Өмір мен өлім арпалысын, адам жанының драмасын, бойындағы қайшылықтарды, қайғысы мен қасіретін тебірене толғағанда Мұқағали – алдына жан салмайтын, ауыздығымен алысқан тұлпар талант. Мұндай сәтте ол арнасына сыймаған өзендей төгіліп-тасып, құдіретті поэзиясы дауыл күнгі дариядай долданып, ақындық мінезі адам түгіл дүлей табиғатпен де жағаласып, құтырып кетеді.
Ей, Табиғат!
Мен саған өкпелімін,
(Жерде мұхит жатқанмен,
көкте күнің).
Бермей-ақ қой күніңнің бетке нұрын,
Қимадың ғой толқынның өктем үнін.
Алысар ем бұлтпенен, жауынменен.
Неге туыс етпейсің дауылменен?
Найзағайдан шашылған жасындарды
Жалғап неге қоймайсың
жанымменен?
Сан жақсылық жеріңе
жасап жүрмін:
Жап-жалаңаш құмыңды
жасандырдым,
Мұзды ерітіп жатқанда лебімменен,
Жалын болып жаныма қашан кірдің?!
Сен маған қаһарланған кезеңдерде,
Аспаныңнан дым тамбай безергенде,
Жердің ерні шөліркеп кезергенде,
Өзендерді жалғадым өзендерге.
Мен саған арамтамақ, масыл емен,
Жаңбыр болып гүліңнің шашын өрем.
Аспаныңды арқама құлатсаң да,
Кеудемменен жеріңді басып өлем.
Ғұмыр бердің, шоп-шолақ,
шара бар ма.
Ей, Табиғат!
Барыңды маған арна!
Неше мың жыл неге мен
жасамаймын,
Мың жыл жасап жүргенде
қара қарға?
Қалай-қалай сөйлейді, мына ақын? Мінез танытып долданып ашуланса, пенде түгіл патшаның екі аяғын бір етікке тығатын Жаратушының жойқын күшіндей табиғат атты құдіретпен дәл осылай асқақ сөйлесуге Мұқағалидың моральдық қақысы бар ма? Біздің ойымызша бар. Ұлы ақынның табиғаттың егізіндей болып жаратылған жырлары осы сөзіміздің дәлелі болуға әбден жарайды.
Мұқағали – поэзиясында дүние құбылысының барлық үні шоғырланған кемел талант. Бойындағы шабыттың қуаты кемерінен асып-тасығанда Табиғатқа да бағынбай кеткенімен, кейде бақытсыздықтан шаршаған күйкі тағдырын тығырыққа тіреп, өмірін қолдан қиындатқан ақын жалғыздықтың зарын тартып, момақан жырлар туғызады. Мұндай сәтте, мейірімге шөлдеп, Аллаға мұңын шаққандай болған мүлде басқа Мұқағалиды көріп, шабыттың сайтаны иектегенде Тәңірін ұмытып, «маған әлі жетпейді Құдайдың да» деп асқақ сөйлеп кететін ақынға кешіріммен қарайсың. Құр кешіріммен ғана қарап қоймай, жыр дарабозының жұрт түсінбеген нәзік жанын ұққандай болып, оны аяп, өзің де оған қосылып егіліп жылайсың.
Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,
Білмеймін, сүйдім бе мен,
сүймедім бе..
Жастыққа жалын атып сүйсем егер,
Түспес ем дәл мынадай күйге мүлде.
Мен нағыз махаббатты
армандаймын,
(Оны мен жоғалтып та
алғандаймын...)
Ақ қаздар арасынан аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын.
Мұқағали поэзиясы қарлығаш-дәуреннің сыңарындай болып жаратылған, біресе күндей жарқырап, біресе бұлттай түнеріп, кейде ормандай тынышталып, кейде найзағайдай күркіреп қоя беретін, бір сөзбен айтқанда, табиғаттың бүкіл құдіретін бойына сыйғызған, жалғыздығыңды дүркін-дүркін есіңе салып тұратын – Жердің мұңлы музыкасы.
Дүркіреп тұрған көктемде де, жаймашуақ жазда да, қоңыр күзде де, даланы ақ ұлпа жапқан қыста да жүрегіміздің бір түкпіріне ұялаған ақын жырларындағы мұңлы музыканың дыбысы бізге еміс-еміс естіліп жатады.
Табиғатты сөйлетіп, тасқа да тіл бітіретін мұңлы сарын ең алғаш рет Мұқағалидың соғыс тақырыбына арнап жазған дастандарынан барлық бояуымен құлпырып көрініп, қайғылы сұлулығы сезімімізді арқандап алды.
«Тылсымы терең туындылар әнге сұранып тұрады», дейді Шығыс шайыры Жаллаледин Руми. Бір қызығы, Мұқағали өлеңдеріне өте көп ән жазылғанына қарамастан, өкінішке қарай, осы жұмбақтың, ақын жырларының неге әнге сұранып тұратынының себебін жан-жақты зерттеген еңбекті біз әлі оқи алмай жүрміз.
Мұқағалидың сұрапыл соғыстың сүреңсіз суретін көз алдыңа елестететін көркем шығармаларымен мектепте оқып жүргенде таныстым. 1982 жылы бір топ жас ақын туындыларын сахналап, әкеммен бірге мен де театрландырылған қойылымды тамашаладым.
Тұңғыш рет Балалар мен жасөспірімдер театрының табалдырығын аттаған қоңыр күздің салқын кеші әлі есімнен кетпейді. Қаламгерлердің көбі ол кезде таяуда ғана дүние салған, мінезі шатақ шайырдың есімін ықыластана айта қоймайтын. Есесіне қарапайым халықтың, ақын пешенесіне жазылған ауыр тағдырдың сырын білуге, жыр жинақтарын оқуға деген құштарлығы күннен-күнге күшейіп бара жатты.
