұлдың дүниеге аман-есен келуі оңай болған жоқ. Облыс орталығынан 600 ша­қы­рымдай қашықта жатқан шал­ғай аудан. Жол қатынасы жоқ деуге болады. 2018 жылы Елбасының өзі келіп, «2021 жыл­дың соңына дейін салып бі­ті­рің­дер» деп тапсырған тас жол әлі салынбаған. Ауданда жоғары білімді дәрігер жетіспейді. Ең керекті мамандардың 70 па­йы­зы – зейнет жасындағы қа­рия­лар. Олардың өзі амалдың жоқ­ты­ғы­нан жүр...

...Бөкей ордасы ауданының орта­лығы Сайхын кентіндегі аудандық ауруханада толғағы бас­талған жүкті әйелдің өздігі­нен жеңілдене алмайтыны бел­гі­лі болған кезде облыстағы ден­сау­лық сақтау саласының бүкіл басшылары аяғынан тік тұрған. Ауданда ота жасайтын дәрігер де, анестезиолог маман да жоқ. Ауа райының қолайсыздығынан Оралдан санавиация алдыру да мүмкін болмады. Сөйтіп, Бөкей ордасы ауданымен көршілес жат­қан Жаңақала ауданының дә­рі­­герлері жедел көмекке аттанды.

Көрші аудан деп айтуға ғана оңай. Екі арада 280 шақырым кедір-бұдырлы үйген топырақ жол жатты. «Жедел жәрдем» дегенмен, «УАЗ» көлігінің жүрісі белгілі ғой. Жаңақаладан сағат 22.00 шамасында шыққан топ Сайхынға түнгі 02.00-де ғана жеткен. Жаңақала аудандық ауруханасының бас дәрігері Сержан Серікұлы бастаған дәрі­гер­­лер бірден отаға кіріскен. Сөйтіп, хирургтер Сержан Есен­гө­беков пен Азамат Дияров, анес­тезиолог Дәурен Көкенов, анес­тезиологтің көмекшісі Қожам­бер­ді Жұмагелдин жолдан шаршап келгеніне қарамастан екі сағатқа созылған күрделі отаны сәтті жасап шықты. Қос сәби кесарь тілігі нәтижесінде дүниеге келді. Анасы да аман қалды.

ж

Осы оқиғадан ха­бардар болғандар жаңақалалық дә­рі­гер­лердің еңбегін ерлікке балап, риза­шылық білдіріп жатыр. Түн ішінде, күзгі лайсаңда уақытпен санаспай жолға шығып, ана мен балалардың өмірін құтқарып қалған ақ желеңді абзал жандарға қандай алғыс та артық емес.

– Кеше жанымызды шү­бе­рекке түйіп отыр едік. Алла қол­дап, жарым да, егіздерім де аман қал­ды. Жеңілденгенге дейін Ботакөз Жәнібек аудандық ауру­ха­насының бас дәрігері Сәуле Исмағұловаға қаралып келді. Бо­тагөздің толғағы басталған сәт­те Оралға, облыстық пери­на­таль­дық орталыққа, жедел жәр­дем жүйесіне хабарласып, да­был қаққан да осы кісі. Таңғы алты­ға дейін жақын жанашырымдай телефонмен хабарласып, қол­дау білдіріп отырды. Сәуле Мұғаят­қызына және жаңақалалық дәрі­герлерге әулетімнің атынан риза­шылығымды білдіремін. Алған­дары алғыс болсын әр кезде, – дейді егіздің әкесі Ернар Сәр­сен­ғалиев.

 

* * *

Бір ақиқат бар: Бейбіт заман­дағы ерлік көбіне жауапты мекемелер мен жауапты адам­дар өз қызметін толық атқар­м­аған кез­де, жұмыс дұрыс ұйым­дас­ты­рылмаған жерде туындап жатады. Мәселен, Бөкей ордасы ауданында аурухана мамандары түгел болса, түн ішінде алыстан дәрігер алдырудың қажеті болар ма еді?! Ана мен баланың тағдыры қыл үстінде тұрар ма еді?! Біз қысылтаяң сәтте өз басын қатерге тігіп, ерлік жасаған батырларды қанша ұлықтасақ та, оны осындай ерлік жасауына мәжбүрлеген жағдайды ашық талқылап, болашақта қай­та­ламауға тырысуымыз керек-ақ. Жақында ғана «Атамекен» экспедициясымен Бөкей ордасында болып, жергілікті қауыммен кездескен кезімізде дәл осы мәселе сөз болған еді. Ол мәселе – шалғай аудан тұрғындарының басынан кешіп отырған қиын халі.

Бөкей ордасы – тарихы терең, қасиетті өңір. Бөкей хан Нұралыұлының Еділ мен Жайық арасын қоныс етіп, Бөкей хан­ды­ғын құрғанына биыл 220 жыл толды. Қазақ даласындағы тұңғыш жүйелі білім ордасы – Жәңгір мектебінің ашылғанына биыл – 180 жыл. 1952 жылы әскери полигон құрылып, Орда ауданы таратылғанға дейін мұнда 44 колхоз, асыл тұқымды екі мал зауыты болды, 66 мың халық тұрған. Қазір 16 мыңға жетер-жетпес тұр­ғын аудандағы 7 ауылдық ок­ругтегі 20 елді мекенде тұрып жатыр.

– Соңғы кезде елімізде тран­зит­тік аудандарға көбірек көңіл бөледі. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Үкімет шалғай өңірлерге, соның ішінде шекаралық аудан­дар­ға барынша назар аударуы ке­рек қой. Осы кезге дейін туған же­рінен кетпей, шекаралық ай­мақ­ты жалаңаш тастамай отыр­ған ел бар мұнда, – деген еді Бөкей ордасы аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Қайырғалиева.

