Әлемдік классиканың алтын қорынан ойып орын белгілеген ағылшын драматургі У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы қазақы табиғатпен етене үндесетін бірегей туындылардың санатында. Ұлттық сахнада ең алғаш 1943 жылдың 16 қазанында Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр өнері институтының тәжірибелі мұғалімдері О.Пыжова мен Б.Бибиковтың қолтаңбасында көрермен назарына ұсынылған комедия жақында Астана қаласы Жастар театры төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай сахналауымен заманауи үлгі, жаңашыл лепте үн қатты.
Драматургия дүлдүлі Қалтай Мұхамеджановтың сөзімен айтсақ, Шекспир шығармасын сахнаға қою – әрбір өнер иесінің бұғанасы бекіп есеюіндегі ұлы емтихан. Ал Жастар театрының осы сынаққа батылдықпен келіп, классикалық комедияның пернесін дөп басуы үлкен жетістік дер едік. «Асауға – тұсау» – асау қызды ауыздықтау емес, кіршіксіз махаббаты шынайы түсінуден тұратын ерлі-зайыптылар арасындағы адал достықты жыр етеді. Озық ойлы, өр мінезді Петручио мен өткір де асау Катарина айналасынан өрбитін қызу тартыс, ұтымды әзілге құрылған пьеса желісі, сан алуан кейіпкерлер характері езуге күлкі үйірмей жібермейді. Қыз бен жігіт айтысындай ұтқыр өрбитін диалогтардың да комедия динамикасын дамытуда үлесі зор.
Қойылымның әуелгі ерекшелігі – сахналау жұмысына қоюшы-режиссерден бөлек, Бекболат Құрманғожаев пен Дәурен Серғазиннің де қолтаңбасы кіріктірілгені. Үш бірдей режиссердің жұмыла жасасқан жұмысы Жастар театры сахнасына астарлы әзіл мен көтеріңкі көңіл күйдің атмосферасын алып келді. Режиссерлік ұтқыр шешімдер, музыка мен би үндестігі, декорация жанр ерекшелігіне сай ұтымды ұйымдастырылған. Қоюшы-суретші Ерлан Тұяқов бейнелеген сахна суретінен анау айтқандай классикалық картина мен бай реквизитті көзіңіз шалмауы мүмкін. Есесіне мұнда кеңістік бар, тірі сахна бар, қажырлы еңбек бар. Әрбір актердің дем алысы мен жүрек лүпілі біте қайнасып, біртұтас дүниеге айналып кеткенін шымылдық ашылғаннан-ақ айқын сезінесіз. Сөйтіп, Люченцио (Дәурен Серғазин) мен Транио (Ербол Тілеукенов) сүйреп шығар дөңгелектей замана керуенімен бірге спектакль тізбегі де дөңгеленіп жүре береді. Сол көшке ілесіп комедия ішіне қалай еніп кеткеніңізді тіпті, аңғармай да қаласыз.
Әне, сахнаға қамшысын оңды-солды сілтеп, адуынымен, тентектігімен талайды тайсалдырып асау да ерке Катарина шықты. Рөл жауапкершілігі театрдың талантты актрисасы Айнұр Рахиповаға жүктеліпті. Кезінде аталған бейнені бүтін образ биігіне көтерген Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкеева жолын жалғаған Айнұрдың кейіпкер болмысын барынша бойына сіңіруге тырысқаны көрініп тұр. Тіпті, асыра тырысуы өткір де өжет бейнені шектен тыс ызақор, долы етіп жібергенін ескертуге тиіспіз. Шекспир суреттеген, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің тәржімесінде бізге жеткен Катарина қандай еді? Пьеса желісі әу баста актрисаға тұрпайы, тілге өткір, бірбеткей болуын міндеттейді. Алайда, ол кейіпкер Катаринаның табиғи болмысы емес еді. Бұл мінез оның өзі өмір сүрген надан да екіжүзді ортаға, маңын торуылдаған тоғышар топқа көрсеткен іштей қарсылығы болатын. Бойжеткен бойында асаулық та, тентектік те, еркелік те бар. Оны көптен ерекшелейтін катариналық қасиеті – жан, рух еркіндігі. Күйкі, бишаралық өмір оған жат. Айнұр кейіптеген Катаринадан, міне, біз осыны сезіне алмадық. Актриса асау болудың жөні осы екен деп, долылық пен ышқына шыққан айғайдың, әсіре қызыл ашудың адуына тұсалып қалғанын сірә аңғармаған да болар. Петручиодай озық ойлы азаматтың жүрегіне от салған арудың еркелігі, асаулықтың астарында жасырынып жатқан ақылдылығының ұшқыны қайда? Бас кейіпкермен кездесіп, араларында қыз бен жігіттің айтысындай ұтқыр да қызықты өрбитін диалогтары барысында Катаринаның әу бастағы адуын, асаулығы бірте-бірте назды еркелікке қарай ауыса түсуі керек еді. Өкінішке қарай, Айнұр ойынынан ондай кейіпкер көңіл күйімен бірге дамып, өзгеріп отыратын мінез-құлықты, динамиканы ұшырата алмадық. Комедияның түйіні – әйелдің күші әлсіздігінде екендігін әйгілейтін Катарина монологының да дәл пьесаны оқығандай таңдай қақтыра алмағанын ескерту парызымыз.