Кәсіби актерлер емес, Мұқағали поэзиясына өлердей ғашық жастардың талаптанып, өз күшімен сахналаған майдан миниатюралары менің балалық көңілімде өшпестей ізін, мәңгі ұмытылмайтындай әсерін қалдырды. Менің ол кезде музыкамен әуестеніп, Батыстың ұлы композиторлары Гендель, Бах, Моцарт, Бетховен, Шопендердің классикалық мұрасын құмарта тыңдап жүрген шағым еді.
Қабағы ашылмай қойған күздің кешінде сыршыл лириктің «Шаруа һәм жауынгер», «Менен сұра», «Аға, мен тірімін», «Дариға-жүрек», «Қанаттарым менің» туындыларын бар өнерін салып сахналаған жігіттер мен қыздардың асқан шеберлікпен орындаған қойылымын қызыға тамашалап, сүйсініп тыңдап, балалық қиялымды көкке алып-ұшқан поэзия құдіретінің алдында басымды идім.
Сезіміңнің есігін сындырып кіріп, жан тыныштығын бұзатын Вагнер симфониясындағыдай долдана ышқынған мазасыз музыка көңілімнің астан-кестеңін шығарып, ақын туындыларының ішкі табиғатынан өмірдің құйын-дауылындай болып құлағыма талып жеткен әуен құдіреті көбелек қиялымды еліктіріп, шыңыраудай терең, түпсіз тұңғиығына тартып барады. Қан майданның қиянатын көріп, қасіретін шегіп, тауқыметін басымнан өткергендей хал кешіп, өзімді ұстай алмай, еріксізден көзімнен жас шығып кетті.
Сәбилік балғын жүрегімді жаулап алған жырларды мен ұлы композиторлардың музыкалық шығармаларындай рақаттанып, жан-тәніммен беріліп, ұйып тыңдадым. Жыр құдіретін адам ақылы жетпейтін кемелдікке жеткізіп, сөзді музыкаға айналдырып жіберген не деген ғаламат поэзия!
Ғажап! Өлеңмен жазылған шығарма емес, әр сөзі музыкалық аспаптардан шыққан ғарыштық әуендей болып төгіліп, жаныңды тебірентіп, толғандырып, аспандай шексіз сезіміңді көкте қалықтатып, өз әлеміне тартып әкететін ғажайып симфония ғой мынау. Симфония!
Білмеймін, өлдің бе сен, өлмедің бе,
Белгісіз, жеңдің бе, сен жеңбедің бе.
Кетіп ең «Көппен көрген
ұлы той» деп,
Уыстап қайратыңды шеңгеліңде.
Білмеймін, сен аттың ба,
жау атты ма?!
Тірідей тықты ма әлде абақтыға?!
Білмеймін, бір қағынғыр соғыс салса,
Шалғайдағы шаруа жауапты ма?!
Жанжал десе, құлағы елеңдеген,
Жауынгерлер сияқты ем сенен де мен.
Сенбеймін, сен адамды ата алмайсың,
Қару алған жауынгер дегенменен.
Аранын ашқан шақта қанды ауыздар,
Қорғанып аттың ба әлде
жалмауыздан?!
Білмеймін, қайтып адам
өлтіре алдың,
Үйіңде көрмеп едің мал бауыздап.
Майдан жылдарындағы тұрмыс-тіршіліктің қатал шындығын көз алдыңа келтіретін театрландырылған қойылымнан әсерленгенім соншалық, жарыққа үйір көбелектей алып-ұшқан балалық қиялым данышпан Толстойдың «Мына әлем жойылып кетсе, менің бір нәрсеге – музыкаға бәрінен қатты жаным ашыр еді», деген сөзінің мәнісін енді ғана түсінгендей болып, сәруар сезімім әлденеге қуанып, әлденеге қамығып, бірде шаттықтан көңілі тасып, енді бірде қасіреттің кермек дәмін татып көргендей күйге енді.
Қойылымның жаныңды тәніңнен суырып алғандай қиналтып, тісіңді жұлғандай ауыртатын аянышты жерлеріне келгенде жанарымнан мөлдір моншақтар үзіліп түсіп, әкемнен ұялып, бетімнен сырғанаған гауһар тамшыларды көйлегімнің жеңімен жалма-жан білдірмей сүртіп қоямын. Сезім шарабына мас болып мәңгіріп, көзімді сахнадан алмай, бір нүктеге қадалып, отырған орнымда ескерткіштей қатып қалдым.
Құлағалы тұрған соң қайран қосың,
Қару болып қолыңда қайлаң-досың.
Қансыратып біреуді жықтың-ау сен,
Құрбандықсыз қан майдан
қайдан болсын.
Өлтіруден басқа еш, дым білмедің,
Кім білсін, кек алып та үлгермедің...
Алғаш рет жауыңды жамсатарда,
Аян маған абыржып ділгіргенің.
Қойылымды көріп отырып байқағаным, Мұқағали шығармаларында мосының үш бұтындай – поэтикалық, драмалық және музыкалық үйлесім бірін-бірі толықтыра түседі екен. Ақын өз туындысының сыртқы қалыбына ғана емес, ішкі сұлулығына да қатты мән берген сияқты. Дастандардан барокко дәуірінде өмірге келген Бах пен Гендельдің музыкалық шығармаларына тән еркін стиль сезіледі. Шығармада автордың позициясынан бөлек, бірнеше көзқарас бар. Ақын өз жүрегінің шындығын оқырманға зорлап таңуға тырыспайды. Көркем туындыдағы бір-бірімен ой жарыстырып жатқан протогонист, антогонист кейіпкерлердің шашылып түскен шындықтары арасынан жаныңа жақынын таңдауды автор оқырманның өз ықтиярына қалдырады. Соғыс қасіретін жеріне жеткізіп сипаттаған бір дауыстан соң естілетін екінші дауыстың шындығы басымырақ түсіп жатады. Ситуация күрделенген сайын адам жанының драмасы шиеленісе түсіп, кейіпкерлердің сөздерінен де, автордың оқиғаны суреттеуінен де тұла бойыңды сиқырлап тастаған қайғылы әуенді құлағың шалғандай, аза бойың қаза болады. Жаратушының жұмбағындай тылсым әуен, лирикалық қаһарманның монологы арқылы сюжеттің өн бойына қан жүгіртіп, оқиғаға жан бітіріп, сезіміңді сүргілеп жатады.