Шынында да облыс орта­лы­ғынан 600 шақырымға дейін қашықта жатқан, тасжол түс­пе­ген, көктемгі-күзгі лайсаңда, қысқы боранда қарым-қатынас қиын­дап, жол азабы – көр азабына айналатын өңір тұрғындарының өкпелейтін жөні бар. Бұрын кү­нде­лік­ті азық-түлікті іргеде жат­қан Ресейдің Астрахань, Волгоград қала­ларынан ала қоятын ағайын пан­демия басталып, шекара жа­был­ғалы амалсыз алысқа сабылатын болды. Алыстан тасып әкелген тауардың өзіндік құны да қымбат. Мысалы, қыркүйектің басында Сайхында бір бөлке нан – 210 теңге, АИ 92 бензиннің бір литрі – 210 теңге, дизель отыны 260 теңгеден сатылып жатты.

Енді сөз басында айтылған ма­ман мәселесіне келейік. Қазақ­стан­да ауылдық елді ­ме­кен­дер­ге жас мамандарды тарту үшін қа­былданған «Дипломмен – ауыл­­­ға» атты жақсы бағ­дар­лама бар. Бірақ мұнда шал­ғай ауыл­дар­дың жағдайы еске­ріл­меген. Оралдың іргесіндегі Теректі, Бәй­­терек аудандары мен жердің тү­біндегі Бөкей ордасы бірдей. Жас мамандарға бірдей қаражат бөлінеді.

– Менің ойымша, бұл жерде қаржы коэфициент бойынша берілуі керек еді. Мысалы, қазір біздің ауданда қызмет етіп жүр­ген дәрігерлердің 70 пайызы зей­нет демалысында. Кардиолог – зейнеткер, екі хирургтің біреуі – зейнеткер. Олар кез келген уақыт­та ауырып қалуы, жұмысқа шыға алмай қалуы мүмкін. Аудан­да анестезиолог мүлдем жоқ. Аяқ асты ота жасау керек болса, науқасты не Жәнібекке, не Жаңа­қала ауданына жібереміз. Лай­саң, боран, жаңбыр кезінде өте қиын. Осындай жағдайға жиі тап бо­ламыз, – деп еді Лариса Тель­ман­қызы.

Осы ойды Бөкей ордасы ауда­ны­ның қоғамдық кеңес тө­ра­ғасы Тілеген Арыстанбеков ағамыз өңірге келген Мәжіліс, Сенат депутаттарына да талай айтты.

– Ойлап қараңызшы, Орал қаласының іргесіндегі Шапов ауы­лына бару үшін таксиге 500 теңге төлейсіз, ал Сайхынға жету үшін 6 мың теңге керек. Жолға кететін уақыт пен көретін бейнетің бар. Бірақ «Дипломммен – ауылға» бағдарламасында екеуі де бірдей ауыл саналады. Бұл жерге баратын жас мамандарға бірдей жәрдемақы төленеді. Сондықтан жас маман қалаға жақын, бейнеті аз мекенді таңдайды. Жас маманды шалғайдағы елді мекенге қызықтыру үшін қаражатты қа­шық­­тыққа байланысты пропорционалды бөлу жөнінде талайдан бері айтып келеміз. Бөкей ордасында дәрігерлер де, мұғалімдер де жетіспейді. Сондықтан «Дип­ломмен – ауылға» деген бағ­дар­ламаны жетілдіру керек. Ше­ка­ра­ның өтінде тұрған біз секілді аудандарды дамытудың жолдары қарастырылуы тиіс, – дейді Тілеген Керейұлы.

Шалғай аудан үшін шатақ түйін болып тұрған тағы бір мә­се­ле – аудандағы білім мен ден­саулық сақтау мекемелерінің орталықтандырылып, тікелей облыстық басқармаларға қара­уы. Мәселен, соңғы екі жылда аудандық бюджет қаражаты есе­­бі­нен 12 медициналық пунктке газ жүргізілген. Ол үшін бұл ғи­­ма­раттарды аудан әуелі өз ба­­л­ансына алып, табиғи газ құ­бы­рын орнатқан соң қайтадан денсаулық сақтау басқармасына қай­тарып берген. Өйткені тікелей қаржыландыруға болмайды.

Мектептердің мәселесі де со­лай. Мысалы, биыл Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы мектепті күрделі жөн­деу үшін қаржы бөлінген. Бірақ қаржы қыркүйекте сабақ бас­тал­ғанша түспеген. Өйткені об­лыс­тық білім басқармасы өз балан­сындағы бүкіл мектептің қар­жы­сын үйлестіріп үлгермеген. Нәти­жесінде, жаңа оқу жылында оқу­шылар өз мектебінде, өз сыныбында оқи алмай, білім сапасына зиян келеді.

«Мектептерді орта­лық­тан­дыру, облыстық білім бас­қар­ма­сына беруі дұрыс емес. Бұл жүйе мүмкін қала маңындағы аудандар үшін тиімді шығар. Ал біз секілді шалғай аудандарда мектеп басшылары қандай да бір мәселе болса, маңдай тіреп аудан әкімдігіне, аудан басшыларына келеді. Ал қазіргі жүйе бойынша аудан әкімдігі мектепке көмектесе алмайды. Бұл дұрыс емес. Коммуникация, қашықтық мәселелері ескерілуі керек» дейді Тілеген Арыстанбеков.