Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров шаһарда жедел жәрдемнің ауруханаға жатқызу рөлі өзгеретінін, дерттің ауырлығы мен эпидемия қарқынына байланысты инфекциялық стационарлардың жұмысы үш эшелонға бөлінетінін жеткізді.
«Алматыда БСМК жұмысы қайта жасақталды, онда 364 мобильді бригада құрылып, учаскелік дәрігерлердің әлеуеті күшейтілді, емханаларға қосымша 70 машина берілді. Былтыр құрылған Телемедицина орталығы арқылы пациенттерді үйде емдеуге бақылау жасалды», деді Е.Бабақұмаров.
Алматыда өлім-жітіммен күресу үшін қаланың штаттан тыс бас реаниматологы бастаған бірыңғай реанимациялық топ жұмыс істейді және ол қаланың барлық реанимацияларының жұмысына жетекшілік етеді. Бұдан өзге, қалада тәуліктік қуаты 16 мың зерттеуге дейінгі 28 ПТР-зертхананың орталықтандырылған желісі (және 27 мыңға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар), 14 ИФТ-зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ Алматыда 28 КТ-орталықтан тұратын жалпықалалық желі құрылды. Сондай-ақ қаржы дәрілік заттар мен ЖҚҚ резервін құруға, жаппай вакциналауды ұйымдастыруға тартылатын мамандардың еңбекақысын төлеуге, медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге, Анестезиология және реаниматология орталығының жұмыс істеуіне бағытталған.
Алматыда КВИ-дің тәуліктік өсімі 25 тамыздан бастап 1,16-дан 0,2%-ға дейін төмендеді. Жалпы, індет жұқтыру шамамен 74%-ға төмендеді. Жыл басынан бері қалада 152 мыңнан астам адам індет жұқтырса, 19 шілде мен 6 қазанға дейін 85 мың жағдай тіркелген.
«2020 жылдың жазында және 2021 жылдың басында «Ухань» штамы ушықтырған екі толқыннан өттік. 2021 жылдың көктемінде – «Альфа» штамынан өттік. Биыл 19 шілдеде «Дельта» штамының салдарынан індеттің ең ауыр толқыны басталды. Бүгінде бұл жағдайдан да шықтық», дейді Е.Бабақұмаров.
Егер 29 шілде мен 25 тамыз аралығында Алматы тәулігіне 1500-1600 адамның індетке шалдыққаны анықталса, 26 тамыздан бері эпидемиялық ахуалдың беті бері қарады. Салыстырмалы талдау көрсеткендей, бірінші толқын кезінде Алматыда тәулігіне жұқтырғандар саны 250 болса, екінші және үшінші толқында шамамен 400-700 аралығында тербеліп, «Дельта» штамын да тәулігіне жұқтырғандар саны 1600, тіпті одан да көп болды. «Дельтаның» шарықтау шегінде жедел жәрдемге жүгіну екі есеге, яғни 4 мыңға дейін өсті, оның 45%-ы КВИ және ковидті этиологияның пневмониясымен байланысты болды.
Пандемияның төртінші толқыны стационарларға жатуға мәжбүр болған науқастар санын 5 есеге дейін көбейтті. Егер бірінші толқында ауруханаға жатқызу тәулігіне 250 адамға дейін, екінші және үшінші толқын кезінде – 400-450-ге дейін болса, төртінші толқын кезінде ауруханаға жатқызу деңгейі екі есе жоғары болды және тәулігіне 800 пациентке жетті.
«Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі мұндай салмаққа төтеп берді, дәрі-дәрмектер мен ЖҚҚ қоры жеткілікті қамтамасыз етіліп, іркілістер болған жоқ», дейді қала әкімінің орынбасары.
Алматыда індеттің төртінші шарықтау шегіне жеткенде 10 мыңға жуық инфекциялық төсектік орын дайындалса, оның 9 мыңға жуығы толды, «Дельта» толқынының шарықтау шегінде оның жүктемесі 70%-ға дейін болды. Бүгінде инфекциялық стационарларда 3 179 төсектік орын бар, оның 41% пайызы бос емес.
«КВИ-дің шарықтау шегінде реанимациялық төсектік орындарды 730-ға дейін арттырдық. Осы кезеңде оның жүктемесі 70%-ға жетті. Инфекциялық стационарлардың жансақтау бөлімшелеріне тамыз айында 2030 пациент түсті. Алматының реанимациялық бөлімшелеріне басқа қалалардан түскен пациенттер саны 33% болды», дейді Е.Бабақұмаров.
«Қазір біз ахуалдың тұрақталғанын көріп отырмыз. Қыркүйек айында реанимациялық науқастар арасындағы өлім-жітім тамызға қарағанда 18%-ға төмендеді. Бірақ ауыр науқастардың саны кемімей жатыр. Бұл пациенттердің РИТБ-де ұзақ – 1 айдан астам болуына байланысты», деді Е.Бабақұмаров.
Дерттің шарықтау шегінде үй стационарында 15 мыңға жуық адам болды, бүгінде олардың саны – 3 500.
«Пандемияға қарамастан, 9 қалалық және 39 жеке стационарды, сондай-ақ 13 республикалық ұйымды пайдалана отырып, тұрғындарға толық көлемде жоспарлы көмек көрсетуге тырыстық. Қазір көпсалалы клиникалар бұрынғы жұмыс режіміне қайта оралды», дейді қала әкімінің орынбасары.