Мүмкін, жауың сол сәтті
пайдаланды,
Аяушылық, парасат жайға қалды.
Сезім билеп, сен аяп тұрған шақта,
Сені аямай, дұшпаның байлап алды.
Адаммен тілдесуге құмар едің,
Мүмкін, сен аңғалдықпен тұра бердің.
Мүмкін, сенің көзіңде қан ойнақтап,
Әйтеуір, қыра бердің, қыра бердің.
Өкінбен сен өмірден өтті ғой деп,
Өкінем жау түбіңе жетті ғой деп.
Өкінем жендеттердің арасында,
Сендей бір шаруалар кетті ғой деп.
Расында да, кез келген өнер шедеврі, мейлі ол майлы бояумен немесе қарындашпен салынған картина, балшықтан иленген мүсін, қаламмен жазылған роман немесе поэма болсын, кемелдіктің асқарына көтерілгенде ғажайып музыкаға айналып сала береді екен-ау! Поэзиядағы мұндай шырқау шыңға жеткен кемелдікті кезінде қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіровтің:
Күйіндей домбыраның құлдырасын,
Суындай Алатаудың сылдырасын,
Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырласын, –
деп сипаттап, өлеңмен өрнектеп кеткенін жұрт жақсы біледі.
Мұқағали қазақ өлеңінің ұйқасын сыңғырлатып, оны ғажайып музыкаға айналдырып жіберген ұлы талант екен-ау. Әсіресе ол музыка көкке көтеріліп, ұшқан құстай болып сезім аспанында мамырлағанда, майданда қаза тапқан қаһармандардың қайсар рухын сезгендей әсерленіп, тұла бойың тітіркеніп кетеді. Кеше күн ұясына батар шақта Моцарттың «Реквиемін» құмарым қанғанша тыңдап, мынандай ғарыштық әуенді қалай жазуға болатынына ақылым жетпей, таңғалғанмын. Енді, міне, тап осындай Құдайға айтылған адамның мінәжатындай болып естілетін қазақ ақынының ұлы дастандарындағы сезім сиқырына басым дуаланып, жіпсіз байланып отырмын. Бірін-бірі байыта, толықтыра, тереңдете, бояуын құлпырта түсетін өнердің ұлылығы осы шығар, сірә.
«Өнер Құдайға ғана қызмет етуі тиіс», дегенді ұлы композитор Бах қалай тауып айтқан десейші. Иә, иә, өнер – Құдайдың қазынасы. Мынандай адамның жан айқайындай болып өзегіңді өксітетін ғажайып жырлар Алланың бар екеніне көзі жеткен, өнерін киесіндей қастерлеген Мұқағалидың ғана жүрегінде туады. Мұқағалидың!
Кетсінші аулақ!
Құрысын пайымдаулар!
Жан емеспін қасқырдан
қойын даулар!
Менің әкем, белгісіз солдат емес,
Бауырлар моласына қойылғандар!
Бауырлар моласына табынамын!
Басқадай ескерткішті нағыламын.
Бастарыңда мәңгілік тұрса болды,
Орақ пенен Балғасы шаруаның.
Адам жанындағы музыка тоқтап қалғанда сұлулық жоғалып, сезім суалып, әлемді қараңғылық басатыны рас-ау, шамасы. Шекспир шайырдың айтатыны бар емес пе:
Тот, у кого нет музыки в душе,
Кого не тронут сладкие созвучья,
Способен на грабеж, измену,
хитрость,
Темны, как ночь, души его движенья,
И чувства все угрюмы, как Эреб...
Тамаша қойылымға тамсанып отырып Мұқағали шығармашылығының Шекспирмен ғана емес, адамға беймәлім жұмбақ тылсымдар арқылы әлемнің ұлы композиторларының музыкалық туындыларымен үндесетінін сезгендеймін. Шексіздікті құшағына сыйғызып жіберетін, кемелдіктің шыңына шырқаған ғаламат ғазалдарды жан жүрегінде музыкасы бар ақындар ғана туғыза алады. Аузымды ашып, селт етпей көрген ұлы дастандар маған Шекспир драмаларындай сөздік, суреткерлік және музыкалық тәсілмен өрілген шығармашылықтың симбиозындай болып көрінді.
Ақын туындыларын шынайы етіп, оқушы жүрегіне жақындатып тұрған ерекшелігі ретінде оның полифониялығын (көп дауыстылық) атар едім. Полифония – ХVІІІ ғасырда дүниеге келген көркемдік ойлаудың жаңа түрі. Ең алғаш рет мұндай құбылыс музыка өнерінде Бах пен Гендельдің туындыларында пайда болды. ХІХ ғасырда полифониялық әдебиетте де байқалып, Тургеневтің туындыларында табиғаты айшықталып, роман жанрын жетілдіре түсті. Әйгілі әдебиет зерттеушісі Михайл Бахтин мұндай ерекшеліктің Достоевский шығармашылығында молынан болғанын айтады.
Табиғаттай тазалығымен, сыршыл сұлулығымен қазақ өлеңін қырғауылдың қанатындай құлпыртып жіберген полифония – Мұқағалидың поэзияға әкелген үлкен жаңалығы, әдебиетіміздің зор табысы.