Ал Петручионың орны бөлек. Шәкен Айманов салған тұңғыш сүрлеуді кейін Ыдырыс Ноғайбаев жалғаса, бүгінгі қойылымда эстафета дарынды актер Әділ Ахметовке тиіпті. Фактура, қимыл-әрекет, сыр-сымбат жағынан кейіпкер болмысын тап басып таныған режиссер таңдауы дөп түскен. Өзіне жүктелген жауапкершілікті актердің де жіті сезінгендігі сөз саптасы мен сахнадағы жүріс-тұрысынан айқын аңғарылады. Сөзі анық, әрекеті нық. Кейіпкерін барынша жанды етіп шығаруға тырысқан. Солай бола тұрса да, Әділ ойынына сәл зиялылық жетіспейтіндей көрінді. Петручионың да тоғышар топтың ортасында киіп алар бетпердесі бар. Бірақ ол бетперденің озық ойлы, алғыр азамат Петручио парасатын, өре биігін, оңаша қалғанда ой қорытар таным көкжиегін көлегейлеуге хақысы жоқ. Осыны актер толыққанды түсінгені абзал. Асауға тұсау саламын деп біртоға дөрекілікке кетіп қалу бас кейіпкер табиғатына апарар жолда жаңылыстырады. Сондықтан да асауды тұсар азамат кейпінде жүрген актер мінезінде адуындылықтан бөлек, серіктесінің мысын басар ақыл-парасат, ішкі тереңдік, тіпті, серіліктің ұшқыны да сезіліп жатса, ризашылық сезіміз еселене түсер еді. Әйтпесе, Әділ Ахметов нұсқалаған Петручиомен сахнада жолыққанымызда, кей тұста Т.Миннуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуі» қойылымындағы мақтаншақ жігіт Смағұлды көріп отырғандай әсер бергенін жасырмаймыз. Ал Петручио мен Смағұл бейнесі арасының жер мен көктей екендігін ескерсек, актерге қай тұрғыдан іздену қажеттілігі өз-өзінен анық аңғарылып тұр ғой деп ойлаймыз.
Қойылымда эпизодтық рөл болса да назарыңды аудармай қоймайтын Грумио (Жандәулет Батай), Люченцио (Дәурен Серғазин), Гортензио (Нұрлыбек Төлеген) бейнелері өзіндік бояу-бедерімен есте қалды. Гремио (Бейбіт Құсанбаев) мен Баптистаның (Азамат Есқұлов) бұдан да жарқын ойын үлгісін көрсетуге мүмкіндігі толық жететініне сенеміз. Кейіпкерлерін әлі де біраз екшей, мінез-табиғатына сай көп шалдан ерекшелей түссе, ақсақалдар бейнесі жандана түсер еді. Ал Бьянка рөлінде көрінген Ғазиза Мұқанға жасанды дауыстан арылып, табиғи, шынайы ойынға көшу үшін біршама ізденістің қажет екендігі байқалады. Ал керісінше бір спектакль бойында бірнеше рөлді бірдей игеріп жүрген Дәурен Серғазиннің шапшаңдығы, комедия жанры әртісіне тән тапқырлықтары мен ұтқыр шешімдері езуге күлкімен қатар, көңілге құрмет те орнықтырды.
Театр – ұжымдық өнер десек, бүгін ұжымның сол ұйымшыл жұмысына куә болдық. Қысқа жіптің күрмеуге келмегеніне қарамастан, «Асауға тұсаудай» классикалық туындыларға үлкен батылдықпен келіп және оны абыроймен алып шығуға деген ұмтылысы труппа еңбегіне бас игізді. Алдағы уақытта жас театрға көрсетілер қолдау мен қамқорлық еселенер болса, Астана қаласы Жастар театрының бағындырар белесінің бұдан да еңселірек, бұдан да мол болмағына сенеміз. Жас ұжымның оған мүмкіндігі де, қажыр-қайраты да әбден жетеді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
журналист.