Аймақтар • 11 Қазан, 2021

Каспий жағалауындағы өртті сөндіруге тікұшақпен 63 тонна су төгілді

547 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында Каспий жағалауындағы қамыс өрті толық сөнген жоқ. Жалынды сөндіруге тікұшақпен 63 тонна су төгілді, деп жазады Egemen.kz.

Каспий жағалауындағы өртті сөндіруге тікұшақпен 63 тонна су төгілді

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 11 қазанда жергілікті уақытпен сағат 12:00-ге дейін теңіз жағалауының 550 гектар аумағында қамыс өртенген. Қазір екі фронтальды жану ошағы анықталып отыр.  

«Оның бірі Исатай мен Құрманғазы ауданының шекарасындағы Мақаш ауылдық округінің, ал, екіншісі Теңіз ауылдық округінің аумағында орналасқан. Өртенген аумақ 550 гектарды құрайды. Бүгінге дейін 420 гектар аумақтың өрті сөндірілді. Оның ішінде су ағызу құрылғысының көмегімен 35 гектарда, жеке құрамның күшімен 197 гектарда жанған жалын жойылды. Ал, 188 гектардың өрті өздігінен сөнді» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Теңіз жағалауында тұтанған жалынды сөндіру үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағының су шашу құрылғысымен 21 рет су төгілген.  Жалынды сөндіру үшін төгілген судың мөлшері 63 тонна.

Дәл қазір қамыс өртін сөндіру үшін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан  34 адам, 5 техника, 4 мотосорғыш, 1 генератор, 40 жең, 1 үрлемелі шатыр, О.Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжінен 1 адам, 1 John Deere-6135b тракторы, сондай-ақ, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 5 қызметкері мен «МИ-871»  тікұшағы тартылған.