Ақын соғыстың адамзатты зар илеткізіп, елдің көзінен сорасын ағызған тауқыметін сөзбен суреттеп қана қоймай, оны қарғаған жесірлер мен жетімдердің сан алуан дауысын полифониялықтың құдіретімен табиғи әрі шынайы қалпында тірілтіп, өмірдің өзіндегідей нанымды етіп жеткізеді. Шығарманың кей тұсында Мұқағалидағы полифониялық шарықтап, көзге көрінбейтін жұмбақ кейіпкерлер бір-бірімен айтысып-тартысып қалып та жатады.
Мен соғысты көргемін жоқ,
Көргім де жоқ, көрмедім.
Соғыс ойынын ойнайтынмын,
(балалардың ермегі)
Қару алып,
қан майданда,
Қас жауыма төнбедім,
Көрдім бірақ
жесірлердің, жетімдердің еңіреуін.
Мен соғыста болғамын жоқ,
қатыспадым, бармадым.
Батыр ойынын ойнайтынмын,
(батыр болу арманым).
Білем бірақ,
шымылдықтар түсірілмей қалғанын
Бесік жыры болғандығын
қатындардың зарлары.
Кейіпкер шындығымен келіспеске амал кем. Қан майданды көздерімен көрмесе де, қару асынып соғыс өртінің ортасында жүрмесе де тылда еңбек етіп, күллі зардабын арқасымен сезіп, балалық шағы соғыс жылдарының мұз-қары мен от-жалынында шыңдалған, алпысыншы, жетпісінші жылдары әдебиетке келген ақындардың бәрі де шамамен осындай мағынадағы дүниелер жазды. Шындығында бұл – ақынның өз сөзі ғана емес, балалықтарын соғыс оты шарпып кеткен тұтас бір ұрпақтың жан айқайы. Алайда ақынның өз ішінде де жанын кеміріп бара жатқан, протогонист кейіпкердің айтқанымен келіспейтін антогонистік шындығы бар. Шығармадағы кенеттен жарылған бомбадай болып атылып, аяқ астынан килігіп кетіп, лирикалық қаһарманның ойын аяқтатқызбай тастайтын автор сөзі күтпеген жерден оқушы көңіл күйінің ауанын өзіне қаратып алып қана қоймай, ой ағысының бағытын мүлде басқа жаққа бұрып жібереді. Көпшілікке беймәлім екі кейіпкердің шындығы салыстырылып, ой талқысына салынады.
Жо, жоқ,
жолдас!
Біз соғысты көргеміз!
Аты солдат болмағанмен,
солдаттардан кем бе біз?!
Қызыл аяқ партизандар –
қырдан масақ тергеміз,
Қалтамызды қағып тұрып,
қан майданға бергеміз.
Аштан өлген ауру қартты,
ақпандатып көрге біз,
Тоңды тесіп, әзер-әзер,
Үш-төрт күнде көмгеміз.
Таттық біздер сол соғыстың,
«балы менен шекерін»,
Көрдік біздер,
Махаббаттың құлазыған мекенін,
Сездік біздер,
жеңгеміздің жастығының өтеуін,
Білдік біздер,
әкесіздік,
некесіздік не екенін.
Көрдік қой біз,
өткердік қой,
қилы-қилы кездерді.
Гүліміз де ерте ашылып,
Кәмілеттік тез келді,
Тыңдап біліп,
көмейдегі айтылмаған сөздерді,
Тани білдік құмарлықтың
тұманы бар көздерді.
Міне, бұл енді – ақынның өз дауысы, қынабынан суырылған алдаспан ақиқаты. Бұдан әрі қарай автор жалқыдан жалпыға көшіп, халық атынан сөйлеп, «соғыс», «фашизм» сөздерінің анықтамасын бере кетеді.
Халықтар бар,
алдында тарам-тарам жолдары,
Табиғатты бәрі ортақ, таласпаса болғаны.
Соғыс деген-
бір халық бір халықты зорлауы,
Соғыс деген – фашистер,
ұлтшылдықтың қорғаны.
Соғыс дейтін сөз ескі,
өтті ол енді кезеңнен,
Сөздік қорға фашизм, фашист деген сөз енген.
Фашизм, фашист сөздерден,
құлақтардың безі өлген,
Қарғай жүріп оларды ерніміз де кезерген.
Соғыс-фашист,
екі сөз бір түбірден таралған,
Бірі сыңар қалмауы үшін,
біреуісі жаралған.
Қарға оларды тау мен тас,
қарға оларды қара орман,
Фашизм –ұлы ғасырды уландырған арам қан.
Шығарманың кульминациясында біз қайтадан автордың өз үнін естіп, сұм соғыстың тағдырларды таптап кеткен ащы шындығын көзбен көргендей боламыз.
Фашизмді көргенмін, фашизмді сезем мен,
Мен құрсақта жатқанда маған қару кезенген.
Фашист барда соғыс бар,
ол –ақиқат ежелден,
Фашизм бар, фашист бар,
соғыс деген сөз өлген.
...Мен соғысқа бармадым,
мен соғысты көрмедім,
Бірақ көрдім солдаттың үйіне кеп өлгенін.
Құмарлана құша алмай сағынышын жеңгемнің,
Құлағанын үйге кеп өз көзіммен көргенмін.
Мен соғысқа бармадым,
мен соғыста болмадым,
Жүрді бірақ майданда мен жіберген қолғабым.
Көрдік бірақ құрбы қыз толмай жатып солғанын,
Жібіткенін көргемін әлдекімнің тоңдарын...
Жанап өтті балалық, бала болып өспедім,
Шаруаның ғұмыры, кенедейін кешкенім.
Менен сұра,
Бидайдың егілгенін, өскенін,
Менен сұра,
Еңбектің қысқа таңын, кештерін.
