Жиын барысында облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімдерін мектептерге беру туралы ұсыныс жасады.
– Өскелең ұрпақ ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімдерін қадірлеп, олардың асыл мұрасын бойына сіңіріп өсуге тиіс. Мектеп – жастарға сапалы білім беретін алтын ұя ғана емес, сонымен қатар баланың бойында елшілдік рухты, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыратын тәлім-тәрбиенің алтын бесігі, – деді басқарма басшысы.
Депутаттар баяндамашының ұсынысын бірауыздан қолдап, бекітті.
Сонымен, мәслихат сессиясында Абай Құнанбайұлының есімін облыстағы 4 білім ордасына, атап айтқанда Қостанайдағы №27 мектепке, Жітіқарадағы №3 мектеп-лицейге, Рудныйдағы №18 және Лисаков қаласындағы №3 мектепке беру туралы шешім қабылданды.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімін Қостанай қаласындағы №29 мектеп, Арқалықтағы «Родина» орта мектебі және Қашар кентіндегі №2 мектеп иеленбек. Ал Рудный қаласындағы №19 мектепке Ахмет Байтұрсынұлының, осы қаладағы №15 мектепке Міржақып Дулатұлының есімі берілетін болады. Сондай-ақ таяуда ғана Қарасу ауданында ашылған қазақ орта мектебіне Ыбырай Алтынсариннің есімі берілмек.