Менен сұра соғыстың тастап кеткен зардабын,
Ауыл қайтып көтерді қан майданның салмағын,
Менен сұра, жас бала қайтіп әйел алғанын,
Менен сұра, жас қыздың қайтіп шалға барғанын.
Әдебиетімізде бұрыннан бар монологтық тәсілмен өрілетін туындылардан бұл дастанның айырмашылығы, ақын диалогтық принципті бірнеше ой ағысының негізінде құрайды. Мұқағалидың кейіпкерлері, психологиялық субьект немесе таза дауыс қана емес, әлемге деген көзқарас. Автор кейіпкері туралы басы артық ештеңе айтпайды, лирикалық қаһарманмен бірге оқиғаны талқылап, онымен сырласып, сұхбаттасып, кейде тіпті, ой жарыстырып кетеді.
Мұқағалидың сұм соғыстың зардабын суреткерлік талантымен оқырман жүрегін селт еткізетіндей шынайылықтың жібімен кестелеген шығармаларының бәрі бірінші жақтан жазылған. Себебі, оның бәрі ақын қиялының жемісі ғана емес, Мұқағалидың бала күнінде көзбен көрген – өмір шындығы. Күні-түні ізденгеніне қарамастан, «Ильич» пен «Маврды» жазғанда бойындағы қабілетін толық таныта алмаған ақынның соғыс тақырыбын жырлағанда шабыттанып кеткенінің себебін тәпіштеп түсіндірудің қажеті шамалы болғанмен, осыған байланысты ойымызды түйіндеп, бір-екі ауыз сөзбен білдіре кеткенді жөн санадым.
Кез-келген шығармашылық адамының өз басынан өткерген оқиғалар мен өзі жақсы білетін тақырыптарға келгенде еркіндіктің лебін сезіп, тынысы кеңейіп, қолтығына қанат біткендей шабыттанып жазатыны бесенеден белгілі. Міне, сондықтан да М. Мақатаевтың өзі куәгері болған соғыс жылдарындағы өмір шындығын суреттеген жырларында көкте самғаған құстың азаттығындай еркіндік бар. Дүниеге іңкәр жүректен табиғи да, таза қалпында төгіліп, қорғасындай құйылып түсіп жатқан түйдек-түйдек ұйқастар құдды ақынның теңіздей толқыған сезімімен, тау суындай тасыған ой ағысымен жарысқа түскендей әсер қалдырады. Соған қарамастан сезімін тежеп, басы артық сөздердің, суреткерлік баяндаулардың, теңеулердің шығармаға кездейсоқ кіріп кетуіне ақын жол бермейді.
Зады Мұқағали көп ізденіп, көп оқып қана қоймай, тірнектеп жинаған білімін бойына сіңіріп, оны өлеңде талғампаздықпен пайдаланған ақын. Ол әдебиетке кеш келіп, өз замандастарынан кейін танылғанымен, тез жетіліп, тез толысты. Тұңғыш кітабы «Ильич» шыға салысымен іле-шала жазылған майдан жырлары Мұқағали поэзиясының ғарыштық жылдамдықпен кемелденіп, биіктеп кеткенінің – дәлелі бола алады.
Соғыс шындығын шынайы етіп суреттеп, кермек дәмін сездірту үшін ақын антитезалық тәсілді шебер пайдаланады. Соның арқасында біз суреттелетін оқиғадан зор әсер алып қана қоймай, бір-бірімен арпалысқан ізгілік пен зұлымдықтың күресіне куә боламыз. Осыған орай, Мұқағалидың майдан жылдарындағы адам мінезінің қалай өзгергенін түрлі қырынан көрсеткен «Аға мен тірімін» туындысына тоқталудың маңызы зор. Бұл бізге поэзиядағы ақын ізденісінің тамырын ұстап көріп, оның жан-жақты болғанын сезіп, шығармашылығындағы шынайылықтың табиғатын зерттеп, құпиясын тереңірек тани түсуімізге көмектеседі. .
Бірінші жақтан баяндалатындықтан, мұндағы өрбитін әңгіме ақынның өз өмірінде болған, басынан кешкен оқиға қалпында сипатталады.
Алпысыншы жылға дейінгі дәстүрлі формадағы дастандардан бұл шығарманың ауыз толтырып айтарлықтай айырмашылығы көп. Көлемінің шағындығына қарамастан Мұқағалидың «Аға мен тірімін» миниатюрасы сөзді мүмкіндігінше сығымдап, ойды мейлінше ықшамдап берген, басы артық сөзге ине сұғарлық кеңістік те қалдырмаған, керексіз теңеулердің бәрін сылып алып тастаған, жаңа үлгіде жазылған – модернистік туынды. ...Содан бері көрмедім, жолаушы аға,
Жолығысып, шіркін-ай, қол алсақ-ау!..
Кезең асып қайырылмай кетіп еді;
Сонау – сен, сонау – атың, сонау – шанаң.
Жадымда,
Соғыс кезі, сойқанды кез,
Қыс еді қытымыр шал, сойқан мінез.
Салдыртып шыға келдің қыр басына,
Қалдырып алдыңдағы қайқаңды лез.
-Мынандай түтеп тұрған борасында,
Ей, бала, өлейін деп барасың ба?!
- Ағатай, ала кеші нағашыма?
Әнеки, аноу таудың арасында.
Сөзіміз осы болды, үндемедің,
Шұбар ат желіп кетті «Шүу!» деп едің.
Қайырымсыз кісіні алғаш көрдім,
Қайырымсыз қазақты білмеп едім.
Деп тұрғам жоқ, сенен мен өш алайын,
(Кездесті ғой қайырымсыз неше ағайын..)
....Шұбар атың аман ба, өлген жоқ па?
Сынған жоқ па сондағы кәшауайың?
Білмегенсің мен кім екенімді,
Жетпесімді ауылға, жетерімді,
Сәлем, аға, көңілдің архивінен
Сен қалдырған бір тозаң көтерілді.
Байқадыңыз ба, автор бұрыннан қолданылып келе жатқан, шығарма табиғатына сіңіп, әбден қалыптасқан өнердегі шарттылықты бұзып, әңгімесін кіріспеден емес, ең қызықты, тартысты жерінен бастап кетіп, біраздан соң ғана өткен шаққа оралып, оқиғаны рет-ретімен суреткерлік шеберлікпен баяндауға көшеді. Көркем прозамызда оқушы ықыласын бірден еліктіріп әкететін мұндай тың тәсілмен жазу шеберлігі ең алғаш Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегінен» байқалып, алпысыншы жылдардан кейін бұл әдістің Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында, ал, поэзияда Мұқағали Мақатавтың майдан миниатюраларында одан әрі дамытыла түскенін көреміз.
Сен кеттің,
Мен тағы да жаяулайын,
Жүгірейін, желейін, аяңдайын.
Сәл сабыр ет, ағасы, ретіменен,
Аспай-саспай, ақырын баяндайын.
Аштық дейтін албасты-наланы артқан,
Бала едім қорек іздеп бара жатқан.
Адамның баласы деп қарайлап ем,
Қараңдап көрінген соң қараң арттан.
«Аға, мен тірімін» реалистік, модернистік қана емес, сонымен бірге символистік та туынды. Әлем әдебиетіндегі үш ұлы – реалистік, модернистік, символистік ағыстың ойды тартымды етіп жеткізудегі озық үлгілерін еншілеген шығармада екі түрлі символистік кейіпкер бар. Нағашысын іздеп бара жатқан баланы шанасына отырғызбай далада тастап кеткен жолаушы –зұлымдықтың, боранда адасқан бейбаққа туған баласындай жаны ашып, етін, сорпасын беріп, қолғанат қып қойын да бақтырмай, тоң аудартып, кетпен де шаптырмай асты-үстіне түсіп күтіп, ауылына әкеп тастаған қария – ізгіліктің символы.
Әлемді зар еңіретіп, қара көзінен қан ағызған соғыс, қасірет шеккізіп қана қоймай, пенде баласының адамгершілігімен бірге зұлымдығын да, мейірімділігімен бірге қатыгездігін де тексеріп, тағдырдың сынынан өткізді. Күн сайын мыңдаған адамдар жақынынан айырылып, жесірлер мен жетімдердің жоқтауынан дала күңіреніп, тау күрсініп кетті. Алайда, миллиондаған жүректерді жаралап, тіршілігін таптап кеткен соғыстың ауыр қайғысы да ешкімге де қайыры жоқ оңбағандарды өзгерте алмайды. Арамдықпен ауызданған адамдар еш өзгермей, зұлым қалпында қалып қояды екен. Әйтпесе, аштықтан жаны қысылып, ақ түтек боранда нағашысын іздеп адасқан баланы шанасына отырғыза салып, жол-жөнекей кездескен ауылдың жанына тастап кете салудың қандай қиындығы бар?
«Аға мен тірімінді» оқи отырып, ішкі түйсігіммен майдан миниатюраларын жазу барысында ақын ақыл-парасатының қайта-қайта Шекспирге қарайлап, түйсігі ілген жаңалықтарды ұлт әдебиетіне әкелуден жатсынбағанын байқағандаймын. Зады, ағылшын ақынының өнердегі ізденістерінің Мұқағалиға әсер етіп, шабытына қанат бітіруі менің ойымша соншалықты таң қаларлық нәрсе емес.
Іздемпаздық менің де бар өнерім,
Будан жасап бидай мен тары егемін.
Қазан-миым бәрін де қайнатады.
Дара қойып қазақтың қара өлеңін, – деген сөздер ақын ізденісінің жан-жақты болғанын дәлелдеп, жаһанның жауһар туындыларын ана тілімізде сөйлетіп қана қоймай, озық үлгісінен өнеге алып, оны шығармашылық ізденісінің арқауына айналдырғанын көрсетіп тұрғандай.
Мұқағали әлемге әйгілі ағылшын драматургінің сонеттерін ана тілімізде сөйлетті. Өнерінің құдіретіне адамзатты табындырған Шекспирдің халқына мұра етіп қалдырған трагедияларының сыртында 154 сонеті бар.
Сонет жазу үлгісі XIII ғасырда Италияда пайда болып, жылдар өткен сайын өрісі ұлғая берді. Франческо Петрарка оның формасын дамытып, сонет жазудың теңдессіз шебері болды. Петрарканың арқасында сонет адам көңіл-күйін әсерлі етіп суреттеудің құралына айналды.
1370 жылы корольдің дипломатиялық тапсырмасымен Еуропа елдеріне сапар шеккен ағылшындардың атақты ақыны Джефри Чосер Италияда болғанда Петраркамен танысып, оның сонеттерін ағылшын тіліне мөлдіретіп аударады. Таңғажайып өнер туындысы өлеңсүйер қауымға қатты әсер етіп, Англияда да Петраркаға еліктеп сонет шығаратын ақындардың үркердей шоғыры дүниеге келді.
Шекспир сонет жазуды түрлендіріп, кемелдікке жеткізді. Ойының сұлулығы, философиялық тереңдігі, оқырман сезімін иектеп әкететін шынайлығы жағынан сонеттер ағылшын ақынының өлеңмен жазылған трагедияларынан кем түспейді. Шекспирдің лирикалық сонеттері бірін-бірі толықтырып, кіндігі байланып тұрған, арқауы үзілмеген – біртұтас әлем.
«Лирикалық өлең немесе сонет шығарумен айналысқан сол заманның әр ақыны сюжеттің жаңалығымен жұртты таң қалдыра алмайтынын жақсы түсінді. Тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар-тын; бәріне де белгілі жәйттар мүлде басқаша қабылдануы үшін жаңа көркемдік тәсілдер, жаңа образдар мен салыстырулар табу керек болды. Қайта Өрлеу дәуірі ақындарының бәрі, оның ішінде Шекспир де осыған ұмтылды», – дейді шекспиртанушы ғалымдардың бірі А.Аникст.
Жаңа форма, бұрын-соңды қолданылмаған әдістер, тосын теңеулер арқылы оқырман көңілін елең еткізгісі келген Мұқағали поэзиясының ерекшелігін көргенде Шекспир сонеттері менің есіме түседі. Мәселен, «Шаруа һәм жауынгер», «Менен сұра», «Аға мен тірімін», «Дариға-жүрек» пен «Қанаттарым менің» туындыларының әр қайсысы жеке тақырыпты көтерген миниатюралар сияқты болып көрінгенімен, шын мәнісінде олардың бәрі Шекспир сонеттеріндей, сәулетті сарайдың әдемі кірпішіндей болып қаланған, бірінің бояуын екіншісі түрлендіріп тұрған біртұтас дүниелер.
Бір ақынның қолынан шыққан әдеби мұра болғанымен Шекспирдің трагедиялары мен сонеттерінде айырмашылық көп. Драмалық шығармаларында өзі жайында тіс жармайтын, сырын шашпайтын ол лирикалық сонеттерінде сезім тасқынын тоқтата алмай, көңіл-күйі, қуанышы мен ренішін жасырмай айтып, арнасына симай төгіліп-тасып қоя береді. Жүрегінің түбіне кір жасырмай, ағынан ақтарылып салатын Шекспир сонеттеріндегі шынайылық Мұқағалидың ақындық өнеріне мінез болып жабысты.
Мұқағали да өз туындыларында суреткерлік баяндаудан гөрі жүрек қамалын бұзып шығып, табиғи қалпында ақтарыла жөнелетін ой ағысына қатты мән береді. Ол үшін оқиғаның қалай басталып, қалай аяқталатынын сипаттап, кейіпкерлердің кім екенін тәпіштеп түсіндіргеннен гөрі өмірдің қатал шындығын, тіршілік үшін күрестегі адам жанының драмасын жан-жақты ашып көрсету – әлдеқайда маңыздырақ. Бейкүнә баланы шанасына отырғызбай, айдалада ажал боранымен арпаласуға тастап кеткен протогонист бейне шығарма басында бір жалт етіп көрініп, жоқ болғанымен, әңгіме аяқталғанша лирикалық қаһарманның ой ағысы арқылы оның жексұрын келбеті біздің көз алдымыздан кетпей, көлбеңдеп тұрып алады.
Баратқан ем таппақ боп несібемді,
«Ағат айтсам, ашумен кешір енді..)
Сен маған қайырылмай кеткеніңде,
Есіңде ме, ағасы бесін еді.
Екі көзім, шұбар ат, сенде менің,
Өкпем кеуіп, артынан терлегемін.
Әуре етейін деген бір әзілі деп,
Өзімді-өзім жұбатып, сенбегемін.
Ақыры ғайып болды, тарлан шұбар,
Тарлан шұбар – сендегі ардан шұбар.
Жарты қасық қазақтық қаның болса,
Құлағыңда дауысым қалған шығар.
Зұлымдығына куә болып қана қоймай, кейіпкердің көңіл дүрбісі арқылы біз оның баланы ажал аузына тастап кеткен опасыздығынан кейінгі бүкіл іс-әрекетін де бақылап, көріп отырамыз.
Сол кеткеннен мол кеттің, қарамадың,
Күн батты, қырға қарап жағаладым,
Жүріп келем қадалып жүрегіме,
Шұбар аттың емшекті тағалары.
Батырсып, қайрат жиып, жортқан болам,
-Қайт! – дейді қарсы алдымнан соққан боран.
Сонда, аға, сен қай жерде бара жаттың?
Шұбардың тұяғынан оқтар борап,
Мен адастым таудың бір аңғарында,
Байыппенен бағдарлай алмадым да.
Еміс-еміс естимін иттің даусын,
Ендігі сол – үмітім, арманым да.
Болды ма аяз, білмеймін болмады ма,
Көңіл бөлген мен жоқпын ол жағына.
(Сен сонда шай ішіп те үлгердің-ау,
Болайын сенің қазақ болғаныңа...)
Қарамай қажығаным, тоңғаныма,
Иттің даусы қай жақтан шықты екен деп.
Тың тыңдап, терім қатып, сорладым-ау.
Иттің де даусы тынды қырсыққанда,
Өлген бе бұ дүние тұншыққан ба?
Кешір, аға, мен сені аяғам жоқ,
Омбы қарға бір түсіп, бір шыққанда.
Мұқағали соғыс қасіретін ең көп жырлаған ақын. Оның бұл тақырыпқа қайта-қайта түрен салып қазығын тапқан аттай орала беруіне таң қалуға болмайды. Белі бекіп, бұғанасы қатпай жатып соғыс салған жараны жанымен сезініп өскен сәбилік санада сол бір көңілсіз күндер картинасы мәңгілікке сақталып, жеңіс күнін жақындатуға асыққан бала жүрегінде шемен болып қатып қалды.
Бәрі де майдан үшін!
Осы ұранды,
Медет қып бүкіл қауым жосыған-ды.
Шабындықтар айырылып, шалғышыдан,
Диқандардың еркексіз қосы қалды.
Кетіп жатыр біреудің бауырласы,
Біреудің бас иесі, ауылдасы.
Қаңырап, мелшиіп тек қарап тұрды,
Бітпеген мектептердің қабырғасы.
Жоқ болды жаңа мектеп енді бізге,
Бітпей қалды (қырсықты көрдіңіз бе?!)
Сонда барып ойнаймыз соғыс ойнын
Сәбиміз, дәнеңе жоқ көңілімізде.
Атысамыз, Чапай боп шабысамыз,
«Біз» болып, «неміс» болып алысамыз.
Діңкеміз құрығанда үйге келіп,
Дертімен шешейлердің табысамыз.
Осылай енген біздің өмірімізге,
Баяғы болып өткен соғыс-аңыз.
«Болашақ ақын соғыстың тікелей өзін көрмегенімен, қан сасығын суық сөздің ызғарына әбден қарылды. Сондықтан да жетімдер мен жесірлердің зарын бесік жырындай тыңдауына тура келді; жалғызынан айырылып, қанатынан қайырылған қарттарды қабырғасы сөгіле қабылдауға мәжбүр болды; қарны тойып ас ішпей, ойын баласының балдәурен қызығына қапысыз түспей; риясыз қуанып, кіршіксіз күлмей, бәсірелі тайына да мінбей; өзі өгіз орнына қамыт киген жасөспірімнің жадында соғыстың сүреңсіз сүреті жаңғыра бермей, қайтсін?!», – дейді ақын мұрасын зерттеп үлкен кітап жазған ғалым Қадыр Әлімқұлов.
Күні бүгінге дейін ақын творчествосының сан қырлы табиғатын өз тұрғысынан талдаған еңбектердің ішінен Қадыр Әлімқұловтың «Мәңгілік мұрасы» маған ұнады. Жиырма баспа табақтан асатын көлемді еңбектің болашақ мұқағалитанушыларға бағыт көрсететін, ой жұмысының жемісті болуына жол сілтейтін кітап екенін әңгіменің орайы келіп тұрғанда айта кеткенді жөн санадым. Кітап авторының дәл байқағанындай соғыс тақырыбын тағдырлары сұрапыл жылдардың сын-тезінен өткендердің бәрі жазғанымен, Мұқағали ақын ашқұрсақ та қамкөңіл; еңсесі езіліп, сіңірі созылған; жаны жүдеу, иіні жыртық жетімдік пен жесірлікті өз өрнегімен, дара дарынымен жеріне жеткізе жазған санаулылардың санатында.
Поэманың жүгін көтеріп тұрған «Шаруа һәм жауынгер», «Менен сұра», «Аға мен тірімін», «Дариға-жүрек», «Қанаттарым менің» туындыларын айтпағанда, ақынның соғыс тақырыбына арнап жазған өлең-мұрасының өзі бір кітапқа жүк болады. Қазақ поэзиясында соғыс жылдарындағы аналардың, кеше ғана жар құшып, қауызын ашпай жатып көктей солған әпкелердің, мейірімге шөлдеген жеңгелердің ауыр тағдырын дәл Мұқағалидай бір өлеңнің қауызына сиғызып жіберген ақынды өз басым білмеймін.
Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.
Жігіттерден айрылып, қалмай қараң,
Қырман басып, егін caп арба айдаған.
Шалбарланып көйлегін,
Шарт буынып,
Шаруаның қостарын тартты буып.
Қауіп төнсе,
Қызғаншақ жолбарыстай,
Атылатын жауына жалт бұрылып.
Ұйықтамайтын,
Тек қана көз ілетін,
Көзін ілсе ерімен кезігетін.
Әйелдігін ұмытып күні бойы,
Түнде ғана,
Жатарда сезінетін.
Тұрмысқа шығып, бала сүйіп, жар төсегінің ыстығы суи бастаған әйелдермен салыстырғанда махабаттың ләззатын әлі толық татып та үлгермеген келіншектердің маңдайының соры әлдеқайда қалың болды емес пе? Мұқағали жауқазын гүлдің тозаңын көру бақыты пешенелеріне жазылмаған соғыс балаларының шерменде күйінішін айшығын анық, бояуын қанық етіп қалай дәл жеткізген десейші.
Қайран біздің жеңгейлер!
Өскен өрен,
Егін орып, бау байлап, дестелеген.
Алақандай ақ шытқа мұңын шағып,
Хат жазатын кешкісін кестеменен.
Қарайып кешегі аппақ маңдайлары,
Аңызақта қаңситын таңдайлары.
Көздерінде тұратын Күндерімнің
Көктегені даланың, сарғайғаны.
Қайран біздің өмірдің балқаймағы!
Немесе!
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қайғыға мойымаушы ең.
Қайдан келген?!
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,
Баяғы жастығыңды майданда өлген?..
Кез-келген адам үшін баласының артында қалғаннан зор уайым, артық қасірет жоқ. Мұқағалидың ғарыш жақтың мұңлы музыкасындай болып естілетін майдан жырларын оқығанда, жесір қалған келінін, жетім қалған немересін, майданда қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен құлынын жоқтап қамығып, жүрегі қарс айырылған әжелердің қайғысы қандай болды екен деген бір ойдың сана түкпірінен оянатыны бар. Хантәңірінің мұзбалағы ол сезімді де табиғи қалпында сіздің жүрегіңізге мөлдіретіп жеткізеді.
Қырық түтін шығады қырық тамнан,
Қырық торғай ұшады шыбық талдан.
Қырық әже күзетіп отырады,
Қырық ұлдың орынын суып қалған.
Қазақ ақындарының соғыс тақырыбына арнап жазған туындыларын тілге тиек еткенде Мұқағалидың дастандарына тоқталмай кете алмаймыз. Оларды оқи отырып елік көңілі ұлыларға қарап елеңдеп жүрген Мұқағалидың өнерге берген сертінің адалдығы, табандылығы мен төзімділінің арқасында Шекспирлер бағындырған әлем әдебиетінің биігіне көтерілгенін мойындамасқа амалың қалмайды.
Амангелді Кеңшілікұлы